• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2013

Құшағы кең атажұрт немесе халықаралық олимпиададан кейінгі ой

371 рет
көрсетілді

Бағына балаған, тірлігім деп санаған байтағында қазақ жұрты бір кездері азшылыққа ұрынып, көпке жәудірей қарап, жапалақ тірлік кешсе, қазір ұлтымыз, іргелі жұртымыз киелі топырағында 65 пайыз межеге жетіп, кемі жетіліп – БҰҰ өлшеміне ден қойсақ, ұлттық сипатқа ие болып ұлттық мемлекет деуге тіл келе бастады. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ: «Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек. Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы».

Бағына балаған, тірлігім деп санаған байтағында қазақ жұрты бір кездері азшылыққа ұрынып, көпке жәудірей қарап, жапалақ тірлік кешсе, қазір ұлтымыз, іргелі жұртымыз киелі топырағында 65 пайыз межеге жетіп, кемі жетіліп – БҰҰ өлшеміне ден қойсақ, ұлттық сипатқа ие болып ұлттық мемлекет деуге тіл келе бастады. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ: «Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек. Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы».

Осы қазақ даласында ел болғалы бері төрткүл дүниенің әр түкпіріне ителгінің тепкісіндей үстем тепкіден бас сауғалап кеткен қандастарымыз талай рет аңсап келіп табысты, танысты. Яғни 5 миллионнан аса бауырларымыз, әрбір сырттағы үшінші қазақ қазақ топырағына табаны тиіп шүкір деп шүйіркелесті, барысып келісті, ағылып атажұртына оралғандар да аз болмады. Бұл ұлттық демографиямыздың дамуына да зор септігін тигізді.

Үлкендердің арасындағы қарым-қатынасты жас ұрпақпен де жалғастыру, оларға бабаларының табан ізі қалған жерге шақырып іздейтін елі, жоқтайтын жұрты бар екенін білгізу мәселесі осыдан 10 жыл бұрын қолға алынған еді. Мұның арғы жағында өзге мемлекеттің жеріне кіндік қаны тамып, сол елдің өнегесін көріп, тілін меңгеріп, білімін алып жүрген ұл-қызды тәуелсіз Отанымен таныстыру, қасиетті қазақ тілінің нәрімен сусындату жөніндегі келелі ой жатқан болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы мен Үкіметтің арнайы қаулысын іске асыру мақсатында «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты халықаралық олимпиада ұйымдастырылды. Шынында, әртүрлі әліпбимен жазатын, білім стандарты да бізден бөлек, оқу құралдары да өзгеше жастарды ата жұртына шақыру жұмысына алғаш бас-көз болған, өз еліміздегі ұрпаққа жағдай жасай отырып, шетелдердегі қазақ диаспорасының балаларын да назардан тыс қалдырмау ниетін алға шығарған ұлт жанашырлары, сол тұстағы Білім және ғылым министрі Ж.Күлекеев пен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бұрынғы, қазіргі директорлары Т.Битуова мен Ш.Қирабаева болғанын айта кету орынды деп білеміз.

Тұңғыш білім сайысы елордада басталды. Одан кейінгі қазақ тілі мен әдебиетіне арналған олимпиадалар көрікті Көкшетауда, киелі Түркістанда, жер жәннаты Жетісуда, түркі әлемінің тамыр тартқан жері Шығыста, тарихи Таразда, Жайық жағасындағы Оралда, Алатау баурайындағы Алматыда, қасиетті Баянауыл баурайында жалғасып, он жылдан кейін Астанаға оралды.

Биылғы 10-шы олимпиада үлкен сілкі­ніс туғызды. Оған олимпиада өткен бар­лық өңірлерден арнайы азаматтар шақы­рылып, сый-құрмет көрсетілді. 40-тан аса мемлекеттерде күн кешіп жатқан қандастарымыздың 102 ұл мен қызы 12 мемлекеттен келіп, айбынды Астанамызбен танысты. Бұрын Қытай, Моңғолия, Ресей, Франция, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстаннан келсе, бұл жолы еуропалық қазақтар үлкен ынта-ықылас танытты. Германия, Австрия, Голландия, Венгрия мемлекеттерінің оқушылары кәрі құрлықтағы зиялы қазақ Әбілқайым Кесіжіні, ал Қытай мемлекетінде тұратын оқушылар 75 жастағы Қозықан Сабырды жетелеп жетіпті.

