Жуырда Мәскеуге жол түскен еді. Сапар барысында көне шаһардың көрікті жерлерін араладық. Сонда көңілден шыққан бір дүние – қозғалмалы, яғни динамикалық кинотеатр болды. Бұл өзі туристік әлеуетті танытуда таптырмайтын тетік екен. Зарядье паркінде орналасқан «Полет» атты медиакешенге Кремльдің көне мұнараларын аралап шығып, мейрамханада түстеніп алған соң бас сұққанбыз. Бастапқыда біздің жол бастаушы серігіміз «Қазір ұшамыз» дегенде шын мәнінде әлдебір үрлемелі алып шарға отырғыза ма, әлде әткеншекке мінгізе ме, дирижабль ме, әлде не құрал екен деп екіұдай күйде елеңдегеніміз рас.
Сөйтсек бұл кәдуілгі кинотеатр екен. Бірақ көңілде «қалай ұшамыз?» деген сауал тұрған соң орындыққа жайғасқанда қауіпсіздік белбеуін мықтап тартып қойдық. Құдды бір ұшқыр ұшақтың катапульт орындығындай аспанға қарай атып жібере ме деген қауіп те жоқ емес. Сонымен не керек, тобымыз түгел жайғасқан соң жарық сөніп, қою қараңғыда аяқ астындағы тепкішек артқа қарай сырғып, орындығымыз жоғары көтерілгендей, әуеде ілініп қалғандай болды.
...Бұдан кейін біз шын мәнінде «ұштық!». Бейнебір қанат байлап алғандай әлгінде ғана өзіміз жаяу жүріп аралаған Кремль ауласындағы Успенский, Архангельский соборлары, Қызыл алаңның үстімен қанат қағып келе жатқандаймыз. Зәу биіктен қарағанда табан астындағы адамдардың бізде шаруасы жоқ, ерсілі-қарсылы жөңкіліп, көліктер зулап жатыр. Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу сити заманауи орталығының әйдік ғимараттарының төбесінен лезде өте шықтық. Кенет қаланы тұман торлады да, көз алдымызда Ресейдің байтақ даласы жарқ етіп ашылды. Самғау деп осыны айт! Самұрықша самғап, қыранша қалықтаған біз Қиыр Шығыстан бастап, Камчатканың жанартауларының кратерінің ернеуіне дейін барып, енді от қайнап жатқан аузына үңіле бергенде, ала қашқан ұшқыр таспамыз Сібірдің ит тұмсығы батпайтын қалың тайгасын тамашалатып, қызыққа әбден кенелтті. Көз ұшында ұшып бара жатқан ұшақ тура жанымыздан моторын дүрілдетіп өте шыққанда шын мәнінде соғып кетердей жаныңызды қоярға жер таппай қаласыз. Бірауық Қапқаздың заңғар шыңдарынан қарағанда маңдайымыздан қатты соққан жел қалпағыңызды ұшырардай әсерде қалады екенсіз. Ал алып елді қоршаған теңіздерді көлбей ұшқанда моторлы қайықпен жарысып, тіпті оның соңынан шашыраған су тамшылары бетімізге бүркігенде таң-тамаша болдық. Осылай, Ресейдің ұлан-ғайыр аумағын ұшқыш кілеммен шарлағандай мәз-мейрам болып Сочидің қаптаған стадиондарын да, батыр қалалар мен ондағы белгілі ескерткіштерді де бір деммен құс қанаты талатын зеңгір биіктен көз салып көріп шықтық. Бұл бір тамаша танымдық квест болды. Бас-аяғы 10-15 минуттық фильм аяқталғанда оның қызығына қанбай, баладай елтіген біздің топ «тағы да, тағы да көреміз» десіп, Мәскеу туралы фильмді қойдырды.
Соңыра аталған медиакешендегі көк аспаннан көрген бағдарымызды нақтыласақ, Коми республикасындағы Мань-Пупу-Нердің жел қаққан тас бағаналарының арасымен, Якутиядағы Ленский қабырғаларын қапталдай өтіп, атақты Саяно-Шушенский ГЭС-інің су қоймасына құлаппыз және басқа да көрсе көз тоятын көріністер ұсынылған екен.
Бұл заманауи бейнетаспаның ең ұтымды тұсы – сендіре алатындай ең озық технологиямен түсірілуінде әрі көрсетілуінде. Бұл бір жағынан аяғың жете бермейтін, аяғың жетсе, қаржың жетпей, қаржың жетсе, уақытың жете бермейтін саяхат деген сафари дүниенің орнын баса алатындай жақсы ойын-сауық көрінді бізге. Ең бастысы, мұнда тамаша насихат бар. Және әдеттегідей жүрек айнытатын насихат емес, өздігіңізден қып-қызыл ақшаға сатып алатын нанымды насихат бар. Кешеннен шығып бара жатқанда қазақстандық қонақтарға қызмет көрсетіп жүрген қызметкерінен сұраған едік, мұндай нысан әлемде санаулы елде ғана бар екенін айтты. Жылына 2 миллионнан аса адам келеді екен. Яғни, айтарлықтай табыс көзі де.
Ойдан ой боталады. Елімізде туризмді дамытуға бағытталған сан бағдарлама мен жоба қолға алынды. Бірақ көбі нәтижесіз. Ал осы сияқты бір кешеннің Қазақстанның барлық туристік әлеуетін, тарихы мен тәуелсіздік кезіндегі жетістігін көрсетуге қауқары әбден жетеді. Яғни, бізде бюджеттің мың-миллиондаған орасан мол қаржысы құрылысына ғана емес, кейіннен ұстап тұруға да жұмсалатын, бірақ ілеуде бір пайдаланылатын ғимараттардың орнына осы іспетті пайдалы кешендерді салуға болмай ма? Неге Хан Тәңірінің ұшар басынан, Каспийдің кең айдынынан, Алатаудың ақ басынан, Алтайдың Мұзтауынан, Көкшенің ұядай көлдерінің үстінен, елорданың еңселі ғимараттарының төбесінен виртуалды түрде ұшып өтпеске?! Табысты франшиза іздеп жүргендерге ұсынысымыз – осы.