– Анашым, әлгі ағалар біздің туысқанымыз ба?
– Иә, айналайын, аудан әкімі мен қызметкерлері ғой, біз секілділерге қол ұшын беріп қамқорлық жасап жүр екен.
– Үлкен болғанда мен де балаларға, саған көмектесемін...
Жетідегі ұл мен ананың арасындағы әңгіме ескертусіз келген қайырымды қонақтар кеткен соң болған еді. Аудан әкімі үйіне келгенде абдырап қалған көп балалы ана көпке дейін қайырымды жандардың барына тәубесін айтып, күбірлеумен болды. Әкім атаулы үйіне келіп, жағдай сұраған емес еді. Бала бағудан босамаған ана да аудандағы әкімнің алдына бармапты. Әйтпесе, балаларына тиесілі жәрдемақыны азық-түлікке әрең жеткізіп жүрген ананы әбден тозығы жеткен, шатыры тесілген кішкене ғана баспанасының жайы көптен бері мазалап жүрген-ді. Енді үй де көктем шыға жөнделетін болды. Қызметкерлерімен айға жетер азық-түлігін арқалай келген аудан әкімі үйдің кем-кетігін түзеп, жаңартып беретін жанашыр табуға уәде беріп кетті.
– Мемлекет тарапынан да, жергілікті әкімдік те аз қамтамасыз етілген отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Отбасындағы азаматтардың жұмыспен қамтылуы, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы да назардан тыс қалған емес. Көрші-қолаң, ағайын-туыс реті келгенде қол ұшын созады, кәсіпкерлер де демеушілік жасап тұрады. Алайда тұрмысы нашар, қиындыққа ұшыраған отбасылар әлі де бар. Керісінше, көмекті әлдекімнен күтіп, әрекетсіз жататындарды да кездестірдік. Жуырда ауылдағы кедейлік шегіндегі отбасы деп танылған бір үйге бардық. Іргетасы биік қаланған үй. Жастар болмаса баспалдақсыз іргетастан егде адам көтеріле алмайды. Үйден шыққан атпалдай азамат қолын созып, бізді тартып шығарды. Тепсе темір үзеді дейтіндей-ақ жігіт. Баспалдақсыз балалары, әйелі қалай кіріп жүр деген оймен үйге кірдік. Бала-шағасымен салқындау әрі жұпыны бір бөлмені паналап отыр. Отағасының әңгімесінен ұққанымыз, әке-шешесі көмектесіп тұрады, өзі жұмыссыз. Жалпы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан аудан-қалалардағы кедейлік шегіндегі отбасыларды анықтап, қысқа мерзім аралығында аяғынан тұрғызуды көздейтін «Қамқорлық» жобасы ауылдағы жағдайды нақты білуге де септігін тигізіп отыр, – дейді Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков.
Аудан әкімі барлық ауылдардағы қолдауға мұқтаж жандардың отбасында болып, жағдайларына қанығып қайтқан. Сондай-ақ жуырда жергілікті кәсіпкерлердің, Кувейттегі дүниежүзілік ислам қайырымдылық қоры басшыларының демеушілік жасауымен Сайрам ауданы бойынша 110 бала қажетті киім-кешек заттарымен қамтамасыз етілді. Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында белсенді іске асырылып жатқан «Қамқорлық» жобасы аясында қиындық шегіндегі отбасыларды сауықтыру жүйелі түрде 4 мәселені қамтымақ. Яғни, қажетті азық-түлікпен қамту, науқастары болса толық медициналық көмек көрсету, ауруханаға жатқызып емдеу, жұмысқа орналастыру, мамандығы жоқ болса кәсіптік білімге оқыту шаралары атқарылуда. Төртіншіден, түрлі демеушілік көздері арқылы баспанамен қамтамасыз ету де қаралған. Аталған жобаны үйлестіру Nur Otan партиясының облыстық филиалына жүктелген. Аудан-қала әкімдері мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы жасаған тізімге әзірге 1535 отбасы, яғни 7 мыңға жуық адам еніп отыр.
«Ал жобаға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы қаралады. Шамамен әрбір ауданға 90-100 млн теңгеден бөлінеді. Осы кешенді қадамдар іске асырылып, кедейлік шегіндегі шаңырақтар қалыпты ел қатарына қосылуы керек. Әйтпесе, қайырымдылықты қазекем қай кезде де жасап келеді. Дегенмен нақты, әрі жүйелі жүрмегендіктен көбісінің оңала алмайтыны анық. Егер осындай тұрақты қолдау арқылы жыл сайын 1,5 мыңдай отбасыны қуантып, ахуалын жақсарта алсақ қанекей! Бірнеше жылда мыңдаған жанның жылдарға созылған проблемаларын шешіп, берекелі шаңырақтың қатарын еселеп арттырар едік. Әсіресе, бұл жоба әлеуметтік жағдайы осалдау, көп балалы отбасылар бойынша республикада 1-орынға шығатын Түркістан өңірі үшін аса маңызды болмақ», дейді Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
«Қамқорлық» жобасы аясында баспаналы болып жатқан отбасылар да бар. Мысалы, Төле би ауданындағы жомарт жандар облыс әкімінің бастамасын қолдап, аз қамтылған отбасына демеушілік танытты. «Тау самалы» демалыс аймағының басшылығы 7 балалы отбасына қамқорлық көрсетіп, өз қаражаты есебінен үй салып беруде. Тозығы жеткен ескі баспанада тұрып жатқан көп балалы отбасы алдағы жазда жаңа қоныс тойын тойлайды. «Жеті баламен құлағалы тұрған кепеде тұрып жатқан біз үшін бұл күтпеген сый болды. Хабарды естіген балаларымның қуанышында шек жоқ. Бұдан асқан бақыт бар ма?! Облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа жобаның бүкіл аудан, ауылдарда жүріп жатқанын естіп отыр едік. Баспанаға зәру біз сияқты жандарға жасалған бұл қамқорлықты ешқашан ұмытпаймыз», дейді көп балалы ана Гүлмира Әшірова.
Үй салуға көмекті Мақтаарал ауданы Иіржар ауылдық округі Наурыз ауылында тұратын Сапархановтың отбасы да алатын болды. Отағасы Нұр-Сұлтан қаласында жалдамалы жұмыста істейді екен, ал 4 баланы асырап отырған Бағила Әбдіразақова жұмыссыз. Аталған отбасына көп балалы аналарға берілетін жәрдемақыдан басқа табыс кіріп жатқан жоқ. Отбасына тиесілі 40 сотықтан аса жер бар. Дегенмен, тұрып жатқан үй апатты жағдайда. Көп балалы ана аудан әкімі Бақыт Асановтан үй салуға көмектесуді сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы отағасына тұрақты жұмыс тауып беретінін айтып, отанасына отбасылық кәсіп көзін ашуға кеңес берді. Сондай-ақ Иіржар ауылдық округінің депутаты Бауыржан Әбілов үй салуға материалдық көмек беруге уәде етті. Ал «Қамқорлық» жобасы аясында Қазығұрт ауданында анықталған баспанасыз 20 отбасының барлығы үйлі болады. Бұл мақсатта жергілікті билік демеушілермен кесіссөздер жүргізуде.
Жалпы Түркістан облысында 700-ден астам отбасы «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы бойынша жан-жақты көмек алды. Осылайша аталған жоба талай жанды қуантумен қатар жергілікті әкімдерді халыққа жақындата түсті. Nur Otan партиясы қамқорлықтың уақытша акциялық сипатта өтпеуін барынша қадағаламақ.
Түркістан облысы