Осыдан бір ғасыр бұрын ұлтының болашақ бас газетіне айналар «Ұшқынның» алғашқы нөмірінің тұсауын кескен адамның есімі – Халел Есенбаев еді. Бірақ жетпіс сегіз жыл бойы оның аты-жөні кейінгі ұрпаққа белгісіз болып келді. 1997 жылдың 22 ақпанында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұшқынның» редакторы болдым...» деген жарияланымнан кейін ғана Халел басылым көшбасшыларының қатарына қосылды. Газетті басқарған белгілі тұлғалармен бірге қарашаңырақ тарихында тұғырланды.
Аталған мақаланың авторы ретінде сол бір көлемді зерттеудің мазмұнына қысқаша тоқтала кетейін. Газет шежiресiнде бұрын-соңды аталмаған, энциклопедияға енбеген, есiмi беймәлім, бейнесі белгісіз адамды «Егемен Қазақстанның» тұңғыш редакторы деп мәртебелеу үшін архив құжаттары мен тарихи деректерге жүгіндік. Алғашқы қазақ үкіметінің үлгісі болған Орда қаласында шыға бастаған ұлт ұранды «Дұрыстық жолы» газетінде, «Мұғалім» журналында қалам ұштаған Халелдің 1919 жылдың 17 желтоқсанында Орынборда бірінші нөмірі шыққан «Ұшқын» ізашары болғаны кейіннен табылған өмірбаяндық деректері арқылы күмәнсіз дәлелденді. Осы орайда өз қолымен жазылған анкетасындағы: «Қазақ өлкесiн басқару жөнiндегi революциялық комитетiнiң органы «Ұшқынның» редакторы болдым» деген мәліметтен кейін Есенбаевты елеусіз қалдыра алмас едік. Сол мақалада редакциялық алқа мүшелері арасынан Х.Есенбаевтың ұжым жетекшілігі ретінде алға шығаруды ғана мақсат етіп, жеке өміріне қатысты мағыналы мәліметтерді кейінге қалдыра тұрғанбыз. Газеттің одан бергі белесті мерейтойларында Бернияз Күлеевті, Мұхтар Әуезовті, Жүсіпбек пен Бейімбетті көшбасшылар қатарына қоюға орай ізденістерге бет бұрып, Халелдің өмірбаянына кешеуілдеу оралып отырмыз.
«Ұшқынның» шежіресін тыңнан бастайтын мәліметтерге алғаш ден қойғызған Батыс Қазақстан облыстық архивінен табылған деректер еді. «Кеңестiк маман қызметкерлердi есепке алу жөнiнде Халел Мұхаметжанұлы Есенбаевтың анкетасы» делiнетiн 7 беттiк құжат (312-қор, 2-тiзiмдеме, 24-iс, 1-байлам) тұлға туралы біршама мәліметке қанықтырды. 1923 жылдың 22 сәуiрiнде толтырылған жеке сауалнамада Халелдiң 1892 жылы туып, Орынбордағы Құсайын медресесiн тәмамдаған мұғалiм екендiгi жазылыпты. 1919 жылдың 21 ақпанынан РК(б)П мүшесi. Анкетаның атау жолдары мен сұрақтары орталықтың қатаң тәртiбiне сай нақты жауаптар талап ететiнін әрі әрбір мәлiмет Халелдiң өз қолымен толтырылғанын ескерсек, өмiрбаянынан қандай да мүлт кетуi мүмкiн емес екен.
Әсіресе, «Мамандық» тарауындағы бiз үшін маңызды 9-сұраққа жауабында ол 1923 жылы: «Работал чл. редколлегии орг. Букгубисполкома «Киргизская правда», «Дурустук жолы», журнала «Мугалим», редактором органа Киркрай Ревкома «Ушкун» – в 1918 и 1919 годах, орг. Букгубкома «Энбек», перевел на киргизский язык Конституцию РСФСР и т.п.» деп жазады.
