• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 22 Қаңтар, 2020

Йоахим Бройер: Әлеуметтік қамсыздандырумен баршаны қамту керек

242 рет
көрсетілді

Әлеуметтік қамсыздандыру – әлеуметтік қорғау жүйесінің халықтың еңбекке жарамсыз бөлігінің қажеттерін қанағат­тандыруға және тұрмыс деңгейін қолдауға бағытталған тармағы. Мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан түрлі әлеуметтік қол­даулар осы салаға енеді. Халықаралық еңбек ұйымының жанынан 1927 жылы құрылған Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы (ХӘҚҚ) осы бағытта әлемдік деңгейде жұмыс істейді. Штаб-пәтері Женевада орналасқан ұйымға бүгінде әлемнің 320-дан аса әлеуметтік қамсыздандыру ұйымы мен мемлекеттік органы мүше. Биыл 23 қаңтарда ХӘҚҚ президенті Йоахим Бройер Қазақстанға жұмыс сапарымен келмек. Елімізбен бірлескен жобаларды жүзеге асырып, мүмкіндіктерді қарастыруды көздеген қауымдастық басшысын алдын ала әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Еңбек нарығының қарқын­ды дамуы, технологиялық және демографиялық өзгерістер жағ­­дайында жаңа тәуекелдер мен сын-қатерлер туындайды. Бү­гінде көптеген адамдар еңбек шар­тын жасамай, интернетті пайдаланушылар арқылы ақша табады да әлеуметтік аударымдарды төлемей жатады. Әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде олардың мүд­­десін қорғау мақ­сатында ха­лықты әлеуметтік жүйе­мен қамтудың озық тәжіри­бе­лері­мен бөліссеңіз.

– Ең алдымен, біз еңбектің жаңа түрлері мен әлеуметтік қам­сыздандыру арасында қан­дай да бір бәсекелестік немесе тартыстың жоқ екенін түсінуіміз керек. Ал екіншіден, адамдарды жаңа цифрлы әлемге тартуымыз, үйретуіміз тиіс. Бұған бірнеше жақсы мысалдар келтірейін. Егер сіз GoJeck платформасымен Индонезияға сапарға барып, интернет қосымшалары ар­­қылы тапсырыс беріп, төлем жасайтын болсаңыз сол мезетте жүргізушінің әлеуметтік қамсыздандыруына да белгілі бір пайызды төлеген боласыз. Уругвайда көлікті Uber бағ­­­­дар­ламасы арқылы пайда­ланғыңыз келсе әлеуметтік қам­сыздандырудан сақтандыру бол­ған жағдайда ғана лицензия ала аласыз. Айта берсек мысалдар көп. Жаңа еңбек нарығындағы осындай тәжірибені қолдануы­мыз керек. Сонда әлеуметтік қам­сыздандырумен барлық халықты, тіпті жаңа еңбек нарығындағы адамдарды да қамти отырып, жаһандық мақсатқа қол жет­кіземіз.

– ХӘҚҚ әлеуметтік қам­сыз­дандырудың алдында тұр­­­ған 10 жаһандық сын-қа­­тер­ді айқындады. Соның бірі – халықтың әлеуметтік қамсыздандыруға үміт артуы.­ Экономикалық дағдарыс жағ­дайында табыс деңгейінің тө­мен болуына байланыс­ты көптеген отбасылар ке­дей­­лік шегінде өмір сүріп отыр. Сіз­діңше көп балалы отба­сы­ларды әлеуметтік қам­сыз­дандыру мәселесін қалай шешуге болады?

– Тағы да аздаған кіріспе жасаған дұрыс шығар. Адам­дардың тиімді әлеуметтік сақ­тан­дыруға үміт артуы таңғалар­лық іс пе? Бұл олардың әлеу­мет­тік қамсыздандырудың маңыз­дылығын жақсы сезінетінін көр­сетеді. Жақсы үкімет осындай үміт­ті ақтай алатын әлеуметтік қам­сыздандыру жүйесін құруы қажет. Аурудан, өндірістік жара­қат­тардан, жұмыссыздықтан және зейнетақы жүйесінен басқа ұзақ уақытқа жұмыстан қол үз­ген­дерді сақтандырумен қамту – кедей­лік тәуекелінің алдын алу дегендік. Екінші деңгейде, оқыту, жұмысқа тарту арқылы аз қамтылған отбасыларға қол­дау көрсетесіздер. «Аш адам­ға балық берме, қармақ бер» деген қытай мақалы еске түседі. Жер аумағы Германиядан алты есе үлкен, ал халық саны менің елімнен 4 есе аз Қазақстан үкі­меті үшін отбасын қорғау басты басымдықтардың бірі екенін жақсы білемін. Сондықтан жас отбасыларды көп балалы болуға, олардың білім алуына және медициналық көмек деңгейін көтеруге шақыратын әлеуметтік трансферт бағдарламаларына ерекше назар аударған дұрыс деп есептеймін.

