• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 13 Қараша, 2019

Уәлихан Қалижан: Қай қызметте де қаламыма сүйендім...

779 рет
көрсетілді

– «Егемен Қазақстанның» жүз жыл­дық мерейтойы қарсаңында га­зеттің бұрынғы басшыларының бі­рі ретінде өзіңізбен әңгімелесуді жөн көрдік. Сіз басқарған тұста «Еге­мен­ Қазақстан» қандай газет еді? Сіз газетке қандай жаңалық алып кел­­діңіз?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында газеттің таралымы аз болды. Ел­дің экономикасы да қалт-құлт етіп тұрған шақ. Мен газетке тура сондай кезде бас редактор болып тағайындалдым. «Бас редактор қандай болса, газет сондай болады» деген ескіден келе жатқан сөз бар. Бұл тәуелсіздік заманында Шер­хан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы сынды мықты адамдар басқарған газет. Менің алдымда солар салып кеткен жолды жалғастыру, газетті әрі қарай жетілдіре түсу міндеті тұрды. Оған қоса газеттің тиражын көтеру мәселесін де күн тәртібінен түсіргеніміз жоқ.

Газетке келген күннен бастап жур­налистердің әлеуметтік қорғалу мә­се­лесін қолға алдым. Әлеуметтік жа­ғынан қорғалмаған, үйсіз-күйсіз, «мемлекеттік қызметші» дейтін санатқа кірмегендіктен, кезекпен баспана да ала алмайтын журналистерге баспана әперуге барынша күш салдым. Екіншіден, сол кезеңдерде мен журналист ретінде Президентпен бірге ресми сапарларға шыға жүріп, көптеген тарихи оқиғаларға куә болдым. Соның ең бір маңыздысы – ел ордасының қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшірілуі. Бұл шешімді Елбасы Аустралияға барғанда қабылдады. Сидней, Мельбурн қа­лаларындағы іссапар біткен соң Кан­­берраға келдік. Гүл жайнаған Канбер­раны көрген соң Президент Нұр­сұлтан Назарбаев сол кездегі Үкі­мет бас­шы­сына телефон шалды да, «көш­ке дайындалыңдар», деді. Мен осы тарихи оқиғаның куәгері болдым. Мұ­ны «Егемен Қазақстан» арқылы ха­лыққа бірінші болып жеткіздік. Сондай-ақ тағдырыма Жоғары кеңеске депутат болған кезімде астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруге дауыс беру, «Егеменде» істей жүріп оно­мастикалық комиссияның мүшесі ретінде Ақмоланы Астана деп атауға дауыс беру жазылыпты.

Аустралиядан елге оралған соң Елбасы көп ұзамай көшті бастады. Алматының әуежайынан шығарып салып тұрмыз. Бір кезде Нұрағаң Алатауға қарап тұрып: «Біз Алатауға сыймай бара жатқан жоқпыз. Біз Алатауды қимай барамыз» деді. Сосын бізге бұрылып қарап, «Егемен» де көшуі керек» деді. Бұл сөз бізге жайланып отыруға болмайтынын көрсетті.

– Оның алдында дайындық жасамап па едіңіздер?

– Ақырындап дайындалып жат­қанбыз. Бірақ әлгі сөзден кейін едел-жедел көшуге тура келді. Ақмолада алдымен тілшілер қосыны ашылды. Бірнеше журналиске үй сатып алып бердік. Сол кезеңдерде Ақмола об­лы­сының әкімі Жәнібек Кәрібжанов дей­тін азамат еді. Бірінші орынбасары Қуа­ныш Алпысбаев. Қаланың әкімі Аманжол Бөлекбаев. Бұл кісілердің бәрімен кезінде комсомол ұйымында қатар қызмет атқарғандықтан, жеке ара-қатынасымыз да түзу еді. Көшіп келген бетте көмек сұрадық. Әрине жоғары жақтан да ұсыныс түсті. Десе де жеке адамдардың қарым-қаты­насы шешуші рөл атқарғанын айтуы­мыз керек. Газет редакциясы бұ­рын­­ғы Целиноград аудандық партия коми­тетінің бос ғимаратына орналасты. 25 адамға үй алып бердік. Ақмоладан бес бөлмелі пәтер алып, оған отбасын құр­маған жастар көшіп келді. «Ал енді жағдайларың жасалды. Жазу – сендерге серт» дедік.