Зер салып қайта оқыдық. Бiрiншiден, бөкейлiк алғашқы үш басылымды айтқанда Халел «редакциялық алқаның мүшесi болдым» дейдi де, «Қазақ өлкесiн басқару жөнiндегi революциялық комитетiнiң органы «Ұшқынның» редакторы болдым» дегендi жекелеп анық жазыпты. Екiншiден, аталған басылымдарда оның 1918 және 1919 жылдары жұмыс iстегенi айтылып тұр. Бұдан Х.Есенбаевтың «Ұшқынның» алғашқы нөмiрлерiн шығаруға басшылық жасағаны көрінеді.
Архив деректерінен Халелдің 1920 жылдың 20 сәуiрiнен бастап Таловка уездiк атқару комитетiнiң төрағасы болғанын және сол жылы Қазақ АССР-інің тұңғыш Құрылтай съезiне делегат болып сайланған кезде қайтадан Бөкей губерниялық комитетiнiң үгiт-насихат және баспасөз бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiнде жүргенін көруге болады. Аталған құжат Халелдің 1914-1917 жылдары мұғалiм болғанын, орыс тiлiн жетiк бiлетiнiн, отбасында алты адам – анасы, iнiсi, үш қарындасы, әйелi бар екендiгiн, Бөкей губерниясын, бұрынғы Орал облысының Ақтөбе және Темiр уездерiн жақсы бiлетiнiн нақтылай түседі.
Алайда, есiмi ұрпақ санасынан ұмытылған, «Егемен Қазақстан» газетiнде 78 жылда қызмет iстегендер тiзiмiне журналистер, корректорлар, мәшiңке басушылар түгел жазылғанда, аты-жөнi енбей келген адамды «Ұшқынның» тұңғыш редакторы ретiнде таныту үшiн дәлелді құжаттар іздей түстік. Орал архивiнен 1919 жылдың қазан айында Казревком мүшелерi Ахмет Байтұрсынұлы, Сейiтқали Меңдешев, Мұхамедияр Тұңғашин, Fабдолхәкiм Бөкейханов, Шафхат Бекмұхамедов, Алма Оразбаева қатысқан Қазақ үкіметінің газетін шығару жөніндегі мәжiлiстің хаттамасы табылды. Хаттамадан оған қатысқан басқа да адамдардың аты-жөнiн оқимыз: «Кирг. Кр. комиссариат по военным делам: помощник политпросветуправления А.Менешев и политкомиссар эскадрона при Кирвоенкомиссариате т.Утегенов агитаторы-организаторы, прибывшие из Москвы.
Представители Букеевского областного отдела Нар. обр. т.т. Исенбаев и Бегалиев И.
Председателем собрания избран тов. А.Байтурсунов, при секретаре тов. Менешева».
Яғни, газет шығару жайын талқылаған мәжiлiске Мәскеуден келген үгiтшiлер, баспа бөлiмiнiң қызметкерлерi және Бөкей облыстық ағарту бөлiмiнiң өкiлдерi Халел Есенбаев пен Есмұхамед Бегалиев қатысқан. Соңғы екеуiнiң мәжiлiс хаттамасында басқалардан бөлек жеке жолмен жазылуы қаралып отырған мәселеге ерекше қатысты адамдар екенiн аңғартады. Ахаң мен Әмiрғали түзген жиналыс қаулысы: «По обмене мнениями единогласно постановлено: немедленно выпустить офиц. орган Кирг. Рев. Комитета под названием «Ушкун», т.е. «Искра». При чем для управления газетным делом избирается редакц. коллегия из следующих товарищей, 5 лиц: Халила Исенбаева, Ишмухамеда Бегалиева, Тамимдара Сафиева, Амиргали Менешева, Бернияза Кулиева. Коей поручить немедленно приступить к изданию газеты» деп міндеттейді.