Мемлекетіміздің алтын арқауы тілімізге арналған білім сайысының ашылу салтанатында сөз алған академик Өмірзақ Айтбайұлы ана тілді қасиет тұтпаған жерде тәуелсіздігіміз ешқашан да баянды бола алмайды. Оны баянды ету – тек Қазақстанда тұратындардың ғана еншісі десек қателесеміз. Алыс-жақын шетелдерде өмір сүріп жатқан миллиондаған бауырларымызды да қатарға тарта отырып, тілдің мерейін асыруға тиістіміз. Біз сол үшін де осындай білім сайысын ұйымдастырып келеміз, десе, Әбілқ айым Кесіжі шетелдегі қандастарымыз бір замандары Қазақ еліне бару арман болып қала ма деп қабақтары түсіп, көңілдері әлейім-тәлейім болса, тәу етер тәуелсіздіктен кейін өлеусіреген үміт оты лаулап жанғанын, арқа сүйер мемлекеттерінің бар екенін, сол мемле­­кеттің тілін білу арқылы үлес қосу жолын қарастырып жатқанын, әсіресе, жастардың, оның ішінде ағылшын тілін жетік меңгерген мамандардың құлшынысы бөлек екенін, Парижде, Лондонда, Кельнде, Швейцарияда, тағы сол сияқты жерлерде қазақ тілі курстары ұйымдастырылып жатқанын, бір өкініштісі, оқу құралдарының, әдістемелердің, тіл үйрететін мамандардың кемшіндігінен кейде үзіп алатынын тілге тиек етіп, мына олимпиадаға дән риза екенін жеткізді.

Будапешт қаласының тұрғыны Томаш Палчо, біз бәріміз – қыпшақпыз. Мен қазақ десе, ішкен асымды жерге қоямын. Осыдан бес жыл бұрын қазақ туралы мағлұматты Қоңыр Мандоки орталығынан алған едім. Содан бастап қазақ тіліне, өнеріне, әсіресе, қоңыр үнді қоңыр домбырасына ықыласым ерекше ауды, қазір Құрманғазы күйлерін, халық әндерін орындап жүрмін, деп қазақтың қасіретін баяндайтын «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын «Елім-айды» айтқанда зал іші күңіреніп кеткені анық. Әсіресе, үлкендер жағы толқымай қалмады.

Биылғы олимпиадаға 8-сыныптан бас­тап 12-сынып аралығындағы оқушылар қатысты. Оған қатысқан 102 үміткер 3 тур бойынша сынға түсті. Бірінші тур – жазбаша болса, екінші тур – тестілеу тәсілінде, үшінші тур – шығармашылық, яғни әр оқушының сөйлеу мәнеріне арналды. Профессор Диқан Қамзабекұлы, айтулы ұстаз Қанипа Бітібаева, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Роза Баттал, белгілі ғалымдар Дандай Ысқақ, Құлбек Ергөбек, Тұрсынбек Баймолдаев, т.б. бастаған қазылар алқасы оқушылардың жұмыстарын саралай келіп, бірінші дәрежелі дипломды Қытайдан келген 11-сынып оқушысы Мақсат Гымиыңнұрлыға және 12-сынып оқушысы Махаббат Тілепалдыға, Моңғолиядан келген Әсемгүл Әділбекке берсе, екінші дәрежелі дипломды 5 адам, үшінші дәрежелі дипломды 7 адам иеленді. Осы арада мына бір дәйектерді алға тарта кетсек дейміз. Алғашқы олимпиадаға 57 бала қатысса, 10 жылдан кейінгі білім сайысына тілек білдіргендер 102-ге жетті. Жалпы, 10 жыл ішінде 500-ден аса талапкерлер Қазақ еліне келді. Олардың 120-дайы жеңімпаз деп танылып, Отанымыздың жоғары оқу орындарында білім алып, маман болып шығуда. Алдыңғы толқындар қалаған институттары мен университеттерін бітіріп, азат Отанына қызмет етумен қатар, шаңырақ көтеріп, ұлттық демографиямызға өз үлестерін қосуда. Бір қуанарлығы, олар өзге елде, өзге тілде оқыса да атажұртына келгеннен кейін зейін қойып, ізденудің нәтижесінде көшке ілесіп кеткеніне, тіпті, озаттар қатарынан табылып, жоғары стипендия алуға қол жеткізіп жүргеніне куәміз.