– Камал Смайылов пен Шерхан Мұр­тазаның атақты хаттары да Сіз­дің тұсыңызда жазылып, жариялан­ған жоқ па? Соның мән-жайы қалай бо­лып еді?

– Қазақстанның Халық жазушысы, ұстазым Шерхан Мұртазаны жұмысқа шақырғанымда ол кісі бірден келіспей, жөткірініп ұзақ ойланды. Өзінің сондай мінезі бар еді. Бірақ әңгіменің соңында келісіп, өзінің талабын қойды. «Батыр Уәлихан, саған келісейін. Бірақ тала­бым бар. Менің жазғанымды күземейсің, түземейсің. Қысқартып алып тастамайсың. Сондай болған жағдайда ғана келісемін». Мен уәде беріп, екеуміз қол алыстық. Мен сол сөзімде тұрдым.

Шерағаң «Егемен Қазақстанға» кеңесші болып келді. Сол кездері оп­позициялық газеттердің бірі «Шерхан Мұртаза «Егеменнің» босағасында отыр» деп жазыпты. Оған Шерағаң «Еге­мен Қазақстанның» босағасы жоқ – бәрі төр» деп жауап берді.

Осы кезде Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның атақты хаттары жарияланды. Бұл хат шынын айт­қанда кездейсоқтықтан туды. Бір күні Камал Сейітжанұлы маған мақала алып келді. Ұмытпасам «ХХІ ғасыр – Қазақстанның ғасыры» ғой деймін. Кә­мекең әлеуметтік-экономикалық мәсе­лелерді сараптау жағынан ірі маман еді. Мақалада статистиканы жақсы пай­даланған. Оны газетке жариялап жібердік. Ертесіне таңертең кабинетке Шерағаң келді. Қолына газетті бүктеп ұстап алған. Келді де газеттің бүктеуін жазды. «Уәш, мен мынаны оқып шықтым. Жақсы екен. Бірақ Камалдың жазғанындай Қазақстан жарқырап тұр ма? Мен енді осыған жауап жазсам бола ма?» деді. Келістім. Ол кісінің тез жазатын қасиеті бар еді. Ертесіне жазған мақаласын маған алып келді. Ол екі қаламгердің ой бөлісуі болды. Жеке пікірлері. Ресми экономикалық сараптама емес. Содан газетке шығып кетті. Қоғамда резонанс туды. Жұрт «келесі нөмір қашан шығады?» деп күтетін болды. Бұл хаттарда үлкен әлеу­меттік мәселелер көтерілді. Бүгінгі айтып жүрген мәселелер сол хаттардың ішінде қозғалған еді. Болашақтың ақ­параты қандай болатынын Камал Смайылов болжап жазды. Ғаламтордың күшейетінін, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі алдан шығатынын жазды. Шерағаң бұған жаһандану ұлттық қасиеттерімізді жойып жібермей ме, әбжыландай арбап, жастардың сана-сезімін уламай ма деген мазмұндағы жауап жазған. Екі қаламгер сол уақытта заманның сөзін сөйледі. Қазір біз сол мәселелермен бетпе-бет келіп отырмыз. Әлеуметтік желілер еліміздің сая­сатына әсер етіп жатыр. Әртүрлі дең­гейде соған арқа сүйеп отырған адам­дар бар. Қазір 2700-дей БАҚ тір­келген болса, соның 30 пайызы ғана Үкі­меттің қолында, қалған жетпіс пайызы жекелеген адамдарға, партиялар мен қоғамдық ұйымдарға тиесілі. Ақпарат алудың көзі де, жолы да кең. Бұл ақпараттардың қайсысы өтірік, қайсысы шын дейтін мәселе шықты. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесімен бетпе-бет келіп отырмыз. Оған қоса әлеуметтік желілер адамдардың саяси белсенділігін тым арттырып жіберді. Мұның жақсы да, жаман да жағы бар. Әрине қазіргі қоғамдағы жағдайға бірден баға беру қиындау. Бұл жерде ұлы адамдардың ойлау жүйесінің кеңдігін, болашақты дәл болжағанын айтқым келген.

– Сіздің тұсыңызда тағы қандай мәселелер көтерілді, қандай істерге бас­тамашы болдыңыз?

