• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қаңтар, 2020

Заңсыз сатылған ішімдіктің залалы: Алматыда былтыр 6 мыңнан астам адам арақтан уланған

730 рет
көрсетілді

Айналадағы келеңсіздіктердің, тіпті қасіретті оқиғалардың көпшілігі алкогольді ішімдіктердің кесірінен болып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Соңғы уақытта қоғамда біраз пікірталас тудырған арақ бөтелкелерін сындыру акциясы, ішіп алып көлік жүргізгендерді он жыл бас бостандығынан айыру шешімі, мас күйінде адам қағу, бала зорлау, әйелдерге қол көтеру, төбелес шығару, өзіне өзі қол жұмсау оқиғаларының басым бөлігі маскүнемдікке барып тіреледі.

Осы арада айта кеткен жөн, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның мәліметі бойынша жыл сайын ал­­когольдің әсерінен 3 миллионнан астам адам қайтыс болады. Жер шар­ын­дағы әр жиырмасыншы адам ішім­діктің кесірінен өмірден ерте озады. Ал олардың 75%-ы ер адамдар. Мас­күнем­діктің салдарынан орын алып жатқан қайғылы оқиғалардың өзі де түр-түрге бөлінеді. Ішімдікпен тікелей байланыс­ты өлім-жітімнің төрттен бірі жазатайым оқиғалардан, жанжалдан, өз-өзіне қол жұмсаудан, келесі төрттен бірі – асқазан-ішек жолдарының аурулары, 19%-ы – жүрек аурулары, қалғаны жұқпалы аурулар, рак аурулары мен психикалық ауытқулардан болады.

БҰҰ мәліметі бойынша алкоголь­ден болатын өлім-жітім деңгейі жоға­ры елдердің арасында Қазақстан 10-орында. Мәселен, Алматыда 2019 жылы 6 мыңнан астам адам алко­гольден уланып, оның 2 мыңы ауру­ханаға жатқызылып, 23 өлім оқиға­сы тіркелген. Бұл мәліметтерді Тауар­лар мен қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау департаментінде өт­кен брифингте бөлім басшысы Айзат Молдағасимова мәлімдеген болатын.

Ендігі жерде «Қазақстанның тұтыну­шы­лар лигасы» қауымдастығы» ЗТБ ел Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқ­сандағы № 921 қаулысымен бекітілген Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қи­мылдың 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес алкоголь өнімдерін заңсыз анықтаудағы ауқымды акцияны жалғастырады.

Сонымен 2019 жылы аталған ұйым­ға жалған алкогольді ішімдіктерді сатуға қатысты әр қалада тұратын ел азаматтарынан шағымдар келіп түскен. Осы өтініштер бойынша Wipon бағдарламасы арқылы акциздік марканы тексерген кезде ол Мемлекеттік кірістер коми­тетінің деректер базасында жоқ екендігі, алайда акциздік маркалардың сериясы мен нөмірін қолмен енгізген кезде өнімдер мәліметтер базасында көрсетілгені хабарланған. Яғни, акциздік марканы беру тәртібі туралы мемлекеттік кірістер департаментіне сұрақ жіберілген. Бұдан шығатын қорытынды, өндірушілер акциздік маркаларды көбейтеді деп болжауға әбден болады, қысқасы олар өндірістің нақты көлемін жасырады.

Акция барысында алкогольді ішімдіктерді сататын дүкендерде бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Соның ішінде алкогольді ішімдіктерге арналған шот-фактураларсыз сақтау; анықтау мүмкін емес алкоголь өнімдерін сақтау; алкогольді контейнерлерде лицензиясыз сақтау; үйде алкогольді сұйықтықты 5 литрлік пластикалық контейнерлерде сақтау; арақ, арнайы арақ және алкогольді ішімдіктерді бөлшек саудада сатылатын бағадан төмен бағамен сату; 21 жасқа толмаған адамдарға ішімдік сату бар.

Аталған акция кезінде анықталған заңсыз әрекеттер туралы хаттар тиісті мемлекеттік органдарға жіберілді.

Ал акогольді ішімдіктің сапасын тұтынушы өз бетінше тексере ала ма?

Мәселен, Үкімет жыл сайын алкогольді ішімдіктерді бөлшек саудада өткізудің минималды бағаларын бекітеді. 2019 жылы бұл шекті мөлшер 1 литрге 1923 теңгені құрады (0,5 литрге 961,5 теңге және сәйкесінше 0,25 литрге 480,75 теңге). Бұл баға өндіруші мен сатушының әртүрлі шығындарынан құралады, оның құнының 40 пайызы акциздерді төлеуге кетеді. Арақ, арнайы арақ және күшті алкоголь өнімдерін көрсетілген тарифтен төмен сатқан жағдайда, бұл алкоголь өнімі жалған болып табылады және тиісті тексерулерден өтпеген болуы мүмкін, яғни оның сапасы расталмаған. Сонымен қатар, «Қазақстанның тұтынушылар лигасы» қауымдастығы» ЗТБ зерттеуге алынған арақты белгіленгеннен төмен бағамен сатып алған, нәтижесінде оның барлық индикаторлары қалыпты диапазонда болған. Демек, бұл жерде осы тауардың бағасы туралы сұрақ туады.