Адам капиталына, әсіресе ба­лаларға инвестиция салу бү­гінде әлемдік трендке айналып отыр. Әлемде отбасын қор­ғауға және болашақ ұрпақты инвес­тициялауға бағытталған әр­түрлі бағдарламалар бар. Мы­салы, Ресейдің аналар капиталы немесе Бразилияның Bolsa Familia (отбасы әмияны) бағдарламаларын атап өткім келеді. Айтпақшы, Бразилия үкіметі 2013 жылы Дохада өткен Әлеуметтік қамсыздандырудың дүниежүзілік форумында Bolsa Familia бағдарламасы үшін ХӘҚҚ-ның басты наградасын жеңіп алған.

– Бүгінде лайықты жұмыс деп жеткілікті табысы бар, жұмыс орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және отбасы мүшелерінің әлеуметтік қор­ғалуын қамтама­сыз ете­тін нәтижелі жұмысты айтады. Осыған байланыс­ты мем­лекеттің ең төменгі жа­лақы деңгейін белгілеуі өте ма­ңызды. Орташа жалақы мен ең тө­менгі жалақының ара-жігін ай­тып беріңізші.

– Ең төменгі жалақы бір­қатар елдерде әлі де бар. Оның дең­гейі ешқашан ғылыми дәлел­дермен жауап бере алмай­тын жоғары деңгейдегі саяси мәселе. Біз Халықаралық әлеу­­меттік қамсыздандыру қа­­уым­дастығында кедейлікті бол­­дырмау мақсатында ең тө­менгі кірістер мен ең төменгі зейнетақыларды кепілдендіру мәселелеріне көп көңіл бөлеміз. Ал қамтамасыз етілуге тиісті әлеуметтік қамсыздандырудың базалық деңгейіне келетін бол­сақ, онда ХӘҚҚ әлеуметтік қам­сыздандырудың ең төменгі нормалары туралы Халықаралық Еңбек ұйымының №102 конвенциясын қолдайды. Бұл ма­ңызды конвенция 1952 жылы қабылданды және ол төленетін жәрдемақылардың ең төменгі мөлшері бойынша аса жоғары стандарттарға ие бірқатар конвенциялармен толықтырылды. Қателеспесем, бұл конвенцияға бұрынғы Кеңес одағы елдерінен тек Ресей мен Украина ғана таяуда қосылды.

– Сіз ұзақ жылдар бойы Гер­маниядағы Жазатайым оқиға­лардан міндетті әлеу­меттік сақтан­дыру қоғамын басқар­дыңыз. Әлемде өндіріс­тегі жаза­тайым оқи­ғалардан сақ­тан­дырудың түр­лі жолдары бар. Мысалы, кей­бір ел­дер мұ­ны жеке сақтан­дыру ұйым­дары арқылы, ал кейбі­реулері мемлекеттің бас­қа­руын­дағы бірыңғай оператор арқылы жүзеге асырады. Қай модельді таңдаған дұрыс деп ой­лайсыз?

– Әрине кез келген ел үшін қолайлы болатын бір де бір мо­дель жоқ. Бірақ алдын алу, оңал­ту және өтемақы мәселелерін қам­титын коммерциялық емес қоғамдық жүйелер жұмыс беру­шілер мен жұмысшылар үшін де, тұтастай экономика үшін де тиімді. Егер сіздер салалар бо­йынша бір немесе бірнеше ұйым құрсаңыздар, онда олар басқа факторларға, яғни елдің аума­ғына, саладағы бірнеше филиал­дың маңыздылығы сияқты­ларға байланысты болады. Алай­да, өндірістегі жазатайым оқи­ға­лардан сақтандыру бизнес емес, әлеуметтік қамсыздандыру еке­нін естен шығармаған жөн.

