Осыдан 30 жыл бұрын, 1989 жылдың 9 қарашасында ондаған жылдар бойы бір халықтың, туыстардың, жақындардың байланысын үзген, саяси шиеленіс нәтижесінде мемлекеттік шекараға айналған Берлин қабырғасы құлады. Берлин қабырғасының тарттырған қасіреті аз емес. Осы адамдардың ғана емес, түгел бір халықтың, тарихтың бөлінуіне әкелген қабырға тарихына көз жүгіртіп көрелік.
1940 жылдардың соңында АҚШ, Ұлыбритания, Франция және КСРО соғыстан кейінгі Германияны өз ыңғайына қарай икемдеу таласын бастады. Әр ел өз түсінігіндегі саясатты жүргізбекке тырысты. Бір мемлекеттің төртке бөлінуі былай тұрсын, ел астанасы Берлиннің өзі төрт саяси күштің ықпалына түсті. 1949 жылы мемлекет Германия Демократиялық Республикасы және Германия Федеративті Республикасы болып екіге бөлінді. Ал 1961 жылы 13 тамызда саяси державалар Берлинді де екіге бөліп тынды. Бұл шешім Кеңес өкіметі тарапынан қабылданды. Өрши түскен дау нәтижесінде Батыс және Шығыс Берлин пайда болды.
Шешім қабылданған күннен бастап қабырғаның екі жағы екі бөлек әлемге айналды. Бір-бірінен 200 метр қашықтықтағы адамдардың тұрмысы, еркіндігі, тіпті танымы да өзгерді. Алғашында шекара қорғанысы әлсіз болған. Батыс Берлин халқы шығысқа емін-еркін өте алатын, бірақ шығыстықтарға Батыс Берлинге өтуге тыйым салынған. Дәл осы тұста шығыс Берлиннен заңсыз көшкендер, қашуға ұмтылғандардың қарасы көбейіп кетті. Халық жалған паспорттар жасатып, суретін ауыстырып өтетін болды. Бұл қулық көп ұзамай шығыс Германия үкіметінің құлағына жетті. Осы кезде кеден бақылауына қосымша «штази» құпия полициялар тобы жұмысқа кірісті.
Мемлекеттегі қатал тәртіпке төзбеген жұрт қарап қалмай, қашып құтылудың түрлі әдісін ойлап тапты. Өз паспорттарының пайдаға жарамасын біліп, Аустриядан құжат алдыратын күнге де жетті. 1962 жылдан бастап үлкен базалармен тексеріс енгізілді. Бұдан былай батыстықтар шығысқа өтетінін әкімшілікке алдын ала ескертуі тиіс болды. Алайда айла асырмайтын халық паспорт қулықтарын қойып, құбырлар, жертөле арқылы өтуге тырысты. Сол жылы Берлиннің оңтүстік-шығысындағы Хайдельбергерштрассе көшесінде бірден үш жертөле қазылды. Осы кезде батыс Берлинде адамдар таситын жасырын топтар пайда болды. Олар көлік арқылы, жалған құжатпен бауырларын батыс Берлинге өткізді. «Жертөле қазу да жақсы мүмкіндік болды. Дегенмен ешкімнің көзіне түспеу үшін жарықсыз жұмыс істеуге тура келетін. Күректің сабын аяғымызға байлап қаздық. Сондықтан олардың радиусы небәрі 50-60 см болатын. Екі тараптан да үйлері жақын орналасқан аудандарды табуға тырыстық. 20 метрлік құбырды 3 күн, 3 түн қазуға болады. Оған жарықтың қажеті жоқ, бірақ ауа жетпейтін», дейді жасақ мүшесі доктор Вайгль.
Қысқа уақыт ішінде Берлинде 75 жерасты жолы қазылады. Дегенмен тек 19-ы ұзақ уақыт қолданылған, қалғандарын сатқындар билік басындағыларға әшкерелеп берген. Аталған жертөлелер 400-ге жуық адамның пайдасына жарады. Ал құбырлар арқылы 800 кісі, тағы 10 мыңға жуығы жалған паспорт арқылы Берлиннің батыс бөлігіне өткен. Буркхарт Вайгль достарымен бірге жертөледен бөлек, көлікпен де адам тасығанын айтады. Олар «Кадиллак» көлігін сатып алып, оның алдыңғы жағынан жасырын орын жасатып, 30-ға тарта адамды шекарадан өткізген. «Машинамызды танып қоймауы үшін жиі бояйтынбыз. Көліктің тіркеу нөмірін ауыстырып бір күні «Шевроле» ретінде жасатып, бір күні басқа маркаға ауыстырып амал қылдық. Бізді, қуанышымызға орай, ешкім ұстаған жоқ», дейді ол.
