• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 31 Қаңтар, 2020

Бакуде Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің III отырысы өтті

649 рет
көрсетілді

Баку қаласында Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің кезекті III отырысы өтті.

Келелі бас қосуға Әзербайжан Республикасының Білім министрі  Джейхун Байрамов, Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Қанат Сәрсембаев, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігінің статс-хатшысы Жапаркул Ташиев, Түркия Республикасы Ұлттық білім министрлігінің Білім және тәрбие кеңесінің төрағасы Бурханеттин Донмез және Әзербайжан Ғылым академиясының президенті Рамиз Мехдиев қатысты.

Сонымен қатар түркі әлемі институционалдық құрылымдарының басшылары, атап айтқанда, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, ТүркПА бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының басшысы Гюнай Эфендиева, ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, бұған қоса Әзербайжандағы Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Мажарстан Республикаларының Төтенше және Өкілетті елшілері басқосудың құрметті қонағы болды.

Отырыс басталмастан бұрын қонақтар Халықаралық Түркі академиясы басылымдарының кітап көрмесімен танысты. Бұдан соң академия президенті Дархан Қуандықұлы академияның қызметі мен келешек жоспары туралы баяндады.

– Бүгінгі отырысқа Ғылыми кеңестің мүшелері, министрліктердің өкілдері мен халықаралық ұйымдардың басшылары, құрметті елшілер қатысып отыр. Бұл біздің барлық ұйымдарымыздың, соның ішінде Түрік Кеңесінің үйлестіре жұмыс істей бастағанының көрсеткіші, – деді академия басшысы.

Сондай-ақ былтыр академия қызметінің сәтті болғанын, қаржылық қиындықтарға қарамастан бірқатар іс-шара мен жобалардың атқарылғанын атап өтті.

– Мемлекет басшыларының саммит отырыстарында берген нұсқаулары негізінде Академия алдына қойылған міндеттер Қырғыз Республикасындағы Ғылыми кеңестің соңғы отырысында сәтті шешілді. Өзге ұйымдармен бірге маңызды жобаларды жүзеге асырып, ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып маңызды іс-шаралар ұйымдастырдық. Ғылыми және мәдени интеграцияны ілгерілету бойынша қадамдар жасалып, бүгінгі дейін 60-қа жуық түрлі халықаралық ұйым мен академиялық институттармен кең байланыстар орнатылды, – деді ол.