– ХӘҚҚ 2018 жылы өн­діріс­тегі тәуекелдердің алдын алу жөніндегі Vision Zero халық­аралық сыйлығымен марапат­талды. Осы алдын алу шара­ла­рының артықшылық­тары қандай?

– ХӘҚҚ Vision Zero кампа­ниясы алдын алу шаралары саласындағы ең алғашқы жаһан­дық және ең табысты кампания. Осы халықаралық қозғалысқа әлем бойынша бір­неше мың ком­паниялар қосылды. Неге? Өйткені негіздеме өте қарапайым және мақсат айқын. Яғни, кез келген апаттың алдын алуға болады. Сондықтан ауыр немесе адам өліміне әкелетін әрбір жазатайым оқиғаны болдырмауға мүмкіндік беретін еңбек әлемін құрайық. Бұл жаңа ментали­тет, жаңа философия. Бұл бел­­­гілі бір уақыт ішінде қол жет­кізетін немесе орындайтын ша­руа емес. Айтпақшы, өткен жылы Женевада Халықаралық әлеу­меттік қамсыздандыру қауым­­дастығы мен Қазақстанның Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі Қазақстанда Vision Zero қызметін дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын атап өткім келеді. Еңбекті қорғауға салынған инвестициялар үш есе тиімділігін беретіні дәлелденіп отыр.

 – Әлеуметтік қамсызданды­ру­дың жоғары стандарттары ұйым­дардың инновация­лар­ды қолдану қабілетіне байланыс­ты. Әлеуметтік қам­сыз­дан­ды­руды цифрландыру және ав­то­маттандыру нәти­жесінде бюд­ж­еттен бөлек әлеу­меттік қор­ларды бірік­тірудің халық­аралық тә­жіри­белері бар ма?

– Бүгінде әкімшілік шығын­дарды азайту және цифрландыру бағдарламаларын аса тиімді пайдалану мақсатында әлеуметтік қамсыздандыру ұйым­дарының бірігуінің халықаралық тенденциясын байқаймыз. Мұны сіздер кішігірім мекемелерге қарағанда, үлкен мекемелерде жүзеге асыра алсаңыздар тіп­ті де керемет болар еді. Ұйым­дар бірлестігі, ең алдымен, ұйым­да қажетсіз бөлулерді, басқаруда кейбір функциялардың қайталанбауының алдын алады. Алайда, әлеуметтік қамсыз­дандыру саласындағы кез келген тә­уекелдің өз ерекшеліктері бар. Зерттеулер нәтижелеріне сүйен­сек, әлеуметтік аударымдар немесе салық түсімдері, сонымен қа­тар, әлеуметтік сақтандыру ерекше­ліктері халықты әлеумет­тік қорғауда маңызды рөл ат­қарады. Сондықтан да осындай реформаларды жүргізуде «өзі­міздің жақсымыздан» да айырылып қалмауға тырысу керек. Әлеуметтік сақтандырудың бір саласы аясында ұйымдарды бірік­тіргенде бұл ұтымды көрі­неді. Мысалы, егер сіздер меди­циналық сақтандыруды зей­нет­ақымен сақтандыру ұйым­дарымен біріктіруді жос­пар­ласаңыз, онда бұл кері әсе­рін тигізуі мүмкін. Әлемде са­ла­ара­лық ынтымақтастықтың жақ­сы тәжірибелері де бар. Гер­манияда аурухана кассалары зей­нетақымен сақтандыруға (Rentenversicherung), жұ­мыс­­сыздық жағдайына (Arbeitslosenversicherung), аурудан (Krankenversicherung), қажетті күтімді (Pflegeversicherung) сақ­­тан­дыруға орасан көп жарна жинады. Алайда, жазата­йым оқиғалардан сақтандыру үшін басқа әдіс-тәсілдер қажет. Әрине ұлттық контекст те өте маңызды екенін ұмытпауымыз қажет. Тіпті бір елдің ішінде әрбір жағдайға әртүрлі тәсіл қажет болуы мүмкін. Жалпы, айтқанда мен өз ойымды реформа – оны басқаратын адамдарға қосымша ыңғайлы жағдайлар жасауға емес, керісінше әлеу­меттік қамсыздандыруға ха­лық­тың қамтылуын кеңейтуге және оларға аса сапалы қызмет көр­се­туге бағытталуы қажет деп түйін­дегім келеді.

 

Әңгімелескен

 Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»