Ресми емес деректерге сүйенсек, 1961-1970 жылдар арасында батыс бөлікке 650 адам қоныс аударған. Қабырға салынған кезде берлиндіктер оның конструкциясынан хабарсыз болған. Биліктегілер қабырғаны зерттеп қарауға мүмкіндік бермей, жақын маңдағы көпқабатты ғимараттарды құлатып тастайды. Биіктігі 3,6 метрге жуық қабырға тікенді темірмен оралған. Ал кей жерлеріне арнайы топырақ төселіп, адамдардың іздерін аңдыған. Әр 200 метр сайын тексеріс бекеті қойылған. Шекарадан өтемін деп 1961-1989 жылдар арасында 140-қа жуық ГДР азаматы көз жұмған.
Батыс Берлиннен қонаққа келген азаматтардан шығыстықтар биліктің дәріптейтін идеологиялары екі түрлі екенін, тіпті тарататын хабарлары жалған екенін біле бастайды. «Туыстарымнан Батыста өмірдің соншалықты азапты емесін түсіндік. Алайда саясат екі түрлі еді. КСРО пионерлер жүйесін Берлинге де енгізді. Ол жақтағы мектеп оқушылары жиналыстарға қатысатын. Сабақта батыстағылар – жауымыз деп үйрететін», дейді Рома Хайманн. Шығысқа қарағанда батыста еркіндік көбірек болды. Олардың арнайы орындардан қаланың шығыс жағын бақылап, хабар алуға мүмкіндіктері болатын. Ал шығыстықтар үшін ондайға рұқсат берілмеді. Олар қабырғаның ар жағындағы тұрмыстан еш хабарсыз, қол үзген еді. Шығыста ақпарат шектеулі, мемлекетке сырттан газет-журналдар кіргізуге тыйым салынған. Қоңырау шалу үшін арнайы бекеттерге барып, жеті-сегіз сағаттай күтіп, рұқсат алуға мәжбүр-тұғын. Ал қандай да бір күдік туғызғандар еш тексерусіз түрмеге жабылатын. Саяси тұтқындардың арасында шіркеу қызметкерінен бастап, батыстағы анасын көруге талпынған жұмыссыздар да болған.
1989 жылғы жаздың соңында халық саяси және азаматтық бостандық үшін ереуілдерге шыға бастады. 11 қыркүйекте социалистік Мажарстан Аустриямен шекарасын ашады. 3 күннің ішінде 15 мыңға жуық ГДР азаматы Чехославакия арқылы Мажарстанға көшті. Көп ұзамай, қазан айында ГДР-ды 1971 жылдан бері басқарған Эрих Хонеккер қызметінен кетті. Дәл осы күннен бастап Берлин қабырғасының саяси маңызы да, күші де әлсіреді.
1990 жылдары төрт ел ГДР мен ГФР-дегі жағдай туралы келісімге келді. Келісім бойынша, Кеңес әскері 1994 жылдың соңына дейін Германия жерінен кетуі керек. Алайда Германия аумағынан Кеңес әскерінің шығарылуы оңай болмаған. Оның үстіне социализмге үйренген халық тіршілігі күрт нашарлап, жаңа режімге үйренісуі қиынға соқты. Ақпараттарға сүйенсек, шығыс Берлиндегі өмір Кеңес өкіметіндегі мемлекеттердің тіршілігіне ұқсас еді. Әкесінің жұмыс бабымен сол жылдары Германияға қоныс аударған Никита Сатарев BBC агенттігіне берген сұхбатында шығыс Берлин өзі туған Челябі қаласына ұқсайтынын айтады. «Ешқандай өзгеріс байқалмайтын, бұл жақта да тәртіп болатын. Дегенмен дүкендерде тауар да, таңдау да көп еді. Менің туған өлкем мен Германияның басты ерекшелігі осында болатын», дейді.
1989 жылы қарашада Эрих Хонеккердің орнына келген жаңа басшы Гюнтер Штабовски Шығыс Берлин халқы виза арқылы батысқа бара алатынын хабарлайды. Сол күні мыңдаған халық қабырға жанына жиналып, полицияға қарамай шекарадан өтеді. Ақпараттарға сүйенсек, алғашқы 3 күннің өзінде 3 миллион адам Берлиннің батыс бөлігіне көшкен.
Бүгінде ондаған жылдар бойы туыстардың көрісуіне, хабар алысуына кедергі болған шекарадан Бернауэрштрассе бөлігіндегі қабырға ғана сақталды. Ол жер бүгінгі күні тарихи ғана емес, сондай-ақ мәдени маңызы да бар орын саналады. «Истсайд галереясы» аталып кеткен қабырғада адам құқықтары, бостандық, теңдік, сол жылдары қаза тапқан Германия халқына арналған әлем суретшілерінің туындылары бар.
Германия қасіретінен бөлек, әлі күнге дейін екіге бөлінген кореяаралық «қабырғаны» құлата алмай отыр. Бұл жағдайда да мемлекеттің ішкі мәселесіне АҚШ пен КСРО араласты. Саяси күштердің тартысы мен державалардың таласы нәтижесінде әлем картасында бүгінгідей КХДР мен Оңтүстік Корея мемлекеттері пайда болды. Бір ел саналатын Қытай мен Гонконг сыртқы күштердің әсерінен екі жүйеде өмір сүруде. Қос тараптың арасындағы қақтығыс күннен-күнге өршіп барады...