Шетелдік оқушылар күн санап құлпырған Астананың төрт құбыласымен түгел танысып, Көкшетау өңіріне барып, Абылай хан алаңына тағзым етіп, Бурабай көлін, әсем табиғатты тамашалады. Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған халық қалаулылары олимпиадаға келген оқушыларды қабылдап, ақ тілектерін білдірсе, дарынды жастар бұл кездесудің өмір бойы естерінде жүретінін айтып, өлең жырларын оқып, ән әуелетті. Германиядан келген Сафие Ақдениз мен қазақ жерінің табиғатына тамсанып қана қоймай, мынандай үлкен қабылдауға шексіз риза болдым. Әдемі Астана мені өзіне баурап, кел деп тұрған секілді. Германиядағы бауырларыма осы әсерімді қалай жеткізер екенмін деп те ойланып жүрмін. Өз еліңнің, өз Отаныңның бары қандай жақсы, дейді. Ал Голландиядан келген Арман Еролұлы менің аталарым Үндістан, Пәкстан асып Түркияға барған екен. Әкем Германияда өмірге келсе, менің кіндік қаным Голландия жеріне тамыпты. Ұшақтан түскенде бойымды бір құдіретті күш биледі. Қазақ жері, Қазақ елі дегенді анда-санда еститінбіз. Ал ол елді көру, топырағына табаның тию бір ғаламат екен! Бойымды ерекше ыстық сезім кернеді. Қазақ тарихын, бабалар тарихын білсем деген ықыласым шексіз. Мен ғана ма десем, қасымдағылар да сондай күй кешіпті. Шетелдегі жағдайымыз жаман емес. Әкемнің жекеменшік машина паркі, мейрамханасы бар. Бірақ, Қазақ жері, Қазақ елі бөлек екен, дейді.

Енді бір сәт атажұртым деп келген оқушылардың шығармасына көз жүгіртіп көрелікші. Өзбекстаннан келген Әсем Есіргабова: «Мен де қазақ даласының, қазақ ұлтының бір баласымын. Менің тілім – қазақ тілі, рухым қазақ, қаным қазақ, жаным қазақ қайсар қыздың бірімін, ана тілім барда, мен мәңгілік тірімін», деп толғаныпты. Ал Мәскеу қаласының тұрғыны, 9-сынып оқушысы Наргиз Медеуова: «Мен Мәскеу қаласында өмірге келіппін. Бірақ Қазақ елі десе жүрегім дір ете түседі. Теледидардан бір жақсы хабарлар естісем, соны достарыма жеткізгенше асығатыным бар. Сенің Отаның – Ресей десе, мен оны айтқан достарыма жоқ – менің Отаным Қазақ елі. Елордасы – Астана дейтін едім. Сол Астананы тұңғыш көргенде, ата-анама барған соң елге кетейікші дегім келгенін жасыра алмаймын. Сондықтан да шығар, орыс ортасында жүрсем де тілімді ұмытпай келе жатқаным», депті.

Мұндай ұлтын сүйген патриот қыздың үнін қазақ топырағында туып, білім алып, қазақ тілінен гөрі орыс тілін әспеттейтін қаракөз қандастарымыз бен олардың ұл-қызы да естісе ғой, әттең! Соңғы жылдары Түркіменстан мемлекетінде тұратын қандастарымыз да бұл олимпиадаға қатыса бастады. Биыл 3 оқушы келген екен. Олар­­­дың жетекшісі Х.Сәрсенбаева, ол жақта тұ­рып жатқан қандастардың да қазақ жұр­тына деген ілтипаты ерекше екенін алға тартты.

