Таяуда Алматыда алғашқы Томосинтез орталығы ашылды. Осындай озық технологияға негізделген Томосинтез орталығы 1,5 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында ашылған-ды.
Жапониядан жеткен озық дигностикалық аппарат – денсаулық саласындағы жағымды оқиға ғана емес, Алматының айналасындағы бүкіл оңтүстік өңірлердің тұрғындарына жасалған үлкен сый деп те айтуға болады.
Бұл жоба Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, мемлекет-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылды.
Divera томосинтез жаңа орталығы заманауи Fujifilm Amulet Innovality аппаратымен жабдықталған және қазіргі уақытта Алматы қаласындағы жалғыз томосинтез. Орталықты құру және оны жабдықтау толығымен жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылды.
«Томосинтез – сүт безі обырын диагностикалаудың инновациялық әдісі. Қалыпты 2D-маммографиядан айырмашылығы, томосинтез әртүрлі бұрыштағы жұқа қабатты суреттердің қатарын шығарады, бұл сүт безі обырын ерте бастан аса дәлдікпен анықтауға және пациенттердің өмірін сақтауға мүмкіндік береді», дейді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында біздің компания Алматыдағы Онкология орталығымен мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында үлкен жоба бастады. Бұл жобаға біз инвестор ретінде 140 миллион теңге қаражат жұмсадық. Басты мақсат – сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтап, дер кезінде, асқындырмай ем жүргізу. Өздеріңізге белгілі, елімізде сүт безі обыры әйелдер арасында бірінші орында тұр. Бұл аппараттың маммографиядан үлкен артықшылығы – 1 мм өлшемде, яғни миллиметрлеп сүт безі қатерлі ісігін анықтайды. Және томосинтезге түсіріп жатқан кезде биопсияны да қоса жүргізе аламыз. Бұрын маммограф сүт безі обырының белгілері болса, науқастың бұлшық етін алу үшін емханаларға, хирургке жіберетін. Енді қазір қажет болған жағдайда диагностикамен қоса биопсия да жасалады. Ең бастысы, томосинтез – онкология саласындағы ең заманауи жаңа технология. Елімізде 2017 жылы бұл аппарат Нұр-Сұлтан қаласына әкелінген. 1,5 жылдан кейін екінші аппарат Алматы қаласына келді. Өйткені Алматы қаласы мен облысында халық көп. Бұл аппараттың бір артықшылығы, «Цифрлы Қазақстан» жобасын да алға жылжытады. Томосинтез суреттерін электронды пошта арқылы кез келген жаққа, онколог-дәрігерлердің қарауына жібере беруге болады, – дейді «Olymp Medical Group» ЖШС бас директоры Ержан Сүлейменов.
Аппаратты Қазақстанға әкелгеннен кейін 1 ай ішінде Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныстар берілді. Онда 2020 жылдан бастап стандарт есебінде жаңа аппаратты сүт безі қатерлі ісігін анықтайтын диагностика түріне кіргізу және оған тариф қою ұсынылған. Қазір министрлік бұл жобаны қарап жатыр. Ал биылдан бастап елімізде МӘМС енгізілді. Сондықтан осы аппарат та медициналық сақтандыру жүйесіне кіреді деген үміт бар. Ең бастысы, бұл аппараттың радиациялық әсері өте төмен. Бұрын маммографиялық скринингке 40 жасқа дейінгі қыз-келіншектер келетін болса, бұл аппарат 40 жасқа дейінгілерге де диагностика жасайды.
Қазіргі таңда томосинтездің көмегімен сүт безі обырын диагностикалау әдістері Еуропада, АҚШ-та, Кореяда және Жапонияда табысты қолданылады.
Ал сүт безі обыры – әлемде ең кең тараған қатерлі ауру және әйелдер арасындағы өлім-жітімнің басты себепшісі болып отыр. Қазақстанда сүт безі обыры әйелдердің онкологиялық аурушаңдығы құрылымында бірінші орында тұр.
Өз кезегінде қатерлі ісікті асқындырмай анықтауға бағытталған жүйелі скрининг, емдік тактиканы уақтылы диагностикалау және стандарттау елімізде сүт безі обырынан өлім-жітім деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
АЛМАТЫ