Ауыл – біз үшін алтын бесік! Қаншама жыл, қаншама ғасыр өтсе де, бұл қағида ешқашан өзгермейді. Халқымыз үшін ұлттық құндылықтардың алтын тамыры іспетті болған ауыл береке мен байлықтың, ырыстың да бастауы еді. Сондықтан ауылды көркейту, ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселесі сөз болғанда елең ете түспейтін адам жоқ. Өйткені әрқайсымыздың көңіл түкпірімізде бір кездері шаруашылығы қыз-қыз қайнаған ауылдың тірлігі қайта оралса деген арман жатқаны анық қой...
Соңғы уақытта қанатын кеңге жайып келе жатқан жаһандану дәуірі күн санап бізге ауылды сақтау – ұлттық болмыс, ұлттық құндылықтарды, ұлттық рухты сақтаудың бірден-бір жолы екенін нақты ұғындыра бастағандай. Алтын тамырымыздан айырылсақ, ұлт ретінде сақталуымыз да қиынға соғады. Сондықтан ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлігін дамыту бүгінде тек экономикалық емес, негізгі ұлттық мәселеге айналып отыр. Ауылды көтеру ісіне әрбір азамат ұлттық ұстаным ретінде қарайтын кез келді. Сонда ғана біз көздеген мақсатымызға жетіп, алтын бесіктегі тірлікті қайта түлете аламыз.
Рас, күні-бүгінге дейін ауыл шаруашылығын аяғынан тік тұрғызу үшін талай іргелі істер атқарылды. Ауыл кәсіпкерлігін дамыту бағытында мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар қабылданды. Соның нәтижесінде өткен ғасырдағы 90-жылдардың басында мүлдем тұралап қалған ауылдың тамырына ептеп қан жүгіре бастаған еді. Көптеген іргелі шаруашылықтың негізі қаланды. Әйтсе де, қазіргі заманның талабы ауыл шаруашылығын жаңа бір сатыға көтеруді қажет етеді.
Қазіргі уақытта ауыл кәсіпкерлігіндегі ахуал қандай? Ауыл шаруашылығы ұсынған мәліметтерге жүгінсек, бүгінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несиелеу, аграрлық өнеркәсіп кешендерін субсидиялау сияқты шаралар жүзеге асырылуда. 2018-2019 жылдары «Бастау Бизнес» жобасы бойынша елімізде 61 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын курстарда білімін жетілдірді. Солардың 10 мыңнан астамы өздерінің бизнес жобаларын іске қосты. Бұл жобалардың 80 пайыздан астамы етті және сүтті бағыттағы ірі қара малын өсіру, жылқы, қой шаруашылығымен айналысатын құрылымдар болғаны да көңілге қуаныш ұялатады. Себебі еліміз үшін осы төрт түліктен алынатын өнімдердің бәсі қашанда жоғары. Бұл өнімдер экспорттық әлеуетке де ие.
Жастар жылы аясында кәсіпкерлік курстарында 45 мың жас білім алып, солардың 5 мыңнан астамы өз кәсіптерін ашқан. Жалпы, ауылдық жерлер мен шағын қалалардың тұрғындарын шағын несиемен қамтамасыз ету бағытында 2017-2019 жылдары 136,5 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 30 мың шағын несие беріліп, 20 мың стартап жоба құрылып, 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
Ал аграрлық өндіріс кешендерін субсидиялау бүгінде 16 бағыт бойынша жүзеге асып жатыр. Жалпы, субсидияның 47 түрі бар. Олар негізінен инвестициялық субсидия, несие және лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыру субсидиясы, түрлі сүт өнімдерін қайта өңдеуден өткізу өндірісі үшін бөлінетін субсидиялар, минералдық тыңайтқышарды, гербицидтер мен тұқымдардың бағасын төмендету бойынша берілетін базалық субсидиялар болып кете береді. Осындай бағытта жүргізілген мемлекеттік қолдау нәтижесінде соңғы үш жылда салада негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалды. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2018 жылы 37 пайызға өсіп, ішкі жалпы өнімнің көлемі 4,5 трлн теңгені құраған. Ал ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту 44 пайызға артып, 365 млн теңгеге жетті.
