• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Желтоқсан, 2019

Ақмола облысында құқық бұзушылық көрсеткіші төмендеді

382 рет
көрсетілді

Облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасының жүргізген есебіне қарағанда үстіміздегі жылдың 10 айында құқық бұзушылықтың саны 6 процентке төмендеген. Барлығы 9 мыңға жуық қылмыс пен 1500-дей қылмыстық теріс қылықтар тіркелген.

Бұл ретте, аса ауыр қылмыс 9 процентке көбейсе, ауырлығы орта қылмыс 12 процентке төмендегенін айта кетуге болады. Төмендеу көрсеткіші Қорғалжын, Есіл, Ерейментау, Егіндікөл аудандары мен Степногорск қалаларында байқалып отыр. Облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма мамандары ауырлығы орта қылмыстардың азаюының басты себептерін былайша түсіндіреді.  

–Менің ойымша, мемлекеттік органдармен жүргізілген алдын-алу шараларының нәтижесінде ауырлығы  орта қылмыстар саны төмендеп отыр. Ірі елді мекендерде бақылау бейнекамералары  орнатылуда. Осылайша, бақылаудың әсері өте көп. Қазір тонау фактілері де азайды, дейді облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасының бастығы Күнсая Балғожина.

Облыс орталығындағы бұрынғы жылдары қылмыс көп орын алған шағын аудандарды бақылау үшін ғаламтор желісінде қылмыстық құқықбұзуышылық картасы орнатылған. Осы карта арқылы кез-келген адам белгілі бір ауданның қылмыстық жағдайын көріп, сол арқылы тұрғылықты мекенді таңдауына, баласын оқыту үшін қауіпсіз ауданды іріктеп алуына әбден болады. Сонымен қатар, облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасының өкілдері құқықтық бұзушылық бойынша өтініш берушілерге жіберілетін смс-хабарландырулар мен автоқоңыраулар қызметтерінің іске қосылғанын айтуда.

–Яғни, полиция қызметіне өтініш берген азаматтарға белгіленген мерзім ішінде қаралған өтініштерінің нәтижесі туралы смс-хабарландыру жіберіледі. Бұдан бөлек, автоқоңырау да соғылады. Егер өтініш беруші шығарылған шешіммен келіспеген жағдайда қайда қоңырау шалу керектігі айтылады. Яғни, біздің басқарманың телефоны беріледі. Біз келіп түскен қоңырауларды ескеріп, кездесіп, тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Осындай тексерістердің нәтижесінде бірнеше қылмыстық құқықтық бұзушылықты есепке алдық, дейді облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасының бастығы Күнсая Балғожина.

Қылмысты есепке алатын мамандардың айтуынша, барлық қылмыстардың ішінде өзгенің мүлкін тонау кең тараған. Қаскүнемдер көбіне қоғамдық орындарда жүріп, ұялы телефондарды тонауды әдетке айналдырған.

Соңғы жаңалықтарға орай өзгенің мүлкіне көз алартатындар сейіліп келеді.