– Ол тұстағы ең үлкен шаруа –  «Егемен Қазақстан» газетін Аста­наға көшіру процесі ойдағыдай аяқ­талды. Екіншіден, сол кезеңдерде Қазақстанның тарихын түгендей бас­тадық. Бір жыл бойы Қазақ хандығынан бергі кезеңге дейінгі елдің тарихы жазылды. Оған Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Берекет Кәрібаев, Бүркіт Аяған сынды ғалым тарихшылар тартылды. Газет бетінде мәйекті материалдар шықты. Ол кезеңдерде бұл мәселені көтеру қиындау еді. Бұл да халық тарапынан үлкен қолдау тапты. Баспасөзге жазылу науқаны кезінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыс­тарына газеттің көшпелі мәжілісін ұйым­­дастырып, халықпен кездестік. Бұл іссапарлардың басы-қасында Шер­хан Мұртаза, Әділ Дүйсенбектер жүрді. Ақырын-ақырын газеттің тиражы да, беделі де өсті. Журналистер қалып­тас­ты. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген айдармен бірінші бетке сая­сатта жүрген жауапты тұлғалардың ол­пы-солпы, қисынсыз сөздерін жария­лап жүрдік. Ол сөздерге ешқандай түсі­ніктеме жазбай, сол күйінде басып отыр­дық. Бір күні жоғары лауазымдағы Төлеген Жү­кеев хабарласып, рахметін айтты. «Әй, мына бізді ұрыспай, соқпай, қи­пақтамай өз сөзімізбен өзімізді ба­уыздап жатырсыңдар ғой» деді. Бұл да журналистік әдістердің бірі. Сондай-ақ газеттің қыз-келіншектерге арналған «Сырғалым» дейтін қосымшасын аш­тық. Оны Жұмагүл Солты шығарды. «Жас қазақ» деген қосымшасын аштық. Оған Ғабит Мүсіреп басшылық жасады. «Біздің тақырыпты алып кетті» деп басқа газеттермен текетіреске де түсіп қалған кезіміз бар. Бұл да біздің ізденісіміз еді. Нәтижесінде газет қа­лып­тасып, оқырмандар орнықты.

– Сіздің есіміңіз көші-қонға қатыс­ты да жиі айтылады. 90-жылдарда басталған көші-қонға «Егемен Қазақ­­стан» газеті қаншалықты үн қос­ты?

– Иә, көші-қон мәселесі ол жылдарда өте өзекті болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әсіресе Моңғо­лиядан келген қандастарымыз қайта кері көшіп кетіп жатты. Себеп – келген адамдарға дұрыс жағдайдың жасалмауы. Журналист Гүлзейнеп Сәдірқызына «Қазақ көші қайда барады?» деген тақырыппен сараптама мақала жаз­ғызып, оны газетке шығардық. Сосын газетті Мәжілістегі комитет төрағасы Өмірбек Жолдасбековке жібердік. Мақа­ланы оқып шыққан Жолдасбеков комитетте талқылап, ақын, саясаткер Әкім Ысқаққа көші-қонға байланыс­ты заң жобасын дайындауды тапсырады. Солайша Парламентте ең алғаш­қы қазақша заң жобасы дайын­далды. Нәтижесінде атамекенге орал­ған қазақтардың саны бұл күндері мил­лионға жетті.

– Сіздің «Ел мен Ер», «Президент» атты кітаптардың авторы екеніңізді біле­міз. Сіз бұл кітаптарды жан қа­лауы­­ңызбен жаздыңыз ба?

– Әрине. Егер көзің түсіп оқыған болсаң, ол кітаптардағы мақалалардың қатардағы қара мақалалар емес екенін байқар едің. Оның ішінде бос мақтау, көпірме сөздер жоқ. Бәрі дерлік дерекке құрылған. Дерек болғанда да «кеше Қазақстан Президенті АҚШ Президентімен кездесті. Кездесуде мы­­надай мәселелер талқыланып, мынадай шешім қабылданды» дейтін емес, үлкен тұлғалардың диктафонға жазыл­ған ой-пікірлерін қорытып, оны сұхбат, публицистикалық мақала, эс­се түрінде дайындадым. Елбасының Сингапурға барған сапарында Ли Куан Юмен сұхбатын жазып алғам. Ма­лайзияға барған сапарында болған сұхбаттарын да диктафонға түсіргем. Осы тектес көлемді сұхбаттар, өзім куә болған түрлі оқиғалар Елбасы жай­лы кітаптардың жазылуына түрт­кі болды. Жұрт біле бермейтін нәрсе­лерді жариялап жүрдім. Мысалы, Пре­зидент Моңғолияға барған сапарында қазақтарды атақонысына аудару­дың кедергілері туралы мәселе көте­рілді. Ол кезеңдерде көшіп келген қазақтардың малдарын Моңғолия үкіметі асыл тұқымды мал деп алып қа­латын. Президент осы мәселені айт­ты. Мәселені шешуді сұрады. Сонда Моңғолия президенті Ресей мен Моңғолия арасындағы 45 километр жердің мәселесін, Қазақстан мен Баянөлгей арасында әуежолы байланысын шешуді сұрады. Бұл мәселелер кейін шешілді.

