Әлемде бес жасқа дейінгі әрбір үшінші бала жеткілікті мөлшерде тамақтанбайды. Қазақстанда артық салмағы бар және семіздікке шалдыққан балалардың саны өсуде. Бұл туралы ақпарат ЮНИСЕФ-тің «Әлемдегі балалардың жағдайы 2019: балалар, азық-түлік пен тамақтану» жөніндегі жаңа баяндамасында жарияланды.
ЮНИСЕФ-тің биылғы баяндамасындағы цифрлар алаңдарлықтай-ақ. Әлем бойынша бес жасқа дейінгі әрбір үшінші баланың не артық салмағы бар немесе тойып тамақ ішпейді, ал бұл 200 млн сәби деген сөз. Ал алты айдан екі жасқа дейінгі шамамен әр үш баланың екеуіне олардың жедел өсетін ағзасын қолдайтын тамақ берілмейді делінген баяндамада. Осының салдарынан ми баяу дамып, оқу қабілеті төмендеп, иммунитеті нашарлап, инфекцияға төтеп бере алмай түрлі ауруларға шалдығады. Бұл көп жағдайда өлімге әкелуі де мүмкін.
Жуырда аталған баяндаманың таныстырылымында мамандар тарапынан біраз жайтқа қанықтық. Өкінішке қарай, елімізде семіздік диагнозы қойылған балалар санының өсу үрдісі ұлғайып келеді екен, яғни 9 жастағы әрбір бесінші баланың артық салмағы бар, ал 5 жасқа дейінгі әрбір он баланың біреуінде артық салмақ кезігеді немесе семіздік сырқатына шалдыққан. Мамандардың пікірінше, семіздікке ұшыраудың бір себебі нәресте кезінде ана сүтін ембей, қолдан жасалған тағаммен қоректенуге байланысты болса керек. Семіздіктен ауылға қарағанда қала балалары көбірек зиян шегетіні де байқалады. Әрине ауыл тұрмысы балаларды кішкентай күнінен көбірек қимылдауға, еңбекке ерте араласып, мал жайлап, су тасып ата-анасына көмектесуге баулиды, ал қала баласы үшін ең ауыр тірлік қоқысты пәтерден шығарып, төгуден аспайтыны түсінікті. Семіздіктің бір себебі ретінде ана сүтімен қоректенбеу туралы айтылғанымен, 6 айға толмаған сәбилердің жартысынан азы ғана тек емшек сүтін емеді, ал қосымша тамақ қосылғаннан кейін 6 айлық және одан асқан балалардың жартысынан азы ғана емуді әрі қарай жалғастырады екен. Бұл ретте ғасырлар бойына аналарымыздың емшек сүтін қадірлеп, мейірлене жақсы көрсе «Уызына тойған» деп, ал қатты разы болмағанда «Ана сүтімді көкке сауамын» дейтінін еске түсірген абзал. Аналық махаббатпен ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен мейір, шапағат, ұлағаттың «жетілдік» дейтін мына заманда үзіліп, ұрпағын емізбейтін аналар қатарының кемімей отыруы бүгінгі қоғамды ойлантуы тиіс.
Сарапшыларды алаңдататын тағы бір мәселе – мектеп жасындағы балалардың дұрыс тамақтанбауы. Оқушылар зияндылығын елеместен қант қосылған алкогольсіз сусындарды үнемі пайдаланады. Түрлі сауалдамаларға қарағанда, балалардың жартысына жуығы аталған зиянды сусындарды апта сайын ішеді. Осылайша жас ұрпақ үлкендер қолымен жасалған қанты бар сусындардың агрессивті сатылымының құрбанына айналып отыр. Оған теледидардағы жарнамалар да өз әсерін тигізеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне қарағанда, Қазақстандағы әрбір үшінші теледидардағы жарнамалық ролик тамақ өнімдері мен сусындар жайлы, оның 20%-ы ғана халықаралық стандарттарға сәйкес келеді екен.
