• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Желтоқсан, 2019

Тәуелсіздік һәм түркі жұрты

680 рет
көрсетілді

Қазақстан өз егемендігінің жиырма сегіз жылдығын шоң салтанатпен атап өтуде. Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі мезгілде Республика орасан зор игілікке қол жеткізді, қуатты мемлекетке айналды. Осы жылдары Қазақстан әлемдегі бәсекелестікке қабілетті елу мемлекеттің қатарына қосылып, енді озық отыз мемлекеттің көшіне кіруге бет алды.

Әлбетте, осы сияқты толағай табыстар бауырлас қазақ елінің жасампаз еңбегінің де жемісі, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің, көрегендігінің нәтижесі деп білемін. Бұл орайда «Халқы қандай болса, басшысы сондай болады» деген хадисті мысалға тартқаным орынды болар. Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлттық лидері бар Қазақ елі бақытты.

Биыл Қазақстанда аса үл­кен сая­си оқиға болды. Билік транс­фор­мациясы бүкілхалықтық сай­лау­дың барысында жаңа лидерге өтті. Мұндағы ең басты мәселе, елді басқарудың сабақтастығы сақ­талып қалды. Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастаған, жүр­гізген істерін одан әрі жалғас­тыруда. Қазақстан осыған дейінгі қар­қынымен алға адымдаса, Тұң­ғыш Президенттің кезінде қабыл алынған стратегиялық мақсаттар үдесінен шығатыны сөзсіз.

Қырғызстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлын Орталық Азиядағы, бұдан да кеңірек аядағы әлемдегі түркі елдерінің ақылгөй тұлғасы деп таниды. Н.Назарбаев еге­мен­діктің алғашқы жылдарынан бас­тап Орталық Азия мемлекет­тері­нің одағын құру идеясын көтеріп, бұл бағытта көп күшін жұмсады.

«Алтынды тот баспайды» демекші, асыл идеялар көнер­мей­ді екен. Өткен қараша айы­ның аяғында Ташкент қала­сында болған Орталық Азия мем­лекеттерінің екінші Консуль­тативтік кездесуінің қорытынды­сы бойынша төрт елдің – Өзбек­станның, Қырғызстанның, Түрік­мен­станның және Тәжікстанның президенттері Нұрсұлтан Назар­баевқа Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік жиналысының Құрметті төрағасы мәртебесін беру туралы шешім қабылдады. Мұндай шешім Нұр­сұлтан Әбішұлына ұйымның ісі­не белсенді түрде қатысуын жал­ғастыруға, ағалық ақылын айтуға мүмкіндік береді. Бірінші бас қосуы Тұңғыш Президенттің баста­масымен Қазақстанның астанасында өткен осы Консультативтік жиналыстың Ташкенттегі екінші кездесуінде Н.Назарбаев бірнеше өзекті мәселені ортаға салды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісім» жасасуды ұсынды.

«Тауарлардың, қызметтердің және капиталдың қозғалысына тосқауыл болатын кедергілерді алып тастау арқылы «кедергісіз Орталық Азияны» қалыптастыру керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев осы жиналыста. Қазақстанның ұлт­тық лидерінің бұл сөзін қыр­ғызстандықтар жақсы рәуіш­те қабыл алды. Бір жарым ғасыр ілгері Еуропалық ғы­лыми орта «Азия – адамзат бе­сігі» деп өркениеттің өзегі екі қос өзен – Әмудария мен Сыр­­­дарияның жағалауларында еке­нін мойындаған. Ал енді Түр­кі әлемінің бесігі – Түркістан қала­сын қайыра түлетуде Тұңғыш Президент дер кезінде нақты ше­шімдерді қабыл ала білді. Оның Жарлығымен Оңтүстік Қазақ­стан облысы Түркістан деп аталып, орталығы Түркістан шаһары болды. Жарлықтың шара­паты екі бір­дей маңызға ие. Бірін­шісі, әри­не, шаһар әлемдегі түр­кі халық­тары­ның назарын өзіне аудар­ды, екін­шісі – Қожа Ахмет Ясауи­дің мәр­тебесі артып, мұсылман жұр­ты­ның тәу ететін киелі жері болады.