– Жерге байланысты еске түсіп отыр. Солженицынның «Как нам обус­троить Россию» мақаласы да сол кезең­дерде атағы жер жарып тұрды емес пе? Осы мәселелер кейін қалай рет­телді?

– Иә, солтүстік өңірлерді орыстың жері дегенге әкеп тіреді ғой. Ондай әң­гі­мені аузы барып қалай айтқанын түсінбеймін. Бірақ Елбасы бұл дауға нүкте қойған сол кезде. Оның да куәсі болғанымды айтайын. «Егеменде» басшы кезім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Борис Ельцин Кремльде кездесті. Таңертең кірген. Кеш­ке дейін шыққан жоқ. Біз журналистер қауымы Кремльдің ішінде ешқандай ақпаратсыз қалдық. Бір кезде орыс журналистері арқылы «Ельцин мен Назарбаевтың арасында күрмеуі қиын күрделі мәселе көтеріліп, сол шешілмей жатыр» деген ақпарат жетті. Журналистиканың негізгі қасиеті не? Ол бірінші болып сұрақ қою емес пе? Сұрақты басқалар қойғаннан кейін көмескіде қалып қоясың. Қос президент журналистердің алдына шыққан кезде алғашқы лекпен алдыңғы қатарға шықтым да: «Борис Николаевич, Кремль кулуарында Нұрсұлтан Назарбаевпен екеуіңіздің араңызда күрмеуі келмейтін нәрсені шешу қиындап кетті дегенді естіп қалдық. Осы мәселені шеше алдыңыздар ма? Сіз қалай ойлайсыз Нұрсұлтан Әбішұлы?» деп сұрақты қо­йып жібердім. Ельцин өзі ірі кісі. Екі иы­ғын селкілдетіп күліп, «ондай әңгіме болғаны рас. Сіздердің Назарбаевтай Президенттеріңіз тұрғанда, ол мәселені шештік. Біз бәрін нөлдік деңгейден бастайтын болдық» деп жауап берді. Сосын нөлдік деңгей дегенге Назарбаев түсініктеме берді. Нөлдік деңгей деге­німіз – Қазақстанның Ресейге қарызы жоқ. Ресейдің Қазақстанға қарызы жоқ. Барлық мәселені баяғыдай бартер жағд­айында емес, тиісті мәселелерге қаржы төлеп шешеміз. Байқоңырды пайдаланғаны үшін олар қаржы төлейді. Өз офицерлерімізді дайындағанымыз үшін біз қаржы төлейміз. Яғни, шекарамыз бұрынғы қалпында қалады. Шекараны бір елі олай, бір елі бұлай дейтін мәселе болмайды. Стратегиялық әріптес боламыз. Нәтижесінде солай болды. Қазақстан шекарасы мәселесі ойдағыдай шешілді ғой.

– Қазір ақпараттар ең алдымен әлеу­меттік желілерге шығатын бол­ды ғой. Сіз әлеуметтік желіні пайдаланасыз ба?

– Жеке парақша жүргізбеймін. Бі­рақ хабардар болып отырамын. Сұх­баттарға шақырғанда түктен хабарсыз болсаң өте ыңғайсыз. Парақша жүр­гізейін десем уақытты жеп қоя­тын сияқ­ты. Оның орнына өзімнің шығар­машылығыммен айналысқанды дұрыс көремін. Осы күндері Жамбыл туралы роман-этюд жазып бітірдім. Кенесары хан, Наурызбай, Садық сұлтан туралы Абылайхановтар атты деректі хикаяттың соңғы нүктесін қойдым.

Журналистикада, саясатта көп жүр­дік. Ағымдағы мәселелерге көбі­рек назар аударыппын да, шығармашы­лықтан кішкене тосындап қалыппын. Енді өз шығармашылығыма көбірек көңіл бөліп жүрмін.