Бес адамдық редколлегияның тiзiмiнде бiрiншi тұруы да алғашқы нөмiрлерiнде «Шығарушы-жазушылар құрамасы» деп қол қойған редколлегияға жетекшiлiк жасаған, яғни, редакторы болған Х.Есенбаев деп айтуға бір негiз. Редакторлыққа партия мүшесi, ысылған журналист, Конституцияны қазақшаға аударған сауатты адамды таңдап қою да сол кездің талабына сай келiп тұр.
Шығарушылар құрамына кiрген бес адамның Бернияз ақыннан басқа төртеуi бұрынғы бөкейлiк «Дұрыстық жолында» бiрге қызмет iстеген әрiптестер. Мәжіліске шақырылғандар тізімінде жоқ Тәмимдар Сафиевтің сырттай енгізілуін Халел Есенбаевтың айтуымен деп түсінеміз. Бұған дейiн газет ардагерi М.Ешмұхамбетовтің естелiгiне жүгiнiп, «Ұшқынның» тұңғыш редакторы болды деп келген Тәмимдар Сафиевтің өмірбаянын қоса зерттеген едік. Архивтегі тiркеу карточкалары, анкеталары бойынша оның жұмыс орны: «редколлегия при Кирвоенревкоме», қызметi: «член редколлегии». Ал оны қызметке ұсына алатын («специалиста может рекомендовать»): Х.Есенбаев екені де еленетін дерек.
Бөкей губкомының сұрақша парағын толтырғанда Тәмимдар: «Какую советскую работу исполняли, где и когда» деген сұраққа: «по народному образованию в Урде, работал в редакции в Урде и в Оренбурге» деп жауап жазған. Орынборда дегенi – «Ұшқындағы» қызметi. Анкетада ашық айтылмаған соң, Тәмимдар редакциялық алқаға Халелден кейін жетекшілік етті деп қана қалдырғанбыз. Арада 22 жыл өткенде, «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығы қарсаңында зерттеуші Қазбек Құттымұратұлы бұл сауалға толық жауап беретін құнды мақала жариялады.
Ғасырлық жылнамасын жазған басылымға сол жылдары басшылық жасаған Т.Сафиев, Ә.Байдiлдин, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, Т.Рысқұлов, О.Исаев, Б.Майлин, F.Тоғжанов, F.Мүсiрепов сынды белгiлi тұлғалар едi. Солардың қатарына Халел Есенбаевты қосқан ізденісіміз жайын қысқаша баян еттік.
«Ұшқынның» алғашқы нөміріне қанат қақтырған адамның өмірбаяны, әулеттегі, қилы тағдыры туралы бұрын айтылмаған тың деректерді алға тартайық. Әрі оқырманды мақалаға тақырып етіп қойған әулеттік мәртебенің сырына қанықтыра кеткіміз келеді. Халелдің қайраткерлік келбеті сонау XIX ғасырдың алғашқы кезеңінен бастап ұлтына шапағаты тиген бір үрім-бұтақтың өнегесімен қалыптасқан екен.
Кейінге көз салсақ, тарихы терең, тұлғалары тұғырлы Бөкей ордасы өзінің құрылғанына жүз жыл толуын тағылымды бір бастамамен баянды етіпті. 1901 жылы Бөкей ордасынан Ресей астанасына қазақ депутациясы аттанды. Құрамында университет білімді, ғылым кандидаты лауазымды Бақтыгерей Құлманов, Бөкей ханның немересі, Тәуке сұлтанның ұлы – Нұрмұхамед Бөкейханов, ордадағы дәулетті тектен тарайтын Ибрагим Танашев бар қазақ өкілдігін ІІ Николай патша қабылдайды. Бақтыгерейдің кейіннен Дума мүшесі, Алаш көсемдерінің бірі болғаны тарихтан аян. Ибрагим – Алаштың арысы Уәлитхан Танашевтің ағайыны. Нұрмұхамед – Құрманғазы оркестрін құруға тікелей атсалысқан атақты күйші Махамбет Бөкейхановтың әкесі. Үшеуі де патша алдында қазақ атынан сөйлеуге қай жағынан да лайықты тұлғалар. Ал елшілік топтың төртінші мүшесі Мұхамеджан Есенбаев болатын.