Семіздікке ұшыраудың енді бір себебі аз қимылдау десек, балалардың көпшілігі, яғни 72,5%-ы күніне кемінде бір сағат теледидар немесе зиянды тағамдарды көрсететін электронды құрылғыларды пайдаланады.
Бүгінде елімізде жеткіншектердің тамақтану мәселесі ушығып барады. Бұл өз кезегінде балаларымыздың денсаулығына, үлгерімі мен хал-жағдайына зардабын тигізеді, дейді алаңдаушылығын білдірген ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау және тамақтану жөніндегі үйлестірушісі Қанат Суханбердиев. Оның айтуынша, егер балалардың семіруі мен нәрлі, пайдалы тамақтарға жетіспеушілігінің өсу үрдісі осылай жалғаса беретін болса, онда 2050 жылы туған балалар бүгінгі балаларға қарағанда аз өмір сүреді және семіздік халық өлімінің негізгі екі себебінің біріне айналады деп болжауға болады. Балалардың дұрыс тамақтанбауы қоғамның әлеуетін шектейді. Сондықтан ерте жастан балалардың тамақтануын жақсарту денсаулық сақтау, мектепке дейінгі және мектептегі білім беру қызметінің басты мақсаты және тұтастай алғанда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ажырамас бөлігі болып табылады.
Ал ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен: «Соңғы онжылдықтың технологиялық, мәдени және әлеуметтік жетістіктеріне қарамастан, біз осы аса маңызды фактіні назарымыздан тыс қалдырдық. Егер балалар нашар тамақтанса, нашар өмір сүреді. Біз нашар тамақтану проблемасы жайлы және оны қалай шешу керектігі туралы түсінігімізді өзгертуіміз керек. Балаларды жеткілікті мөлшерде тамақпен қамтамасыз ету жайын сөз ету аздық етеді. Ең бастысы, балаларды дұрыс тамақтанумен қамтамасыз ету керек. Бұл – бүгінгі ортақ міндетіміз», дейді.
Баяндамада ХХІ ғасыр балаларының дұрыс тамақтанбауына, оның барлық түрлеріне анағұрлым толық баға берілген. Онда дұрыс тамақтанбаудың үш түрі сипатталады: тоймау, қажетті қоректік заттардың жоқтығынан туындаған жасырын аштық және бес жасқа дейінгі балалар арасындағы артық салмақ. Әлемде 149 миллион бала өсуінің қалыс қалғандығы немесе өз жасы үшін өте кішкентай екендігі; 50 миллион баланың жүдеу немесе өз жасы үшін өте арық екендігі, 340 миллион баланың немесе 2 баланың 1-уі А дәрумені мен темір сияқты негізгі дәрумендер мен қоректік заттардың тапшылығынан зардап шегетіндігі, 40 миллион баланың артық салмағы барлығы немесе семіздіктен зардап тартатыны атап өтілген.
Балалар есейген сайын, оларға ықпал ететін зиянды тамақтанудың әсері алаңдатады, жөнсіз маркетинг пен жарнамалардың әсері, қалалардағы, сонымен қатар қашық аудандардағы шектен тыс өңделген өнімдердің молдығы, сонымен қатар фастфуд пен өте тәтті сусындарға қолжетімділіктің кеңеюі балалар денсаулығына кері әсерін тигізіп, түптеп келгенде ел ертеңі үшін алаңдайтын мәселеге айналуда. Проблемалардың мән-жайымен қанықтырған мамандар онымен күресуде нақты қадамдар жасауды да ұсынады. Оның қатарында тамақтану саласындағы білімді жақсарту және зиянды тағамдарға сұранысты қысқарту үшін қантқа салық салу, тағамдардың этикеткаларында жазбаларды дұрыс түсіну үшін жеңіл таңбалау және зиянды азық-түлік маркетингін анағұрлым қатаңырақ бақылау, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және санитария, білім беру мен әлеуметтік қорғау жүйелерін барлық балалардың тамақтану тиімділігін жоғарылату үшін жұмылдыру, іс-қимылға басшылық ету және прогресті қадағалап отыруда жоғары сапалы деректер мен дәлелдерді жинау, талдау және пайдалану сынды шаралар қарастырылған.