• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 14 Ақпан, 2020

Мемлекет басшысы Германияда бірқатар мәселені талқылайды

186 рет
көрсетілді

Бүгін Германия Федеративтік Республикасының Мюнхен қаласында адамзат қауіпсіздігі мәселелері талқыланатын саяси маңызды шаралардың бірі – Мюнхен қауіпсіздік конференциясы 56-рет өткізіледі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария астанасына 2 күндік жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында Президент Қ.Тоқаев конференция аясында өтетін панельдік пікірталасқа қатысады. Сонымен қатар әлемдік көшбасшылармен, халықаралық ұйымдардың, Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен, сондай-ақ халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді деп күтілуде.

Ертең аймақтық қауіпсіздік сұрақтары талқыланатын пікірталасқа қатысып, «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйлейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жиынға Мемлекет басшысы ретінде бірінші рет қатысып отыр. Бұған дейін 2015, 2017, 2018, 2019 жылдары Сенат Төрағасы ретінде қатысқан болатын.

56-басқосуды Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ашады деп күтілуде. Сонымен бірге Нидерланд, Дания, Греция, Украина, Әзірбайжан мен Түркия Президенттері, 100-ден астам саяси және қорғаныс ведомстволарының жетекшілері келеді деп жоспарланған.

Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының күн тәртібінде әлемдік дамудың және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қарастырылады. Конференцияға қатысушылар сауда соғыстары мен санкциялар проблемаларын, Таяу Шығыстағы ахуалды, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлерін, Еуропалық одақ пен НАТО-ның келешегін, сондай-ақ, киберқауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлерін, жалған ақпаратпен күрес және басқа да мәселелерді талқылайды.

 

Мюнхен, Германия