Осы арада «Ұшқынның» алғашқы редакторының аты-жөнін – Халел Мұхамеджанұлы Есенбаев деп толық жазып қоялық!
Петербургке баратын адамдарды іріктегенде таңдаудың бірі Мұхамеджанға түсуі тегін емес. Ұлтына оқу-білімге жол ашқан Жәңгір ханның ісіне адал жұрты орданың ғасырлық белесін оқудағы қазақ жастарына ерікті түрде қаражат жинаумен атап өткен болатын. Астрахань губернаторы Газенкампф Петербургке жолдаған хатын: «По желанию киргиз испрашиваю разрешения ознаменовать этот день торжественным праздником и собранием добровольных пожертвований на стипендии киргизов, обучающихся в университетах, гимназиях, реальных училищах» деп бастаған екен. «Бөкей ордасының құрылғанына жүз жыл толуына орай Петербургке баратын адамдар тізімін жолдауды парызым санаймын» депті губернатор одан әрі. Баратындардың бірі – Мұхамеджан Есенбаев.
Қазақ жастарының жоғары білім алуына атсалысып, өз тұсының озық ойлы адамы болған Мұхамеджанның ұлы Халел қазіргі Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданындағы Ағашүй ауылында 1892 жылы дүниеге келген. Орынбордағы Құсайын медресесіне түсіп, мұғалім мамандығын алды. 1913 жылы ауылға келіп, отыз бала жинап өз үйінен мектеп ашып ақысыз оқытуға кірісті. Бұл бастамаға әкесі Мұхамеджанның ықпалы болды. Елге сыйлы азаматтың шапағатын ауылдастары:
Мұқатай – жомарт кісі ел ағасы,
Бар оның сегіз-тоғыз ұл баласы,
Ішінде оқығаны Халел болып,
Жағымды жұртқа тегіс сол баласы.
Оқудан Орынбордан келісімен,
Тегін мектеп ашыпты үй ішінен.
Оқытты орысша да, қазақша да
Кедейдің балаларын тегісінен, –
деп өлеңге қосқаны да бар. Халелдің барлық анкеталарда мамандығым «мұғалім» деп көрсететіні осыдан. Ал балалардың білім алуына деген қамқорлық Есенбаевтардың одан да әрі заманнан келе жатқан әулеттік ұстанымы еді. Айтпақшы, алдына келіп тағзым еткен ордалықтардан император: «Өркениетті елдер мұндай белесті оқиғаларға арнап салтанатты қақпа, мұнаралы мешіт, тұғырлы ескерткіш тұрғызып жатады. Ордада есте қаларлық қандай іс қолға алдыңдар?» деп сұрапты. Мұхамеджандар ағарту ісіне қайырымдылық қорына 40 мың рубль қаржы жинағандарын айтып патша алдында еңсесін тіктепті.
«Ұшқынның» көшбасшылары Тәмимдар мен Халелдің өмірбаяндары да егіздей ұқсас. Екеуі бір өңірде бір жылда дүниеге келген. Құсайын медресесінен білім алған. Ордадағы ағартушылық, газетшілік қызметтері, жаңа заман орнату жолындағы іс-жігерлері де сан қиылысады. Тіпті газеттің алғашқы редакторы екеуінің қайсысы деген тұжырымның өзінде бір-біріне жол беретін, кейде бірі алға шығатын әріптестік, бәсекесіз деректер қанаттасып отырады.
Тегі қарақалпақ Тәмимдардың арғы бабалары төрт түтін болып Орталық Азиядан ауып келіп, Жәңгір ханнан қоныс алған. Содан бастап бөкейлікте өсіп-өніп қазақ болып кеткен әулеттің ұрпағы. Ал Халелдің аталары бөкейлікте сол тұста дәуірлеген.
