• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Тамыз, 2013

Иә, кездесуге мән берейік

330 рет
көрсетілді

Бір нөмірін жібермей оқып отыратын «Егеменнің» 6 тамыз күнгі санындағы Гүлайым Шынтемірқызының «Кездесейік... Бірақ?» атты мақаласы маған бірден ой салды да қолыма қалам алдым. Кезінде Қазақ ССР Ішкі істер министрі болған Шырақбек Қабылбаев, көп жылдар Қазақ ССР Қаржы министрі қызметін абыроймен атқарған Рымбек Байсейітов, қазақтан шыққан тұңғыш деректі фильм режиссері Ораз Әбішев, академик Рымғали Нұрғалиев, ғылым өкілдері Асқар Құсайынов пен Болатбек Нәсенов, көрнекті жазушы Медеу Сәрсеке оқыған Абыралы өңіріндегі Қайнар орта мектебіне биыл 92 жыл толды. Содан бері бұл білім ұясы мыңдаған түлекті ұшырды. Олардың қай-қайсысы болмасын осы мектепті әрдайым еске алып, сағынышпен бас қосып отырады.

Кейбір кездесуге келгендердің ас ішіп, аяқ босататыны өз алдына, сондай кездерде арты төбелеске ұласып, адам өліміне әкеліп соққан жағдайлар да орын алған болатын. Тәубе, соңғы жылдары мұндай кездесулердің мәні де, мағынасы да өзгерді. Сағынышпен мектебіне оралған түлектер ең алдымен ауыл орталығындағы мешітке барып, дүниеден өткен мұғалімдері мен сыныптастарын еске алып, қатым түсіреді. Білім ұясына барып, көзі тірі ұстаздарымен қауышады. Ең бастысы, кездесуге барған түлектер бір сыныптың мүліктері мен құрал-жабдықтарын түгелдей жаңартып беруді дәстүрге айналдырғаны қуантады. Бұл жақсы істі қазіргі мектеп директоры, ол кезде мұғалім болған Берік Сәрсенбековтің сыныптастары бастаған еді. Олар тозыңқырап кеткен спорт залын танымастай өзгертті. Спорт құралдарын алып келді. Қайнар орта мектебінің ерлі-зайыпты ұстаздары, бүгінде өмірден өткен Саттар Түсіпбеков пен Қатира Әубәкірованың балалары тарих және география кабинеттерін бүгінгі талапқа сай жабдықтап берді.

Былтыр бітіргендеріне 40 жыл болған түлектер «Мейзек» ән-би үлгілі балалар ансамблінің барлық мүшелеріне жаңа киімдер тіктіріп берді. Бәрі жиылып барып, ауыл іргесіндегі бұлақ көзін аршып, тағы бір игі істің бастамашысы болды. Түлектердің өз өмір жолдары жайлы жазған естеліктерін мектепті 1972 жылы бітірген азамат, елімізге белгілі меценат, «Жамбылгипс» ашық акционерлік қоғамының президенті Қайнарбек Құсайынов кітап етіп шығарды. Бес жылдан бері Құсайыновтар әулеті мектепті ең үздік бітірген бір түлекке 100 мың теңге сыйақы тапсырып отыруды әдетке айналдырды. Мектепті 1968 жылы күміс медальмен аяқтаған академик Асқарбек Құсайынов кездесуге келген кезінде мектебіне 15 компьютер, интерактивті тақта сыйға тартқанын, Болатбек Нәсенов пен Рымғали Нұрғалиев ағаларымыз өз еңбектерінен мектеп кітапханасына жүздеген кітаптар бергеніне куә болғаным бар. Мектептің 1971 жылғы түлегі, ғылым докторы, профессор Серғазы Дүйсенбаев та осыдан екі жыл бұрын болған 40 жылдық кездесуде бір шәкіртке 100 мың теңге мөлшерінде стипендия тағайындады.

Сондай-ақ, кездесуге барған бір кездегі шәкірттер өз күштерімен концерттік бағдарлама ұсынып, көптен көрмеген ауылдастарына жақсы көңіл күй сыйлауды да ұмыт қалдырмай келеді. Мұндай жақсы бастамалар қасиетті Қайнар елінде, сан жылдық тарихы бар Қайнар орта мектебінде өз жалғасын таба беретіні сөзсіз.

Бейбітбек ӘБДІКӘРІМОВ,

журналист.

АСТАНА.