Қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-процестік құқықтың, сонымен қатар мемлекеттің құқықтық саясаттың маңызды саласы – қылмыстық саясат. Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін, бұған дейін қолданылып келген 1959 жылғы Қылмыстық кодекс егеменді еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өзгерістерімен үйлеспейтіні, тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейтіні айқын болды.
Ең алдымен, онда жалпыадамзаттық құндылықтар, адам құқықтары мен бостандықтары және мемлекеттің халықаралық міндеттемелері құрметтелмеді (Қылмыстық кодекстің нормаларында идеологиялық басымдықтар тән болды). Сондықтан 1997 жылы қабылданған Қылмыстық кодекс адам құқықтары мен бостандықтарының табиғи, ажырамас басымдықтарына негізделген әлеуметтік құндылықтардың жаңа өрісін анықтады.
Мемлекеттің қылмыстық саясатты оңтайландыру қылмыстық сот төрелігінің тиімді үлгісінсіз мүмкін емес. Соған орай қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру айтарлықтай күшейді. Осының барлығы қазіргі заманғы, демократиялық, құқықтық мемлекет сипаттамаларына сәйкес 1997 жылғы Қылмыстық-процестік кодексінің қабылдануының негізі болды. Бұл ретте заң шығарушының негізгі мақсаты – адам мен азаматтың тікелей құқықтары мен бостандықтары туралы конституциялық нормаларды тану, заңдардың мәнін, мазмұны мен қолданылуын анықтайтын және сот төрелігін қамтамасыз ететін қылмыстық іс жүргізу заңнамасын қалыптастыру болды. Осылайша қылмыстық іс жүргізу кодексінің келешектегі дамуы адам құқықтары мен бостандықтарын сөзсіз қорғауға бағытталған қылмыстық сот төрелігінің негізге алынатын қағидаттарды одан әрі дәйекті жүзеге асыруына тікелей байланысты болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл ҚПК – қылмыстық процестің континенттік (аралас) үлгісіне жақын.
Қазақстанның тәуелсіздік алған сәтінде республиканың пенитенциарлық мекемелерінде 100 мыңнан астам адам болды. Ал біздің мемлекет Америка Құрама Штаттары мен Ресейден кейін «түрме халқының» индексі бойынша үшінші орынды иеленді. Оған қоса, түзеу мекемелерінің сотталғандарға толы болуы тиісті гигиенаның болмауына, азық-түлік жетіспеушілігіне, медициналық көмектің нашар көрсетілуіне алып келді. Бұл проблемалар өз алдына, туберкулез және басқа да жұқпалы аурулардың таралып, түрмелердегі өлім-жітімнің көбеюіне әкелді.
1997 жылғы Қылмыстық іс жүргізу кодексі қабылданғаннан бері Қазақстанда жоғары халықаралық стандарттарға жауап беретін қазіргі заманғы қылмыстық сот төрелігі жүйесін қалыптастыру тұрғысынан көп нәрсе жасалды. Бұл кезеңнің, қылмыстық іс жүргізу заңнамасының ең маңызды артықшылықтары мыналар болды: адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың әділетті әдістерімен қамтамасыз ету; айыптау, қорғау, iстi мән-жай бойынша қарау функцияларын бөлу; тараптардың нақты бәсекеге қабілеттілігі мен теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған нормаларды әзірлеу; сотқа жаңа мәртебе беру; қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу процесін оңтайландыру; қылмыстық қудалаудың жариялылық қағидатын шектеу; заңдылықты дәлелдеу мәселелерін сапалы түрде жаңарту.
Жаңа Қылмыстық кодексте шетелдердің алдыңғы қатарлы тәжірибесі қолданылды, сондықтан ол көптеген басымдыққа ие болды.
Қылмыс жасаған тұлға жөнінде, оның позитивті тәртібі, атап өтсек, іс-қимылдың салдарын болдырмау немесе құқық қорғау органдарына жасалған қылмысты ашуға көмек көрсетсе, қылмыстық жауапкершіліктен босату түрлері кеңейтілді.
Сот төрелігін жүзеге асыру сапасы, ең алдымен, қылмыстық сот ісін ұйымдастыру мен сот органдарының тәуелсіздігіне байланысты. Бұл үшін әсерлі қылмыстық іс жүргізу заңнамасы, тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарту, сот әділдігін қарастыратын, қылмысты тез әшкерелеу мақсатында орнықты құқықтық механизмдердің әзірленуі қажет болды.
Қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдірудің негізгі бағыттарының бірі – құқықтық саясат тұжырымдамасымен қылмыстық процестің тиімділігін жетілдіру, оның ішінде сотқа дейінгі іс жүргізу тәртібін жеңілдету.
Жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі тергеуші сотты енгізді. Конституцияда қарастырылған адам және азаматтың бостандығы және заң үстемдігі қағидалары негізінде, тергеуші соттың уәкілеттіктеріне күзетке алу санкциясын тағайындау, үй қамауын тағайындау, уақытша қызметтен шеттету, жақындауға тыйым салу, экстрадициялық қамау, қамауда ұстаудағы мерзімін көбейту, кепілдік қолдану, мүлікке тыйым салу жатады.
Жақын болашақта қылмыстық саясаттың одан әрі дамуының векторлары ішкі процестердің серпінімен, халықаралық құқықтың және интеграциялық процестердің ықпалымен анықталады. Айта кетерлігі, қазіргі Қазақстан әлемдік кеңістіктің бір бөлігіне айналуда. Бұл фактор таяу болашақта құқықтық жүйеге және заңнамаға түрлі құқықтық, саяси, экономикалық және қаржы құралдарының ықпалы арқылы елеулі әсер ететін болады.
Татьяна ЕРЕМЕНКО,
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты лингвистика орталығының ғылыми қызметкері