Тәуелсіздік деген теңдессіз қуаныш, басымыздағы бақыт. Жер бетін мекен еткен халықтың арасында қырыққа жуық түркі ұлты өмір сүреді екен. Олардың жалпы саны әлем халықтарының ішінде 250 миллион шамасында екенін біліп отырмыз. Бұл көрсеткіш Ресей құрамындағы жалпы адам санымен барабар деген сөз. Осы қырықтан аса түркі ұлтының ішіндегі алтауы дербес мемлекет. Солардың бірі – менің Отаным Қазақстан. Көз алдымызда өткен тәуелсіздіктің отыз жылға таяу мезгілі әне-міне дегенше өте шығыпты. Бұл отыз жыл әлденеше ғасырлық тарихты басымыздан өткізгендей шежіреге толы, оқиғаға бай, табысқа кенелген, таңғаларлық керемет кезең болды дер едім.
1916-1917 жылдардағы мәлімет бойынша алты миллион адам 1946-1947 жылдарға келгенде екі миллионға түсіп, төрт миллион халық жоқ болып кетіпті. Олар қайда кетті дер болсақ, 1917-1920 жылдардағы азамат соғысы, 1920-1930 жылдарға дейінгі байларды жаныштау, мал-дүниені тәркілеу, 1930-1932 жылғы қолдан жасалған ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін, «халық жауларын» жазалау науқаны, 1941-1945 жылдардағы фашистік Германияға қарсы қан-қасап соғыс секілді сұрапыл жылдар, сүреңсіз уақыттар, басымыздан өтіпті. Айналасы отыз жылдың ішінде өсудің орнына өшіпті, көбеюдің орнына кері кетіпті. Төрт миллион адамнан айырылу – ащы азап, теңдессіз шығын... өзекті өртер өкініш. Сондай сойқанды отыз жылға жылаулы көзбен қарап отырып, міне, бүгін де отыз жыл басымыздан сырғыпты.
Бұл отыз жылда ең бастысы орнықтылық сақталып, Отанымыздың көркейіп дамуына кең жол ашылды. Айғай-аттансыз, қантөгіссіз, қайғы-қасіретсіз бір жүйеден екінші жүйеге емін-еркін өттік. Дағдылы жолдан жаңа жолға ауысып дағдарып қалсақ та, тез ес жиып, етек-жеңімізді жинап, өмірге жаңадан туғандай болып, болашаққа үмітпен қарай алдық. Күдігіміз сейілді. Шетелден қандас бауырларымыз келіп, көш-керуеніміз түзелді. «Елге ел қосылса – құт болады» деп, қазақ тілінде сөйлейтін, ұлттық дәстүр-салтымызды ұстанатын зиялы жұрт өкілдері көбейіп, диқан-малшылар арамызды толықтырды. Жаңадан кәсіп көздері ашылып, мектептегі оқушы саны қауырт көбейіп, студенттердің қатары қалыңдады. Халықтың жан саны 18 миллионға өсіп, өмірімізге өзгеріс кіріп, тыңнан тіршілік басталып, «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды». Арқа төсінен айшықты алып қала Нұр-Сұлтан бой көтерді. Міне, арғы отыз жыл мен бергі отыз жылдың жер мен көктей айырмашылы осылай көрнектіленіп көңіліміз өсті, жүзімізден шуақ есті. Осының бәрі өздігінен бола қалған жоқ, халықтың өзегінде мықты ұйытқы, ұйымдастыра білетін, бағыты айқын, бағдары тура мығым ойлы, парасатты басшы болғандықтан да бұралаң жолда бұғып қалмай, қиын күндерде қисайып кетпей алға бастық.