Осындай нақты көрсеткіштерден, жалпы ауыл шаруашылығын, ауыл кәсіпкерлігін қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз еместігін байқауға болады. Бірақ бұдан осы жеткілікті, осындай істер арқылы ауылдағылардың тұрмыс деңгейін көтереміз деген жансақ пікір туындамауы керек. Бұл ауыл тұрғындарының несие кепілдігін ұсынуға қабілетті, несие алуға мүмкіндігі бар бөлігінің ғана тірлігі. Ал қалған 70 пайызға жуығы әлі күнге өздерінің қорадағы азын-аулақ малы, құсы, бау-бақшасымен күнелтіп отыр. Ауылдағы әрбір ауланы жеке қосалқы шаруашылық деп қарасақ, осы қосалқы шаруашылықтар ауыл шаруашылығындағы ішкі жалпы өнімнің негізгі бөлігін құрайды. Бүгінде сүттің 73 пайызы, еттің 55 пайызы қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Бұл өнімдерді олар және ешқандай мемлекеттік қолдаусыз өндіріп отыр. Сондықтан бізге ендігі кезекте осы қосалқы шаруашылықтарды қолдауға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама құру қажет. Сонда ғана біз ауыл тұрғындарының басым бөлігінің табыс деңгейін арттыруға қол жеткіземіз. Ауылдағылардың табысын арттырудың бір жолы қосалқы шаруашылықтарды және ауыл шаруашылық кооперативтерін дамыту екенін Елбасымыз да, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев та талай мәрте айтқан болатын.
Осы орайда, мұны қалай іске асырған жөн деген заңды сұрақ туады. Бүгінде біз мемлекеттік субсидияны ірі агрофирмаларға бөліп отырмыз. Соның салдарынан бірқатар агрофирма өздеріне тиесілі субсидиядан қағылды. Бұл өз кезегінде экономикалық жоспарын мемлекеттік субсидияларға негіздеп жасайтын шаруашылықтарға делфот және банкроттық қауіп төндірген еді. Дегенмен, осы қалыптасқан жағдай біздегі ірі агрофирмалар мен өндіріс орындарының мемлекеттен бөлінетін субсидияға аса тәуелді болып қалғанын көрсетіп берді. Болашақта біз бұдан біртіндеп арылуымыз керек. Әрине, дәл қазіргі уақытта ешкім ірі агрофирмаларды субсидиядан қағуды көздеп отырған жоқ. Олай етсек, көптеген ауылшаруашылық тауарын өндіруші кәсіпорындардың тамырына балта шабамыз. Бірақ аяғынан тік тұрған ірі кәсіпорындар болашақта өндірістерін субсидиясыз өрістетуге қол жеткізуі тиіс. Ал мемлекет оның орнына жеке қосалқы шаруашылықтарды субсидиямен қамту тетіктерін жолға қойса, шағын шаруашылықтардың өзінде өнімді дайындау, сақтау, бастапқы өңдеуден өткізу, табиғи сапалы өнімнің сапасын жоғалтпай сауда желілеріне жеткізу инфрақұрылымы қалыптасады, дамиды. Соның нәтижесінде қазақтың даласында табиғи жолмен өсіп-өнген құнарлы таза өнім дүкен сөрелеріне дер кезінде жетіп, ел игілігіне пайдаланылар еді.
Қалай дегенмен, импорттық өнім бөтен топырақта, түрлі химикаттармен өндіріледі, оның адам ағзасына пайдасы шамалы. Шындығына келсек, адамға туған топырақта өскен өнімнің құнарынан артық құдіретті азық болмайды.
Ауылды көтермей, ауылдағылардың табыс деңгейін арттырмай, тұтас елдің әл-аухатын көтеру қиын. Сондықтан қоғамда қалыптасқан малшы, шопан, торакторшы мамандығына деген көзқарасты өзгерткен жөн. Бүгінде ауыл тұрғыны десең, малшы, шопан десең, оған адамның қоры сияқты қарайды. Дұрысында ең қадірлі адам – ауыл еңбеккерлері! Барлық азық түрлері ауылда өндірілетіндіктен, біздің ауылсыз күніміз жоқ. Сондықтан ауыл еңбеккерлерін құрметтеуге үйрететін мемлекеттік идеология қажет деп есептеймін. Осы идеология түбінде ұлттық және мемлекттік идеологияның негізгі мәйегі, күретамыры және өркендеу түбіріне айналары сөзсіз.
Амангелді ДӘУРЕНБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты