• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қаңтар, 2020

Батыс Қазақстанда жаңа жобалар мақұлданды

195 рет
көрсетілді

Орал қаласында өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен инвестиция тарту, инвестициялық климатты жақсарту және экспортты дамыту бойынша өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңесте инвесторлар тарапынан балық шаруашылығы кешені, гольф алаңы, жеке мектеп, спорт кешені, сауда үйі сияқты жаңа жобалар ұсынылып, қолдау тапты.

Соңғы екі жылда өңірде 468 млрд теңгенің 15 инвестициялық жобасы мақұлданған екен. Қазір олар өз кезегімен жүзеге асып жатыр. «AQJAIYQ» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Төлеген Мырзабековтің айтуынша, өңірлік кеңестің соңғы жиынында талқыланған үш жоба да жоспарға сәйкес келе жатыр.

- Бүгін талқылауға ұсынылып отырған 4 жоба – біздің өңір, тіпті Қазақстанның батыс аймағы үшін мүлдем жаңа, тың бастамалар. Жобалардың жалпы құны – 26 млрд теңгені құрайды. Бұл бастамалар толық қуатына енген кезде 370 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіп отырмыз. Біз үшін әр инвестор маңызды. Өңірде туризм, спорт, білім саласы дамуы үшін барлық қолдау көрсететін боламыз. Инвесторларға табыс тілейміз, - деді кеңесті жүргізген Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Кеңес талқылысына ұсынылған алғашқы жоба - «Aquazor» ЖШС ұсынған жабық су қоймасында теңіз балықтарын өсіру ісі. Бұл жоба алғаш рет 2019 жылы қыркүйек айында өткен «KazInWest» бизнес форумында таныстырылған болатын. Одан бері өткен уақыт ішінде инвесторлар Байтерек ауданынан балық шаруашылығы үшін қажетті жер телімін таңдап үлгерген. Әрине, Батыс Қазақстан облысында бұған дейін бекіре тұқымдас балық өсіруге бағытталған жоба бар болатын. Бірақ теңіз жәндіктері - баррамунди алабұғасы мен клари жайыны Ақ Жайық өңірінде тұңғыш рет өсірілгелі отыр. Шетелдік инвесторлар өңірдің көлік логистикасын, яғни дайын өнімді Қазақстан мен Ресей Федерациясына тарату мүмкіндігін де жоғары бағалаған. 31 млн евро жұмсалатын жоба-кешенде жылына 3 мың тонна өнім шығарылмақ. Алматы қаласынан скайп арқылы тікелей байланысқа шыққан компания акционері Александр Требухиннің айтуынша, бұл жоба қалдықсыз технология бойынша жұмыс істемек. Кешен қалбырдағы өнімдер, ыстық және суық күйде қақталған балық және балық өнімдері, жартылай дайын тағамдар, балық ұны т.б. өнім шығарады. Кешеннің құрылысына 120 адам тартылса, қолданысқа берілгеннен кейін жаңадан 70жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өнім қуаттылығы 1500 тоннаны құрайтын бірінші кезеңнің іске қосылуы 2021 жылдың төртінші тоқсанына, ал екінші кезеңін бастау 2023 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Мемлекет, яғни Батыс Қазақстан әкімдігі өз тарапынан жобаға қолдау көрсетіп, Бәйтерек ауданы аумағынан жер телімін береді.

Бұдан кейін «Golf&Resort «AQJAIYQ» ЖШС директоры Батырбек Сейітбеков сөз алып, Бәйтерек ауданы аумағында гольф алаңын салу жобасымен таныстырды. Бұл жобаға 30 млн. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция құйылмақ. Жалпы аумағы 80 гектарды қамтитын аумаққа 18 шұңқырлы гольф алаңы, гольф-академия, клуб үйі, қонақүй мен мейрамхана, басқа да спорттық алаңдар салынады деп жобаланған. Нысанның құрылысына 50 адам жұмылса, жоба іске қосылғаннан кейін де 50 адамға жұмыс берілмек. Жобаның бірінші кезеңі 2021 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады деп күтілуде. Бұл жобаға да мемлекет тарапынан қолдау ретінде жер телімі бөлінеді.

- Біздің өңірде табысы мол шетелдік мұнай-газ компаниялары бар, Ресейдің ірі қалалары да алыс емес. Облыстың транзиттік әлеуеті жоғары. Соңғы жылдары туризм саласы ерекше дамып келеді. Әуежайда жаңа терминалдың құрылысы аяқталып, заманауи қонақүйлер пайдалануға берілген соң шетелдік туристер тасқыны да көбейуі тиіс. Сондықтан гольф алаңы да сұранысқа ие болады деген ойдамын, - деді облыс басшысы Ғали Есқалиев.

«Х. Қапанов атындағы Орал халықаралық гимназиясы» ЖШС-ның директор-құрылтайшысы Хайдар Қапанов Орал қаласынан жеке мектеп ғимаратын салуды ұсынып отыр. Жобаның инвестиция көлемі шамамен 500 млн. теңгені құрайды. Бұл өңірдегі ең үлкен жеке мектеп болмақ. Жаңа мектепте 550 оқушы, ал екі ауысымда жұмыс жасаса, 1100 оқушы білім алады.

- Бұл жаңадан, тақыр жерден басталып отырған бизнес емес. Бұл салада көпжылдық тәжірибеміз бар. Қазір балабақшамыз, бастауыш мектебіміз жұмыс істеп тұр. Өзіміздің білікті мамандарымыз бар. Жаңа жоба «Атамекен» одағында да талқыланды, қолдауға ие болды. Бүгінгі кеңестің мақұлдауы өзге инвесторларға да жақсы белгі болдыдеп ойлаймын, - дейді Хайдар Қапанов.

Айта кетейік, «Х. Қапанов атындағы Орал халықаралық гимназиясы» ЖШС-ның меншігінде жалпы аумағы 5 мың ш.м. құрайтын балабақша жұмыс істеп тұр. Ал биыл құрылысын бастағалы отырған мектеп ғимаратын 2021 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Құрылыс барысында 50, ал мектеп іске кіріскеннен кейін 85 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Хайдар Қапанов жоспарлары сәтті жүзеге асса, бес жыл ішінде өңірде осындай 15 мектеп ашуды көздеп отыр.

«Мемлекет тарапынан инвестицияны 8 жыл бойына қайтару, сондай-ақ барлық жұмыс істеу кезеңінде операциялық шығындарды өтеу түрінде қолдау көрсетіледі. Қазіргі таңда инвестор мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ арасында мемлекеттік қолдау туралы келісімге қол қойылды. Атап өтерлігі, орта білім беру қызметінің белгіленген көлемі халық үшін тегін көрсетіледі», – деп атап өтті өңір басшысы.

Батыс Қазақстан облысына инвестиция тарту, инвестициялық климатты жақсарту және экспортты дамыту бойынша өткен өңірлік кеңесте 600 орындық «Бәйтерек» спорттық кешені, «№1 сауда үйі» жобалары да талқыға салынды. Жоба авторлары «BIMS» ЖШС-ның атқарушы директоры Махамбет Сұлтанғалиев пен «Ашық жол» ЖШС-ның құрылтайшысы Вениамин Мұқатаев әр жобаның жөн-жосығын түсіндіріп, тұрғындарға қызмет көрсету жақсаратынын айтты.

Өңір басшысы бұл жобаларға мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында сыйақының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша қолдау көрсетілетіндігін айтты.

 

Батыс Қазақстан