Ресей мен Беларусь арасындағы мұнай жеткізіліміне қатысты таласы Ресейдің тасымалды тоқтатуымен аяқталды. Беларусь жаңа тасымалдаушылар іздеуде.
Әзірге Беларусь жағы жанармай бекеттерінде тапшылық жоқ екенін, жауапты органдар мұнай өңдеу зауыттарында 2-3 аптаға жететін қордың барын мәлімдеді. Ресми деректерге сүйенсек, Беларусь қоры шамамен 0,5 млн тонна. Ресей өз шешімін 1 қаңтарда қабылдаған. Бір ескеретін жайт, Ресейдің Еуропаға Беларусь жері арқылы жүзеге асатын мұнай тасымалы еш өзгеріссіз жалғасып жатыр. Беларусь президенті Александр Лукашенко 31 желтоқсанда мұнай кешенінің басшылығымен жиналыс өткізіп, жаңа тасымалдаушыларды табу керектігін айтқан. Мамандар «Дружба» құбырын қайтадан іске қосуды немесе Балтық порттарынан темір жол арқылы жеткізуді ұсынған.
Негізінде екі ел арасындағы энергия көздерінің тасымалы туралы 2017 жылғы келісімге сәйкес, серіктестік 2024 жылға дейін қарастырылған. Бұл құжат бойынша Ресей Беларуське жылына 24 млн тонна көлемінде мұнай жеткізуі керек. Келісімді уақытынан бұрын тоқтатуға екі ел арасындағы қаржылық түсініспеушіліктер себеп болуда. Мәселен, 2019 жылдың мамыр айында «Дружба» құбыры Ресейден келген ластанған мұнай салдарынан істен шықты. Минск талап еткен өтемақыға Мәскеу келіспей, тараптар ортақ шешімге келмеген. Бұдан өзге салық мәселелеріне де нүкте қойылмаған.
Ақпараттарға сүйенсек, 31 желтоқсанда екі ел президенттері телефонмен сөйлескен. Кремль тарапы шешімнің Беларусь үшін оңтайлы болмайтынын айтса, Беларусь жағы бұған қатысты түсініктеме бермеді. Дегенмен, Ресей газдың бағасын былтырғы бағаны өсірмей, мың текше метріне 127 доллар алуға келісімін берді.
Ресей мен Беларусь арасында «мұнай соғысы» 2006-2007, 2016 жылдары да болған. Екі шиеленіс те бейбіт келісіммен аяқталған еді. Алайда ақпарат көздері бұл жолы Беларусь президенті ашулы екенін жазады. Сарапшылар А.Лукашенконың «Мұндай одақтың қажеті жоқ» дегені тегін емес дейді.