«Әмірі күшті Алланың атымен және Бүкілресейлік императордың келісімімен мен, генерал-майор және кавалер, Астрахань даласын жайлаған Кіші жүз қазақ ордасының ханы, осы грамотамен қол астымдағы тама руының кенжебай бөлімшесінің старшыны Есенбай Қожабекұлына халық мұқтажына қайырымы үшін өз ұйғаруыммен және бабаларымнан мирас еткен құқым бойынша өзінен тарайтын ер жынысты ұрпағына кететін тархан атағы беріледі. Мұхамед хижрасының 1258 жылы, Христің туған күнінен 1842 жылы, менің хандық етуімнің он сегізінші жылы Нарын құмындағы ордамда берілді.
Есенбай Қожабекұлының тархан атағына берілген бұл грамота Жоғары мәртебелі ханның кеңсесінде шығу кітабында 1842 жылдың 7 шілдесінде 1451 болып жазылды. Кеңсе бастығы Раевский».
Есенбай тархан есімінің құжатқа ресми түсуі ханның осы пәрменінен басталады. Орданың беделдісі бұл атаққа қатал қысты, жұтты да ызғырықты жылдары малына тегін азық үлестіріп, жанына ас-қорек ұсынып, халықты аман сақтап қалған ізгілігі лайық деп танылған. Сол еңбегі үшін 1839 жылы Петербургке патшаның таққа отыру ұлықтауына барғанда Анна ленталы алтын медаль алды.
Есенбайдың балалары Хайролла, Ғұбайдолла, Ғатаулла да әке үлгісінен айнымай халықтың мұң-мұқтажын үнемі назарда ұстады. Ішкі орда шебінің депутаты Ғұбайдолла Есенбаев қазақтың игі жақсыларымен бірге 1860 жылы Петербургке барды. Қазақ офицері Әлмұхамед Сейдалин тілмаш болып қостаған, астанада танысқан Шоқан Уәлихановтың бұлар туралы елге хат жазатын, орыс этнографы П.Небольсиннің «Саяхатшы қазақтар» («Русский вестник», 1860) деген мақаласына арқау болатын тарихтағы әйгілі сапар. Ығай мен сығайлардың бірге түскен суреті «Русский художественный листок» журналының 1861 жылғы 21-нөмірінде басылды.
Ғұбайдолла сол 1860-жылдары Ішкі орданың Қамыссамар бөлігінде мектептер ашып, 130 баланы тегін оқытты. Қазақша сауат ашуды, мұсылман қағидаларын үйрететін молда мұғалімдермен қатар екі орыс оқытушы алдыртты. Есенбай тарханның тағы бір ұлы Ғатаулла қазақ балаларын оқытуға қамқорлықпен қоса мекендес отырған орыс селениесі балаларының оқуына жәрдемге деп өз қаражатынан мың күміс рубль ұсынады. «Я счелъ долгомъ принести изъ собственнаго достоянія своего, в пользу учебныхъ заведеній пособие в тысячу руб. серебром. Податель сего Внутренней киргизской орды Тарханскій сынъ Гатаулла Исенбаевъ. – 14 марта 1860 г., гор. Уральскъ» деген қамқоршыл хаты бар. Қазақтың бұл мырзалығына казачество жазушысы И.Железнов шамданып, «Русский вестникте» мұқататыны, Салық Бабажановтың қазақты қорғап оған қарсы «Апелляция киргиза к публике по поводу статьи «Русского вестника» под заглавием «Киргизомания» атты мақала («Северная пчела». 1861. № 138) жазатыны тарихтан хабардар әлеуметке белгілі жәйттер болса керек.