Өз басым жазушы болғандықтан, маған ең жақыны қаламгерлердің өмірі, шығармашылық ортаның шындығы дер едім. Ақын-жазушылардың жасампаздық еңбек жолы тәуелсіздікпен біте-қайнасып кеткен. Ең бастысы, жазушының жан жүрегінен туған төл туындыларының жолы ашылып, оқырманмен жүздесті. Көркем дүниелерден цензура алынып тасталып, шығармашылық жолындағы авторлардың еркіндігі қорғалды, қаламға ерік берілді. Сонымен ғана шектелмей, қаламгерлерді үздіксіз түрде ынталандырып, биік марапаттар мен жоғары дәрежелі сыйлықтарға кенелдірді. Әр жыл сайын мемлекеттік қаржымен кітаптарын басып шығарып өңірлерге таратты. Елбасы қаламгерлер қауымын есінен шығармай кездесулер мен жүздесулерді жолға қойып, жазушылардың жанайқайын, халықтың мұң-зарын тыңдаудан жалыққан емес. Онымен қоса жаңа заман, дабыралы дәуіріміз туралы еңбек адамдарын, бүгінгі күннің геройларын суреттеп образдар жасауға шабыттандыра білді. Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрындағы 2005 жылғы кездесуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі мәселені қадап тұрып айтты. Бірі, тәуелсіздік есейткен еңбек адамын, уақыт тудырған тың шығармалар және оның әдеби қаһармандарын жарыққа шығару. Екіншіден, ұлттық әдебиеттің мәйегінен айырылмай, әр ұлт қаламгерлері өз бағытын батыл жалғастыра беруді санамызға сіңірді. Әне, сол үндеудің нәтижесі мен шабыттандыруынан болар, мен Ұйғыр ұлтынан шыққан кәсіпкер, ұлт зиялысы, меценат Ділмұрат Қузиев туралы «Ділі зия» романымды жазып шықтым. «Жазып шықтым» деген жай әңгіме, ол үшін 4-5 жылымды сарп қылып көз майымды тауысып көркем образ жасап, көпшіліктің көкірегіне қондырдық. Кейін бұл романымды ақын-аудармашы Дәулетбек Байтұрсынұлы қазақ тіліне аударып, роман қазақ оқырмандарына жетті. Ол арқылы тәуелсіздік жылдарындағы заман келбеті, адамдар тағдыры, экономикалық үрдістердің орындалу барысы баяндалды. Осылайша Көкбазарда жүгері сатып жүгіріп жүрген қара сирақ бір баланың есейе келе білім алып биіктей түскенін, техника тілін меңгеріп, кәсіпкерліктің қыры мен сырын меңгергенін, жақсылығы өз басынан асып, ұлтқа, мемлекетке еңбегі сіңген қайраткерге айналғанын жарқырата көрсеттім. Тағы бір маңызды мәселе, қазақ пен ұйғырдың ежелден қанында бар, таңдаулы дәстүрі, ардақты жолы ата-ана сыйлаудың үздік үлгісін сақтап келген әулеттің өнегесін өрнектедім. Міне, бұл Елбасы қамқорлығы мен біздің үлкен мақсатқа үн қосуымыз екені анық. Осы бағыттан жаңылмай, Елбасы кітаптарындағы елеулі кезеңдерді сюжет ете отырып «Астана» деген публицистикалық драма жазып шықтым. Ол Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының шығармашылық репертуарына еніп, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында үлкен сахнада қойылды. Осылайша ел астанасының қалыптасуы Елбасы еңбегімен тығыз бірлестіріліп көрсетілді.
Менің жазған дүниелерім ұйғыр, қазақ, орыс тілдеріне аударылып қана қоймай, соңғы жиырма жылдың бедерінде туысқан түрік және әзербайжан тілдеріне аударылып, «Идиқұт», «Шарбақ» атты шығармаларым құрлық асып, әдеби өрісім кеңіді. «Мұқамшы» деп аталатын ұлттық мәдениетіміздің жауһары саналатын құнды еңбегім түркі дүниесін шарлады. Міне, көріп отырсыздар, осының барлығы тәуелсіздік сыйлаған бақыт, елдіктің арқасында іске асқан елеулі оқиға деген болар едім.