Алкогольдің табиғатын органолептикалық әдіспен анықтау мүмкін емес және ол аса сенімді де емес. Яғни тағам шикізатынан немесе ішуге болмайтын жарамсыз шикізаттан жасалған түпкі өнімнің, атап айтқанда арақтың сапасын ажырату оңай емес. Осылайша, заңсыз алкогольдік ішімдіктерді сатып алатындардың ағзасына орны толмас зиян келіп (улану, жаңа аурудың пайда болуы, бұрыннан бар аурудың өршуі, өлім және т.б.), денсаулығынан айырылу және өмір сүру ұзақтығының төмендеу қаупі жоғарылайды. Түрлі факторлардың, соның ішінде суррогат алкогольден уланудың салдарынан болатын өлім-жітім мемлекет пен тұтас қоғамға қауіп төндіретіні баршаға аян. Сонымен қатар, контрафакталық алкоголь өнімдерін сату ел бюджетіне төленбеген салықтар түрінде орасан шығын әкеледі.

Қысқасы, тұтынушыда алкоголь өніміне қатысты күмәні болса, оны тексерудің бірнеше әдісі бар, дейді баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар. Бұл – WIPON қосымшасы. Осы қосымша алкоголь өнімдерін заңсыз бақылауды есепке алу белгісіндегі штрих-кодты сканерлеу арқылы анықталады.

Оған қоса Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурсында «Алкогольді өнімдерді есепке алу-бақылау маркасының дұрыстығын тексеру қызметі» қосымшасын да іске қосқанын айта кету керек. Сондай-ақ, «Қазақстанның тұтынушылар лигасы» қауымдастығы «Жасыл нүкте» жобасын іске қосатындығы туралы мәлімдеді.

«Бұл жоба алғаш Аргентинада жүзеге асқан. Өйткені, онда халықтың басым бөлігі оқи алмайды. Сол үшін мемлекеттік органдар «Бағдаршам» жобасын қолға алған. Жасыл нүкте қойылған өнімнің денсаулыққа еш зияны жоқ. Ондай өнімді белгілі мөлшерде қолданса, адамның ағзасына пайдалы. Ал өнім сары түспен белгіленсе, өнімнің құрамында өмір сүру сапасына кері әсер ететін қандай да бір заттардың бар екенін білдіреді. Қызыл нүктесі бар өнімде қанттың, кофеиннің немесе өзге де денсаулыққа кері әсер ететін зат тым көп. Бұл жобаны енгізгеннен кейін 3 жылдан соң Аргентинада қант диабетімен ауыратындардың саны 70%-ға азайған.

Біз қызыл нүктені енгізбейміз. Қызыл нүктеге лайық өнімді халыққа ұсынғаннан гөрі оны дүкен сөресінен алып тастау қажет. Қазір 22 компания өнімдерін зерттеуге беріп отыр. Жасыл нүктені енгізуге өндірушінің өзі рұқсат беруі қажет. Өнімдерді зерттеу кезінде оның құрамында адам денсаулығына пайдалы зат көп болса, өндірушінің өтінішінсіз-ақ жасыл нүктені тегін енгіземіз. Бұл – әзірше қауымдастық қана қолға алған талап. Үкімет жобамызды қолдаса, бірге жұмыс істеуге ниеттіміз немесе жобаны толық мемлекетке бере аламыз», деді «Қазақстанның тұтынушылар лигасы» қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрайымы Светлана Романовская.

Ал мамандар маскүнемдікке жұрт «қанағаттану дефициті» синдромына шалдыққандықтан душар болады, дейді. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Алматыдағы колледж студенттері арасында сауалдама жүргізілгенде,  олардың 40 пайызы ішімдік ішуді оқудағы мәселелермен, отбасындағы түсініспеушіліктермен байланыстырған. Сондай-ақ, жастайынан ішкілікке үйір болу мұғалімдермен қарым-қатынасы дұрыс жолға қойылмағандықтан, үйде бақылаудың болмауы, теріс ықпал ететін ортаға түсіп кету, соларға еліктеу және оқуда алған «екіліктерге» көңілі толмаудан да туындайды.

Арақты ерте жастан, яғни 15 жастан бастағандар екі есе көп ішуге тәуелді, ал 21 жастан бастағандар ерік-жігерінің арқасында әзәзілмен күресе отырып, олардың төрт есеге жуығы бас тарта алатыны айқындалған.

Осыдан шығатын қорытынды, қоғамдағы сауда орындарында еркін сатылымдағы ішімдікті қатаң бақылауға алуды жалғастыру қажет.

 

АЛМАТЫ