– «Ақмолла ақынның өмірі мен твор­чествосы» тақырыбында канди­даттық, ал «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым» тақырыбында докторлық диссертация қорғадыңыз. «Жәдитшіл жырлар», «Мәшһүр Жү­сіп» атты ғылыми еңбектеріңіз та­ғы бар. Әдебиеттегі дін тақырыбы сіз­ді несімен қызықтырды?

– Жалпы, өмірде кездейсоқ жағ­дайлар болып жатады. Мен әуелі ғылымда аударма мәселесімен айналыстым. Алматыдағы атақты №12-ші қазақ орта мектебін бітіргем. Орысшам да тәуірлеу. Университетте К.Ш. Қа­на­­фиева деген ғалым ұстазымыз ма­ған Салтыков-Щедриннің «Путем до­рогою» деген әңгімесін аударып келу­ді ұсынды. Мен «Жол-жөнекей» деген ат қойып, аударып апардым. Ұстазымыз «осыны дамыт, осымен айналыс. Мен сені өзіме шәкірт етіп алам» деді. Сөйтіп жүргенде кафедра меңгерушісі, атақты Бейсенбай Кенжебаев шақырды. Ол менімен әңгімелесіп, «сен аудармаңды қой да, үлкен әдебиеттің мәселесімен айналыс. Мен саған діни-ағартушылық тақырыбын берейін. Кітаби ақындар бар. Біз соларды әдебиет тарихына оралтуымыз керек. Тарихта азды-көпті із қалдырған адамдардың бәрінің аттары аталып, түгенделуі тиіс» деді. Қысқасы, мен діни тақырыпқа солай келдім.

– Сіздің осы күнге жетуіңізге, тұл­ға ретінде қалыптасуыңызға нақты кімдердің ықпалы болды? Сізді өмір­де кімдер қолдады? Жалпы, өзіңізді арман-мақсаты орындалған, өмірде жолы болған адамдардың қатарына қосасыз ба?

– «Тағдырымдағы тұлғалар» деген кітабым бар. Сол кітапта өмір жолымда кездескен, қолдау білдірген, маған ықпалы тиген адамдардың барлығы туралы жаздым. Ең алдымен, «Жетісу» газетіне жұмысқа алған Сарбас Ақ­таев ағам туралы айтқым келеді. Оқу­­ды бітірген кезде аспирантураға сырт­­тай қабылданып, алты ай бойы жұмыссыз жүрген кезім болды. Ол кезде қазіргідей газет-журнал көп емес. Санаулы ғана. Солардың бірі – «Же­тісу» газеті. Онда жеті жыл қызмет істе­­дім. «Қазақ журналистикасының бала­лығы «Ұланды», жастық шағы «Жас Алашты», даналығы «Егемен Қазақстанды» басқарған жалғыз жур­налист ретінде мен өзіңмен мақ­та­нам. Өзімнен шәкіртім озды деп айтып жүрем» деген Сарбас Ақтаев ұста­зымның сөзі мен үшін ең жоғарғы марапат. Сол сияқты Шерхан Мұртаза­мен қызметтес болғанымызды жаңа айттым. Бейсенбай Кенжебаев, Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Рымғали Нұрғали сын­ды кезінде сыйласқан, қолдаған тұл­ғалар туралы арнайы жаздым. Ал енді арман-мақсат көп қой. Екінің бі­рінің маңдайына жазыла бермейтін қызметтер істедім. Қызмет қуып, қа­лам­ды тастап кеткен кезім болған емес. Қандай қызметте жүрсем де, қаламыма сүйендім. Журналистикада да, ғылымда да, саясатта да өз жолымды таптым деп есептеймін.

– Шә­кірт­теріңіз туралы да айта кетсеңіз. Олар кімдер?

– Шәкірттерім көп. Олар сан түрлі салада қызмет атқарып жүр. Олардың бәрі­нің басын біріктіретін қалам ат­ты құдірет. Өз басым Бауыржан Ома­ров, Бейбіт Исабаев, Бейсенбай Сүлейменов, Ғабит Мүсіреп, Ғалымжан Мелдешов, Төрехан Данияров, Талғат Айтбаев, Құлтөлеу Мұқаш, Сейітқазы Зебер­ханұлы, Жолдасбек Дуанабаев сынды азаматтарды өз шәкірттерім деп мақтаныш­пен айта аламын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»