Биылғы қазан айының 14 жұл­дызында Әзербайжанның астанасы Баку қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің (Түркі кеңесі) жетінші отырысы елеулі оқиғаларымен есте қалды. Өзбекстан Түркі кеңе­сінің толыққанды мүшесі болды. Ежелгі мажар қыпшақтарының мұрагері Венгрия кеңеске алғаш рет бақылаушы ел ретінде қатыс­ты. Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевқа «Түркітілдес мемлекет­тер ынтымақтастық кеңесінің ғұмыр бойғы Құрметті төрағасы» мəртебесі беріліп, Түркі әлемінің ең жоғарғы орденін тағайындау, оның алғашқысын Н.Назарбаевқа беру ұйғарылды. Бұл Тұңғыш Президенттің түркі халықтарының басы қосылса деген отыз жылға жуық қажырлы әрекетіне берілген ла­йықты баға болды. Түркі ел­дерін біріктіру туралы пікірін Н.Назарбаев сонау 1992 жылы Түр­кия­ның сол кездегі басшысы, премьер-министр Сүлеймен Де­ми­­рел, Қырғызстанның сол кез­­дегі президенті Асқар Ақаев­пен Анкарадағы жолығуында айт­­қан еді. 1993 жылы Түркі Рес­­пуб­ли­касының 69 жылдық ме­рей­­тойында бастаманы Әзер­бай­­жан­ның сол шақтағы прези­денті Әбул­фаз Елшібей қоста­ған. Н.Назар­баев ұйытқы болған осы төрт­тіктің 1993 жылы Халық­ара­лық түркі мәдениетінің ұйымы – ТүркСОЙ құрылды. Тұңғыш Пре­зи­денттің тікелей ұсынысымен 2008 жылы Түркітілдес мемле­кет­­тер­дің парламенттік ассамблея­сы (ТүркПА), 2010 жылы штаб-пә­тері Қазақстанның елордасын­да орналасқан Халықаралық Түркі ака­демиясы құрылды. Бұл инс­ти­­тут­тардың барлығы құрыл­ға­н­нан бері қарай түркі елдерінің эко­номи­касын өркендету, рухани бай­ла­ныс­тарын нығайту бағыт­та­рын­да ауқымды істерді атқа­рып келеді. Бұ­лар­дың ішінен түркі ха­лық­тары­ның түп-тамыры бол­ған қазақ-қыр­­ғыз елінің ын­ты­мақ­тас­тығын ны­­ғайту­да Халық­ара­лық Түркі ака­­де­миясының салымы сал­мақты еке­нін қырғыз елінің өкілі ретінде біл­діріп қою парызым. Академия екі жыл­­дың ішінде Қазақ­станда және Қыр­­ғ­ызстанда бауыр­лас екі ел­дің зия­­­лыларының төрт фо­ру­мын өт­­кізді. Бұлар жай ғана деклара­тив емес, нақты жұмыс­тармен қосталуда.

Нұрсұлтан Әбішұлының түр­кі халықтарының ынтымағын шың­даудағы рөлін Түркияның Президенті Режеп Тайип Ердоған «Түркі әлемінің ақсақалы» деп дәріптеп, алқалы жиындарда дәйім төрден орын беріп келеді. Бұдан үлкен сипаттау бар ма?

Қазан айындағы түркі мем­ле­кет­терінің басқосуында Н.На­зар­­баев «Түркі келешегі – 2040» бағ­дарламасын әзірлеуді және Түр­кі­тілдес мемлекеттер ынты­мақ­тастығы кеңесін ұйым деңге­йіне көтеріп, «Түркітектес мемле­кеттер ұйымы» деп атауды ұс­ынады. Бұлар да бауырлас елдер­дің көкжиегіне көз салған ақсақа­лы­мыздың ғибраты.

 

Ташполат САДЫҚОВ,

түркітанушы, «Вильгельм Томсен» сыйлығының лауреаты, Қ.Қарасаев атындағы Қырғыз мемлекеттік гуманитарлық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы

Қырғыз Республикасы,

Бішкек қаласы