• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Желтоқсан, 2019

Француздар зейнеткерлік реформасына қарсы

339 рет
көрсетілді

Франциядағы зейнеткерлік реформасына қарсы митингілер әлі жалғасып жатыр. Екі апта бұрын реформаға наразылығын білдірген халық, өз қалауына жетпей үйлеріне қайтпайтын сыңайлы. 17 желтоқсанда үшінші жалпы ұлттық акция өтіп, оған республика бойынша 615 мыңнан астам адам қатысқан.

CGT Кәсіподақтар ұйы­мы Франция бойынша мани­фестанттардың жалпы саны 1,8 млн деп болжап отыр. Олар­­дың 24,7 пайызы темір жол жұмыс­­шылары, 12 пайызы бастауыш мек­теп мұғалімдері, 19 пайызы оқу орын­дардың қызметкерлері деген дерек бар. Ме­дицина, сот қызметкерлері, полицейлер де наразылар қатарында. Адам қарасының көптігі сонша, сарапшылар мұны былтырғы «сары кеу­дешелер» митингілерінен асып түсті дегенді айтады.

Ал халықтың бас көтеруіне ел пре­зиденті Э.Макронның зей­неткерлік реформасын жасауы себеп. Францияда зей­неткерлікке қатысты 10-ға жуық бағ­дарлама бар. Саясаткерлердің айтуынша, оларды қарапайым халықтың тү­сінуі қиын. Президент бағдарламаларды біріктіріп, бір жүйе әзір­леуді ұсынған. Нақты айтар болсақ, мемлекет басшысы балдық жүйені ұсынып отыр. Яғни, реформа қабылданған жағдайда, зейнетақы ұпайларға сәйкес төленбек. Ал бұл көптеген мамандық иелерінің жағдайын қиындатпақ. Бұл тізімге теңіз­шілер, заңгерлер, тіпті опера әртістері де еніп отыр. Жалпы, Францияда соңғы 10 жылда зейнетке шығу жасы 60-тан 62-ге ұлғайтылған. Бұл – озық елдердің арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Мәселен, Ұлыбританияда халық 66 жаста зейнетке шығады. Макрон ұсынып отырған реформа бара-бара зейнетке шығу жасын да ұлғайтпақ. Оның айтуынша, жаңа ережелерге сәйкес, 62 жаста зейнетке шығу тиімсіз болып, халық 64 жасында аталған игілікті көретін болады.

Белсенділер жүргізген сауал­дама­ның нәтижесіне қара­сақ, халықтың 75 пайызы реформаға қарсы. Бір қызығы, бұ­ған алаңдатушылық танытқандар 18-34 жас шамасындағы азаматтар.

Франция премьер-ми­нистрі Эдуард Филипп зейнет­ке шығудың төменгі жасын сақ­­тап қалатынын хабарла­ды. «Бұл таңдау құқығы. Біз ­аза­мат­тарымызға 62 жасын­да да жұмысын тоқтауға мүм­кіндік береміз. Дегенмен, француз хал­қын ұзақ әрі көп жұмыс іс­теуге үгіттеуіміз керек», деді. Реформа қабылданса, депутат­тар, құқық қорғау­шылар, темір­ жол жұмысшылары бір ереже бойынша зейнетақы алмақ. Ал жаңа жүйеге сәйкес зейнет­ке шыға­тындардың бірінші легі 2004 жылы туғандар деп жос­пар­ланған. Президент бұл реформаны Парламент ақпанда қарай­­тынын айтты.