Осы арада Таулы Алтайды мекен етіп жатқан қандастарымыздың бір игілікті ісі туралы айта кетуді парыз санаймыз. Ол «Таулы Алтай қазақтары» атты энциклопедия еді. Безендірілуі де, алар тағылымы да мол кітапта, сол жерде тұрып жатқан бауырластарымыз туралы мол мағлұмат беріліпті. Алғы сөзінде түркі халықтарының алтын бесігі Алтайда, Мұзтаудың етегіндегі тірлік-тыныстары туралы айтып, «Бір түп қайың шоғындай қазақпыз. Дәстүрімізді, тілімізді, ділімізді және дінімізді сақтап, бала өсіріп, қыз ұзатып, келін түсіріп отырмыз. Келешек жастар тарихын білсін, тегін ұқсын, бірін-бірі ұмытпай жүрсін, ауыз бірлікте болсын, деп «Мирас» қазақ мәдениет орталығы осы энциклопедияны шығарды», депті. Бұл іргелі еңбектің бір ерекшелігі, Таулы Алтай мен Қазақ мемлекетін ұштастыра білгенінде жатыр. Энциклопедия ұлы Абаймен ашылып, қазақтың арыстары айтылып, жер мен ел тарихынан да мағлұматтар таратылған. Таулы Алтайдың тарихы, онда өмір сүріп жатқан бауырлардың арасынан атқа мінген абзалдары, ел бірлігін сақтаған асылдары, ұрпақ өсірген аяулы аналары – бәрі-бәрі қамтылыпты. Ұлттық дәстүр, салт-сана да шет қалмапты.

Сол Алтайда патриотизмнің үлгісін көр­сетіп жүрген Сапабек Маусымбаев деген қазақ бар. Ол – Байқамыт елді мекеніндегі қазақ орта мектебінің директоры. Бар бол­ғаны 21 қазақ баласымен білім ұясын сақ­­тап отыр. Таяуда өткен олимпиадаға қа­ты­сып, мекеніне барған соң Ресей Феде­ра­­­­циясының білім министрлігінің бір қыз­­меткері олимпиаданың барысын сұрап бі­ліпті. Ол білім сайысы туралы сүйсіне айт­қан­да, алдағы уақытта жоқ-жітікке қарай­ла­са­тынын жеткізіпті. Соған қарағанда қазақ ті­лінің киесі оларды да ойландырған болу керек.

Шіркін, алдағы уақытта осы тіл мен әдебиет олимпиадасын өзге ұлттың балалары да қатысатын дәрежеге жеткізіп, басқа да, әсіресе, жаратылыстану пәндері бойынша жалғастырып жатсақ, елдік дәрежеміз артар еді. Қазір ағылшын тілінен, орыс тілінен, өзге де тілдерден халықаралық білім сайыстары өтіп жатады. Бір кездері Қазақ мемлекетінің мемлекеттік тілінен алты құрлықта олимпиада өтсе, елді танытудың, танудың үлгісі болар еді. Жақын­да жоғарыда айтқан Әбілқайым Ке­сіжі хабарласып, Еуропаға барғаннан кейін­гі жерде Қазақ еліне келіп қайтқан жас­тардың рухы қатты оянғанын, ата-анала­рына менің мемлекетім, тілім бар екен ғой. Сол туралы бізге жан-жақты айтпаған сіз­дер кінәлісіздер. Біз өзіміз секілді білім сайы­сына келген қандастарымызбен қазақ тілін­де сөйлесе алмадық. Оған сіздер жауапты­сыздар. Енді қазақ тілінде сөйлесетін болайық, қазақша оқуға жағдай жасаңдар, деп жатыр. Олар тек өздерінің ғана сағыныш сезімін оятып қоймай, өзгелердің де санасына сәуле түсіре бастады. Біздің Отанымыз бар екен, соған барайық деп сілкініс жасауда. Қазір Еуропадағы бауырлар ойланып қалды. Оларды ойландырған үлкендер емес, Қазақ жеріне барып қайтқан 13 ұл мен қыз. Осындайдан шығар атам қазақтың: «Үл­кеннің мыңына бергенше, баланың бірі­­не бер», дейтіні дейді, қатты тебіреніс үстінде.

Шынында, бала кезде алған әсер, көрген көрініс, естіген сөз ойдан кеткен бе, санадан өшкен бе?

Он жылдан бері өтіп келе жатқан олимпиаданың алғашқы жылдары жеңімпаз деп танылғандары бірден грантқа ие болып жататын. Соңғы кездері бұл бір қиын түйін мәселеге айналған секілді. Өз елімізден шыққан халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері кешенді тестке кірмейді, бірден грантқа қол жеткізеді. Ал халықаралық деген аты бар «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» деген білім сайысы мұндай мүмкіндіктен айырылып қалған тәрізді. Осы олимпиадаға қатысқан шетелдік жеңімпаздар кешенді тес