Кеше Парламент Сенатында осы палатаның Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті ұйымдастырған «Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және өңдеу» мәселелеріне арналған Үкімет сағаты өтті.
Отырысқа Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева, Сенат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, Қарағанды облысының әкімі және басқа облыс әкімдерінің, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ осы саладағы халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері, сарапшылар мен мамандар қатысты.
Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады. Ол Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасы аясында 2030 жылға қарай елдегі қалдықтарды өңдеу үлесі 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жетуі тиіс екені туралы сенаторларды хабардар етті. Ол сондай-ақ электр энергиясын алу мақсатында қалдықтарды өртеуді және одан әрі жаңартылатын энергия көздерімен бірдей электр желілеріне беруді көздейтін «Waste to Energy» жобасын жүзеге асыру туралы айтты. «Бұл жоба қалдықтарды полигондарда көму көлемін еселеп қысқартуға ғана емес, сондай-ақ осы бағытқа инвестиция тартуға мүмкіндік береді», деді министр.
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева өз сөзінде тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын жинау, кәдеге жарату және қайта өңдеу проблемасын шешуде жүйелі тәсіл қажеттігіне назар аударды.
Сенат басшысы экологиялық проблемаларды шешу үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет деп есептейді. «Бүгінде министрлік жаңа экологиялық кодекс бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Мемлекеттік бағдарламасыз, бағыт-бағдарсыз біз ертең Экологиялық кодексті қалай қабылдайтынымыз маған белгісіз болып отыр. Бізде қазірдің өзінде тұжырымдама бар, ол 2013 жылғы деңгейде қалған, алты жыл өтсе де әрі қарай қозғалыс жоқ. Осының бәрін Сізден қатаң сұрайтын боламыз, өйткені бұл мәселелерді одан әрі кейінге қалдыруға болмайды», деді Сенат басшысы министрге.
Сенат Төрағасы бұл ретте полигондарда азық-түлік және құрылыс қалдықтарын көмуге тыйым салуға асықпау керек деп санайды. Салалық министрліктің деректері бойынша, мұндай тыйым 2020 жылдан бастап енгізіледі. «Ал оны қайда жіберетінімізді білгіміз келеді. Үкімет немесе заңдар қандай да бір балама болуы үшін не ұсына алады? Бұл мәселе әзірге толық пысықталмаған деп санаймын, сондықтан оған тыйым салуға болмайды. Өйткені ертең адамдар жұмыс істеп жатқан полигондарды жазалау басталады. Бұл мән-мағынасыз мәселе болады», деді Дариға Назарбаева.
Д.Назарбаева Қазақстан аумағындағы радиоактивті қалдықтар мәселелеріне жеке тоқталды. Ол залалды қалдықтар азаматтардың денсаулығына зиян келтіріп жатқан кезде медициналық шығындардың мәнісі жоқтығын атап өтті: «Тұрмыстық қалдықтардан басқа, бізде 170 миллион текше метр радиоактивті қалдықтар жинақталып қалған. Ол жай ғана топырақ пен атмосфераны ластап қана қоймайды, баршаға өлім қаупін төндіреді».
Салалық комитет төрағасы Әли Бектаев Үкімет сағаты барысында елімізде қалдықтарды басқару жөніндегі, оның ішіне өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар бойынша мониторинг, қайта өңдеу және кәдеге жарату енетін жүйе жоқ екенін атап өтті. Бұл елдің орнықты дамуына кедергі келтіреді.
Шараға қатысушылар алдында өнеркәсіп және өндіріс қалдықтарымен жұмыс істеу жөніндегі қауымдастықтың төрағасы Александр Рябинин, Қарағанды қаласындағы «Горкомтранс» серіктестігінің директоры Виктор Иванов, Қостанай облысындағы Лисаков қаласының қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын пайдаланушы «ИЛИН» компаниясының директоры Инна Аман, «Оператор РОП» серіктестігінің бас директоры Медет Құмарғалиев сөз сөйледі.
Сенат депутаттары Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдарды әзірледі.