Халелдің туған атасы Хайролла Есенбаевтың да әулет дәстүріне адал болғаны оның ұлы Мұхамеджанның қазақ жастарының мамандық алуына деген жанашырлығынан көрініп тұр. Қайраткер Халелдің «мамандығым мұғалім» деп айнымауы әулетінен дарыған қасиет. Ол шын мәнінде Қазақстанның халық ағарту ісінде елеулі із қалдырған тұлға. Жиырмасыншы жылдары Бөкей ордасында оқу-ағарту ісін жолға қойды, Орал губерниялық халық ағарту бөлімін басқарды. Отызыншы жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссариатында жаппай білім беру бөлімінің сектор жетекшісі болды. Арасында Қарағанды, Семей облыстарының білім беру бөлімдерін басқаруға жіберілді. 1935 жылы Қазақ Орталық Атқару комитетінің мүшелігіне сайланды. Қазақ мектебі үшін 1932 жылы жазған, латын әріпімен басылған «Бастауыш география және аймақтану» оқулығының авторы. Аталған оқулық бүгінде Алматыдағы Пушкин кітапханасының сирек кездесетін басылымдар қорында сақталған. Темірбек Жүргеновтің халкомдығы тұсында комиссариаттың жоспарлау-қаржы басқармасын басқарды. Жүргеновпен бірге тұтқындалуында сол жылдары комиссариаттың «Шаһнама» секілді шығыс шедеврін, ұлт тарихына қатысты еңбектерді жаздыруға қаржы бөлінуі де себеп болса керек.
Халел Есенбаев 1937 жылдың 15 желтоқсанында тұтқындалып, 1938 жылдың 3 наурызында «Горячев тізімі» бойынша атылды. 1957 жылы ақталғанда 1942 жылдың 3 наурызында қайтыс болды деген бұрмаланған куәлік жазылды.
Халелдің өз әулеті туралы бірер сөз. 1922 жылғы анкетасында айтылған үш қарындасының тағдыры да өнеге болардай. Үлкен қарындасы Гүлмай – белгілі заңгер Ғаппас Жәнібековтің, ортаншысы Райхан – әйгілі кавалерист, мемлекет және қоғам қайраткері Хамит Чуриннің, кішісі Мүнира – арқалы ақын Тайыр Жароковтің қосағы болып, белгілі әулеттердің ұрпағын жалғады. Халелдің қызы Шолпан – мемлекет қайраткері, Қазақстан КП Орталық комитетінің екінші хатшысы Сағидолла Құбашевпен отбасын құрды. Ұлы Нариман Қазақ КСР Тамақ өнеркәсібі министрлігінде лауазымды қызмет атқарды.
Бүгінде әйгілі мүсінші, профессор, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Асқар Нариманұлы Есенбаевтың атағы алысқа әйгілі. Халелдің туған немересі.
1919 жылдың желтоқсанында Х.Есенбаев пен Т.Сафиев бастаған ордалық газетшілер аты сәулелі, заты ұлтжанды «Ұшқынның» төбесіне бұрынғы «Қазақстанның» рухани жалғасы, әріп-жабдығын өздері Орынборға бірге ала келген «Дұрыстық жолының» ұраны – «Бүтін дүние бейнетқорлары, бірігіңіз!»-деген сөзді сол күйі өзгертпей жазып, жаңа басылымға ақжол ашты. Бірлікке, ізгілікке үндейтін осы тіркесті келе-келе үстем де төңкерісшіл: «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген әмірлі шақыруға айналдырған кеңестің саясатынан әлі алда, елдің жайын мұңдайтын газет шығарып, жүз жылдық жылнаманың алғашқы қадамын бастады. Оның бастауында ағартушы-қайраткер, тұңғыш қазақ басылымдарының ізашары, тархан текті тұлға Халел Есенбаев тұрды.
Тілекқабыл БОРАНҒАЛИҰЛЫ,
журналист
Суреттерде: Халел Есенбаев, отызыншы жылдар (сурет тұңғыш рет жарияланып отыр); Халел Есенбаевтың (сол жақтан бірінші) отбасы (сурет тұңғыш рет жарияланып отыр)