Өткен ғасырдың 1986 жылы өте ауыр бір кезең болды. Ол тұста ұлт көсемі Дінмұхамед Қонаевқа жала жабылды, жазықсыз жәбірленді. Қазақстан туралы түк те білмейтін ұрдажық Колбин билік басына келіп, Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете қалды. Сол тұста бәрімізге де тарихи кезең, сын сағаттар тап болды. Оның қалай болғанын, соңы немен тынғанын айтпай-ақ қояйын. Дәл сол жылдары мен Қазақстан Жазушылар одағы парткомының секретары болып істеп жүрген кезім болатын. Одаққа екпіні тауды құлатып, орманды жапырғандай болып Колбин келді. Жазушылар одағында үлкен жиналыс ашылып, оны жүргізу, партком хатшысы маған жүктелді. Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі... Коммунист ретінде ақ пен қараны ажыратпай орталықтың сойылын соғу керек пе, әлде жанбауырларым қазақ жастарының жақтаушысы болуым керек пе?!. Жайшылықта кімнің кім екенін білмейді екенсің, ауыр күн туып, «ат ауыздықпен су ішіп, ер етігімен су кешкенде» адамдық ардың таразысына түсетінің анық. Ішім бәрін сезіп тұр, аузы дуалы деген ақсақалдар С.Шаймерденов Ж.Молдағалиев тебірене сөз алды, қаламы қарымды деген қасқа мен жайсаң мінбеге шықты... Қайсы бірін айтайын, кімнің не дегені құлағымда әлі жаңғырып тұр. Мұсылманның ерекшелігі – біреудің мінін бетіне баспау дейді екен. «Сен мүміннің күнәсін жасырсаң, Алла сенің күнәңді жасырады» депті, адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Менің айтпағым мынау: Сол күн басқаны қайдам, мен үшін сұмдық ауыр болды. Бірі Колбиннің шашбауын көтеріп қазақ туыстарды жалалы етіп, өзім болсам ертең ел бетіне қарай алмай тірідей өлу жолы, енді бірі шындықты тіліп тұрып айтып, тілтартпай кету (сотталу). Бірақ маған ар соты бәрінен биік, бәрінен өктем болып көрінді. Не айту керек? Кімнің жыртысын жырту керек? Осындай сана сапырылысы мен кісіліктің текетіресінде менің жүрегім сыздап, жаным күйзеліп есімнен танып құладым. Тірі жүруге бола, тілден қателесуден гөрі өлген артық болар еді. «Аяқтан сүрінсең тұрасың, ауыздан сүрінсең тұрмайсың» деген бабалар сөзі жадымда. Иә, мен уақыттың сынында бір ауыз тіл қатпай жығылдым. Бәрін кейін білдім, есімді жиып тірі екенімді көргенде құлағыма жеткен шындық былай өрбіпті. ...Мен есімнен танып жығылыппын, біреуді біреу біліп болмайтын саяси соғыс қантөгістен де ауыр болғаны анық. Шығыстың бір ойшылы «Соғыс қан төгілетін саясат, Саясат қан төгілмейтін соғыс» дегенінің шын екенін мен жаныммен сезінген адаммын. Иә, сол сәтте енді ғана жиырма бес жасқа толған талантты жас жазушы Жүсіпбек Қорғасбек бауырым мені жатқан жерімнен тік көтеріп жедел жәрдемге ала жүгіріпті. Далаға шығарып таза ауамен тыныстатып дәрігерге жеткізіпті. Егер мен қазақтар туралы, ұлттың болашағына жан ауыртқан қазақ ұландары туралы жалғыз ауыз жаман сөз айтқан болсам, сол ұлттың текті перзенті Жүсіпбектің маған мейірі түсер ме еді?!.. Ал Жүсіпбек мені әкесіндей көтеріп әлгі жантүршігерлік ортадан алып шығыпты. Ол бауырым бір ұйғыр жазушысының өмірін осылайша сақтап қалды. Сол қиын сәттен құтылғаным үшін, өмірге екінші мәрте жолдама алғаным үшін, бірінші Аллаға, екінші Жүсіпбекке борыштармын!..
Тәуелсіздік жылдарында мен әр кез қоғамға саналы түрде назар аударып, өз үнімді ел-жұртқа жеткізіп отырдым. «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Уйғур авази» газетінде ылғида пікірімді ашық түрде жариялап әр жылғы жолдауларды қолдап қуаттадым. Қаламымның жеткен жерінше халыққа түсіндірдім. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша, «Ұлы даланың жеті қыры» бойынша «Егемен Қазақстанда» көлемді мақаламды жариялап ұлттық идеологиямыздың бағыт-бағдарын елге нәсихат еттім. Қаламгерлік салауатыммен ұлттардың ынтымақ бірлігіне бір кісідей есе қосып келдім.
Тек тату-тәтті халықтар ғана алаңсыз өмір сүреді. «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Әнуәрбек Әуелбекке берген сұхбатымда: «Біздің ұйғыр халқында да көршің қазақ болса, ұйқың тыныш болады», деген мақал бар деп, ыстық көңіл, жылы пейілімді осы мәтелге сыйдырған болатынмын. Осынау жылдар ішіндегі еңбегімді ескеріп-елегені болар, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев менің туған күніме орай арнайы құттықтау жолдап, сексеннің сеңгіріне шыққанымды атап өтіп, маған зор денсаулық, жемісті шығармашылық тіледі.
Ахметжан АШИРИ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш», «Қорқыт ата» сыйлықтарының лауреаты