Індет басталмай жатып жаңа вирус қаупі барын хабарлаған қытайлық офтальмолог Ли Вэньлян коронавирустен қайтыс болды. Ухань дәрігерлері әріптестерінің өмірі үшін күрескенімен, оны құтқару мүмкін болмады. Осымен 600-ден астам адамның өмірін қиған вирусқа ем әлі табылмай отыр.
Дәрігерге қатысты ақпаратты алғаш болып Қытайдың ағылшын тілінде шығатын Global Times газеті хабарлады. Алайда біраз уақыттан кейін хабарламаны өшіріп, оны жоққа шығарды. Одан кейін аурухана әлеуметтік желідегі парақшасында ақпаратты растады.
34 жастағы дәрігер желтоқсанның аяғында өзі қызмет ететін Ухань қаласындағы ауруханаға бірдей диагнозбен 7 науқастың түскенін байқайды. Науқастардың барлығы – теңіз тағамдарын сататын базар қызметкерлері. Бұл жайтқа алаңдаған Ли достарына хабарламалар жіберіп, абай болуын ескертеді. Жаңалық әлеуметтік желілерде тез тарап, көп ұзамай полиция қызметкерлері дәрігерді тергеуге шақырып, жалған ақпарат таратуға тыйым салады.
12 қаңтарда дәрігердің өзі де ауруханаға түсіп, 1 ақпанда коронавирус жұқтырғаны расталады. Аурухана қызметкерлерінің мәліметіне сүйенсек, олар әріптестерін аман алып қалуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеген. Науқастың қанын оттегімен қамтамасыз ететін арнайы құралдардан бастап, жүрек соғысын реттейтін арнайы машиналар қолданған. Алайда Ли Вэньлян 6 ақпан күні кешкі 21:30-да жан тапсырды.
Қытай үкіметі 2019-nCov вирусына қарсы қатаң шараларды қолға алды. Үкімет мейрамханаларда үлкен топтармен жиналуға, той, туған күн тойлауға тыйым салды. Ал Ханчжоу мен Наньчан сияқты ірі қалаларда сыртқа шығатын адамдардың санына да шектеу қойған. Хубэй провинциясында лифтілердің жұмысын тоқтатып тастаған.
Науқастар санының көбеюіне байланысты билік 10 күнде 1000 адамға арналған аурухана салуды тапсырды. Уақтылы орындалған тапсырма да жағдайды түземеді. Ухань ауруханаларында орын жоқ, онымен қоса медициналық құралдардың жетіспеушілігі бар. Дегенмен сақтық шаралары қолға алынған. Әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлері үйлерді аралап, тұрғындардың қызуын өлшеп жүр деген хабарлар тарап жатыр. Тіпті қала көшелерінде адамдардың жүруіне рұқсат жоқ деген бейнежазбалар да желіні шулатты.
Әлем де алаңдаулы. Өйткені шет мемлекеттер де күн сайын азаматтарынан 2019-nCov инфекциясы анықталғанын хабарлауда. Джон Хопкинс орталығының арнайы дереккөзінің ақпаратына сүйенсек, әлем бойынша 37 547 адам инфекция жұқтырған. 2701 адам емделіп шығып, 813-і қайтыс болған. Шет мемлекеттердің ішінде Сингапур ауру жұқтырған азаматы ең көп мемлекет болып отыр. Онда 40 адам тіркелген, ал Таиландта – 32.
Бұл вирус Жапонияны да әуреге салды. Жапония жағажайларына келетін лайнерлерде коронавирус жұқтырған азаматтар анықталуда. Мәселен, Гонконгтен шыққан World Dream лайнерінде болған 3600 жолаушының үшеуі вирус жұқтырған болып шықты, тағы бір лайнерде 60 адам бақылауға алынған. Ал Йокогама жағажайына келе жатқан The Westerham лайнерінде, алдын ала мәлімет бойынша, 20 науқастың бары анықталып отыр. Жапония премьер-министрі Синдзо Абе жолаушыларға жағаға шығуға мүмкіндік берілмейтінін хабарлады.
Пенсильвания университетіне қарасты Жұқпалы аурулар орталығының профессоры Элизабет МакГроу коронавируске қарсы вакцина әзір ойлап табылмайтынын айтады. «Ғажайыпқа сенудің қажеті жоқ, вакцинаны тез арада жасап шығару мүмкін емес. Бұл індет кезінде шықпаса да, дайындап қойған абзал. Ал әзірге SARS вирусына қарсы вакцинаны қолданған дұрысырақ болады», деді.