Былтыр елімізде кедейлік шегіндегі көп балалы аналар мен отбасыларды қолдауға арналған іс-шаралар қабылданғаны белгілі. Биыл атаулы әлеуметтік көмек беру жүйесіне бірқатар өзгертулер енгізіліп, табысына қарамастан 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға тұрақты жәрдемақы және табысы төмендеріне оған қоса атаулы көмек беріле бастады.
Қазақстанның ізін ала көрші Ресей Федерациясы да ана мен балаға көрсетілетін қолдауды күшейтуді қолға алды. Өткен аптада Ресей президенті В.Путин федералды жиында халыққа арнаған жолдауында демографияны нығайтуға бағытталған қадамдарды атады. «Ресейдің тағдыры, тарихи келешегі біздің санымызға байланысты» деген В.Путиннің айтуынша, жаңа іс-шаралар қатарында табысы күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасылардың 3-7 жас аралығындағы балаларына ай сайынғы жәрдемақы төленбек. Алғашқы кезеңде төлемақы 5,5 мың рубль болса, кейін айына 11 мың рубльге дейін өседі (шамамен 1 рубль – 6,13 теңге). Сондай-ақ ана капиталы бағдарламасы 2026 жылдың соңына дейін жалғасып, тұңғыш туған сәбиге 466,6 мың рубль төленеді. Ал ата-ана екінші сәбиін дүниеге әкелгенде қосымша 150 мың рубль алады. Үш және одан көп баласы бар отбасыларға ипотекалық несие 6 пайызбен беріледі. Техникалық тұрғыдан дайындығы бар мектептердегі бастауыш сыныптардың оқушылары 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тегін ыстық тамақ ішеді. Бұл іс-шаралар Ресей билігінің жоспары бойынша, 2024 жылға қарай туу коэффициентін қазіргі 1,5-тен 1,7-ге дейін көтереді деп күтілуде.
Демографиялық ахуал оңтүстік-шығыстағы көршімізді де алаңдатып отыр. Қытайдағы туу көрсеткіші 70 жыл бұрын Қытай Халық Республикасы құрылғаннан бергі ең төменгі деңгейге құлады. Бұл мәселеге «Бір отбасына – бір бала» қатаң құқықтық шектеуінің алынып тасталғаны да кедергі бола алмай отыр. Былтыр бұл елде 14,65 млн бала дүниеге келген екен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 580 мың балаға аз. Ұлттық статистика агенттігінің мәліметіне сай, аталған көрсеткіш 1949 жылдан бергі ең төменгі деңгейді көрсетеді. Жалпы, Қытайдағы туу деңгейі біртіндеп азайып келе жатқанына біршама жыл өтті. Бұл жайт әлем экономикасының екінші сатысында тұрған алып ел үшін ең күрделі мәселенің бірі. Сонымен бірге Қытайда өмір сүру ұзақтығы біршама артқандықтан халықтың былтырғы саны 1,4 миллиардты құрады. Ал алдыңғы жылы 1,39 млрд халық болған екен. Сарапшылар жұмысқа жарамды аз халықтың жұмысқа жарамсыз көпшілікті асырауға тура келетіні жайлы мәселе мемлекетке сын болатынын айтады. Қытай 1979 жылы елдегі халықтың өсімін тоқтату үшін «Бір отбасына – бір бала» саясатын енгізген болатын. Аталған заңды бұзғандар үлкен көлемде айыппұл төлеп, жұмысынан қуылатын, тіпті кей жағдайда мәжбүрлі түрде жасанды түсік жасалатын. Мамандардың пікірінше, дәл осы саясат елдегі гендерлік теңсіздікке әкелді. 2019 жылы Қытайдағы ер адамдардың саны әйелдерден 30 миллионға артқан. «Бір бала» саясаты 2015 жылы жойылып, екі балаға дейін туу рұқсат етілгенімен, аталған реформа туу көлемінің азаюын тоқтата алмай тұр. Сарапшылардың айтуынша, мұндағы негізгі кедергі бала күтіміне бөлінетін жәрдемақы мен декреттік демалыстың ұзартылмауы. Сол себепті көптеген отбасылардың бір баладан артық бала тәрбиелеуге құлқы жоқ.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, әлемде орташа туу көрсеткіші 1 мың адамға 18,65 баладан келеді екен.
Ал елімізде миллион халқы бар қалалардың және оңтүстік пен батыс өңірлердің есебінен туу көрсеткіші жылдан-жылға біртіндеп артып келе жатқаны қуантқанымен, шығыс және теріскей өңірлердегі тұрғындар санының үздіксіз азаюы алаңдатпай қоймайды. Теріскейдегі көршіміздің жаңа әлеуметтік төлемдері негізінен демографияны дамытуға арналып отырғанымен, әлемдік сарапшылар бұл реформаның негізінен кедейлік шегіндегі отбасыларға ғана оң әсері болатынын, жалпы демографиялық серпілісті тудыра қоймайтынын айтады. Әлбетте, оны уақыт көрсетеді.
«Бір баласы бардың, шығар-шықпас жаны бар, екі баласы бардың жүрегінде жалы бар, үш баласы бардың үш ру елде малы бар, төрт баласы бардың төбеден салған жолы бар, бес баласы бардың, дес бермес күші бар, алты баласы бардың, Алладан басқа несі бар?!» деген тәмсіл тіршіліктің өзегін көрсетіп тұр емес пе? Нарықтық көзқараста, адам – капитал, ресурс. Сондықтан қос қапталымыздағы алып екі елдің демографиялық дүмпуі кез келген уақытта елімізге де сын боларын ескергеніміз абзал.