БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Қазақстандағы адам құқығын сақтау саласында айтарлықтай ілгерілеу бар екенін атап көрсеттіЖақында Женевада Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқы жөніндегі кеңесінің 13-ші сессиясы шеңберінде БҰҰ-ның адамның ар-намысын аяққа басу, яғни азаптау және басқа да қатал қарым-қатынас жасау мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Манфред Новактың жыл сайынғы баяндамасын талқылау болып өтті.
Арнайы баяндамашы өзінің халықаралық мандаты аясында адам құқының сақталуына байланысты жалпы шолу жасап, оған бағасын берді.
Профессор М.Новак бірқатар мемлекеттерге, оның ішінде 2009 жылдың мамырында Қазақстанға сапарының қорытындыларына жеке тоқталды. Арнайы баяндамашы мәлімдегеніндей, Қазақстанда азаптаулардың алдын алу және оған қарсы тұру мәселелерінде айтарлықтай прогресс байқалады.
Оның пікірінше, Қазақстандағы бас бостандығынан айыру орындарында жағдай соңғы жылдары айтарлықтай жақсарған, азаптаулар жүйелі болып табылмайды және кең таралған сипатқа ие емес.
Бұрынырақта өзінің Австрия ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Манфред Новак Қазақстандағы адам құқы жөніндегі жағдай посткеңестік елдер ішінде жақсыларының бірі екенін атап өткен болатын. Осы себепті, дейді ол, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа лайықты сайланып отыр.
БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі кеңесі Қазақстан Үкіметі өкілінің БҰҰ-ның азаптауларға қарсы комитеті мен арнайы баяндамашысының аталған мәселеге байланысты ұсынымдарын жүзеге асырудағы қадамдары туралы ақпаратын оң қабылдады.
Қазақстанның соңғы жылдары азаптауларға қарсы іс-қимылдарында оң өзгерістер бар екендігі атап көрсетілді. Мемлекет адам құқы саласындағы 60-тан астам көпжақты әмбебап халықаралық келісімдердің толыққанды қатысушысы болып табылады. Азаптауларға қарсы конвенция мен оған қатысты Факультативтік хаттаманың ратификациялануы Қазақстанда азаптауларды қолдануға қарсы күрес күш ала түсіп келе жатқандығын көрсетеді.
Арнайы баяндамашы Қазақстан Үкіметіне баяндама үшін қажет ақпараттарды ұсынғаны, қолдау көрсеткені және ынтымақтасқаны үшін ерекше ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Қазақстан Үкіметінің БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесімен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендігі атап көрсетілді. Арнайы баяндамашыға БҰҰ кеңесінің ұсынымдарын орындау бойынша Қазақстан Үкіметі қолға алып жатқан шараларды бағамдау үшін Қазақстанға тағы да сапар жасау туралы ұсыныс жасалды.
“Егемен-ақпарат”.