Сонау ықылым заманнан бері төрт түлік мал бағып, одан несібе тауып келеміз. Үйірдегі жылқы, табындағы қара мал мен түйе, отардағы қой байлық көзі саналады. Рас, мал бағу – мехнаты көп кәсіп. Соңғы кезде «Мал жайылымы тарылып барады. Жем-шөп дайындау да оңай шаруа емес. Қара малға күтім жасайтын бақташы, сиыр сауатын сауыншы, қой бағатын қойшы табылмайды» деген пікірлерді жиі естіп те жүрміз. Жастар бұл салаға барудан неге қашқақтайды? Ауылдағы ағайынның жанкешті жұмысын жеңілдететін қандай жағдай бар? Бұл ретте ғалымдар мал баққан шаруаларға қандай көмек бере алады? Бергенде қандай?! IT технология арқылы «ақылды ферма» ауылға келді. Сонымен, сиырды робот сауатын болды. Қойшылар енді уақ малды компьютермен бағады десе, нанасыз ба?
Ол да рас екен. Біз бұған Отырар ауданындағы Шәмші ауылдық округіне қарасты Бестораңғыл елді мекеніндегі шопандар әулетінің жұмысымен танысқанда куә болдық. Қой өсірушілер мекен ететін жұмыртқадай аппақ үйдің алдында күн сәулесінен қуат алатын қондырғы орнатылған. Әріректе жел генераторы менмұндалайды. Демек, шопандар табиғи қос қуат көзінен алынатын энергияны тұтынады деген сөз. Ал жылжымалы-құрастырмалы шопан үйі одан да шағын. Мұнда бір отбасы тұрады. Аумағы 45 шаршы метрді құрайтын тұрғынжайда екі жатын бөлме, ас бөлме, жуынатын және санитарлық торап орналасқан. Киіз үйге ұқсас құрастырмалы жайда қойды қолдан ұрықтандыру үдерісі жүзеге асырылады. Қыс мезгілінде 500 қойға баспана болады. Жазда бастырма ретінде пайдалануға қолайлы. Жасыл сырмен боялған темір қоршаудың да қызметі сан алуан. Алдымен қойдың салмағын өлшейді. Малды сұрыптауға септігін тигізеді. Қой қырқымын сапалы өткізуге мүмкіндік береді. Торқаны тайлап, жүктерді тасымалдауды жеңілдетеді. Осылайша келешекте Түркістан облысының шопандары қой бағудың жаңа тәсіліне көшетін болады. Бұл жаңа жобалар өңір шаруаларына «Қой шаруашылығындағы модельді ферма» атты семинар-кеңесте таныстырылды. Семинарды «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Н.Әжіметов жүргізіп отырды. Басқосуда «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ» ЖШС филиалы Қ.Медеубеков атындағы қой шаруашылығы институтының бөлім меңгерушісі Т.Кенжебаев, «Агроинжинерия ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС коммерциялық бөлімінің меңгерушісі Қ.Күдер, «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директорының орынбасары, профессор Ж.Паржанов және басқалар өз ойларын ортаға салды.
Жалпы семинардың басты мақсаты – қой шаруашылығындағы модельді фермалар негізінде өндірістің технологиялық процестерін автоматтандыру бойынша трансферттеу және бейімдеу. Қазіргі уақытта республикада осы сала бойынша көптеген ұсақ фермерлік және шаруа қожалықтары құрылған және мал шаруашылығы өнімдерінің 70% -ы жеке шаруа қожалықтарында өндіріледі.
Осылайша өркениет жетістігін ең бірінші аталған аудандағы «Сыздықбеков» шаруа қожалығы сезініп отыр. Қожалық «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» базасындағы шаруашылыққа айналған. «Ақылды ферма» жобасы бойынша қойшы ауылда барлық жағдай жасалған. Мал суару жұмысы автоматтандырылған. Шопандар отардан адасса, дрон ұшырып түлігін тез табады. Ал санақ кезінде пайдаланатын арнайы сканер сырғаланған 500 қойды бір мезетте санап береді. Электронды жүйе жоғалған малды нақты анықтай алады. Тіпті төрт түліктің қоңы мен жасына дейін белгілейді.
– Ғылымның жетістіктерінсіз ауыл шауашылығы алға баспайды, – дейді «Сыздықбеков» шаруа қожалығының төрағасы Әбдімәжит Сыздықбеков. – Бізге жалпы 18 миллион теңгенің құрал-жабдықтары мен саймандары ұсынылып отыр. Мұның барлығы мал шаруашылығымен айналысатын ағайынның жұмысын едәуір жеңілдетеді. Келешекте ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастыра береміз.
Мұнда 400 түйе, 350 жылқы, 7 мыңға жуық уақ мал бар. 500 гектар жайылым жер мен 650 шаршы метр жылы қора 750 қойға арналған. Десек те, мал шаруашылығында өзекті мәселелер де бар. Ол жыл сайын құнары кетіп, сапасы төмендеп бара жатқан жайылым алқабы. Өткен ғасырда ғана 100 қойдан 150 қозы алатын шаруалардың қазіргі көрсеткіші 85-90 пайызды құрайды. Шаруалардың айтуынша, мал басын көбейтуге жайылым жер жетіспейді.
Еліміз бойынша 180 млн гектар жайылым бар. Оның 7,4 млн гектары шабындық. Ғалымдар шопандарды ауыспалы жайылымға үйрету керектігін айтады. Осы мақсатта жайылым жер қоршалып, түрлі табиғи шөп өсіретін «Заманауи жайлау» жобасы қолға алынуда. Өткен жылы «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Бәйдібек ауданында жайылымдарды мақсатты пайдалануды реттеген еді. Биыл Отырар ауданында қызу жұмыс жүріп жатыр. Ғалымдардың жобасы негізінде 40 гектар жер қоршалып, онда түрлі табиғи шөптер егіледі. Төрт түлік азықтан қиналғанда сол жерге кіргізіледі. Мұнда шланга арқылы су жеткізілген. Тіпті қойшының шұғыл шаруасы шыққанда төрт түлікті қоршалған жайлауда қалдырып кете береді. Осындай бір қораға 18 млн теңгенің ауылшаруашылық құрал-жабдықтары берілуде.
– Бұл институттың бюджетіне берілген ақша. Аталған қожалық біздің институттың базалық шаруашылығы болады. Себебі бұл шаруашылықта қойдың барлық түрі, түйе және жылқы бар, – дейді Жәнібек Паржанов. – Институттың жабдықтары осы қожалықтарға қалады. Шаруалар мамандарға тек базаны ұсынып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге жағдай жасайды.
Осы семинарда жаңа жылжымалы жедел қой ұрықтандыру бекеті таныстырылды. «Бұл нысан қашырым кезінде жұмыс істейтін мамандарға өте ыңғайлы. Жылжымалы бекетті жылына бір мезгіл ғана емес, жыл он екі ай коммерциялық мақсатта пайдалануға болады», дейді мамандар.
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
журналист
Түркістан облысы