• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Ақпан, 2020

Абай және Маржани дүниетанымы

3155 рет
көрсетілді

Абай және оның дүниетанымы туралы айтқанда ой-танымының, әсіресе шығыстық-діни терең толғамдарының қалыптасуына ықпал еткен тұлғалар туралы тоқталмай кету әсте мүмкін емес. Дала дәстүрі мен халық философиясын бала жастан бойына сіңіріп, кейін медреседе оқып, тіл үйреніп, өздігінше ізденген данышпанның Шығыс пен Батысты тел еміп, адамзаттық өреге көтерілуіне, әрине оқыған кітаптары мен тәлім алған ұстаздарының тигізген әсері орасан зор болғаны анық. Абайға әсер еткен сондай тұлғаның бірі де бірегейі татар халқының ұлы перзенті Шихабеддин Маржани (1818-1889) екені белгілі.

XIX ғасырдың соңына қарай Ресей империясының қол астындағы мұсылман-түркі халықтары арасында басталған жәдидшілдік-жаңашылдық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болған ол туралы шәкірттері: «Шихабеддин Маржанидің тәлім-тәрбиенің тәсілін жаңарту жолындағы пікірлері көптеген қарсылыққа ұшырағанымен, қалың бұқара халық арасында кең қолдау тапты, ой-толғамдары жұртшылыққа жаңа бағыт берді. Сол арқылы Бұхара медреселерінің таңғажайыптылығы туралы түсінік талқыға түсіп, мектеп және медреселердің жаңару қажеттілігі айқындалды. Ойшылдар мен зиялылар бұл қозғалысты тез түсініп, терең ұғынып, сең бұзылып, мектептерде жәдидше-жаңаша оқытыла бастады. Татарлар үшін Исмаил Ғаспыралы, Дамолла Ғалымжан Баруди, Хайруллаһ хазірет Османи, хади Ефенди Атласи, Ахмед және Ғани байлар сияқты жәдидшілдік ағымының негізін салушыларға үлкен әсер еткен Маржани хазірет халықты жаңашылдық, жәдидшілдікке бастаған алғашқы ұстаз болып саналады» деп жазды 1915 жылы шыққан арнайы жинақтың алғысөзінде.

Қазақ, татар және башқұрт халықтарының ортақ ойшылы, жаңашыл бағыттағы Ақмолла ақын:

«Бірадар, сізге өтінем сәлем жазып,

Көзің сал Маржани ол – темір қазық.

Болмаса құбыла таппай адасарсың,

Қараңғыда жөн білмей, жолдан азып»,

деп жырға қосқан Шихабеддин Маржани Абайға және Алаш қозғалысының қайраткерлерімен бірге өз жалғасын тапқан жаңа тұрпаттағы ұлттық ой-танымының қалыптасуына үлкен әсер етті. Сондықтан Абай дүниетанымы мен оның дәріс алған мектебі мен ұстаздарына жүгінуге тура келеді.

Абай мен Маржани арасындағы үндестікке кең тоқталған Ақжан Машанов «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде: «Қарқаралыда, Семейдегi медреселерде Маржанидің тiкелей өзiнен тәлiм алған адамдар оқытқан. Абай – Семейде сол Маржани шәкiрттерiнен оқығандардың бiрi. Абай еңбектерiнде Маржанидің қозғаған мәселелерi көп кездесетiндiгi осыдан», деп көрсетедi. Рас сөз. Маржанидің үздік шәкірттерінің бірі Кашафеддин бин Шаһимардан (Шаһмарданұлы) өмірінің соңына дейін Қарқаралыда имам әрі медресе мұғалімі болып бала оқытқан. Сол арқылы Маржани идеяларының қазақ даласына кең тарауына сеп болған.

Бүркіт Ысқақов шығыстың жарық жұлдызына айналған Шоқан Уәлихановтың Маржанимен етене араласқанын, ғұламаның шәкірті, араб, парсы, түркі тілдерінің білгір маманы, Петербор мен Қазан университеттерінде оқытушы болған татар оқымыстысы Хұсайын Файызхановпен жақын дос болғанын жазады. Кезінде В.Вельяминов-Зернов, В.Бартольд сынды академиктер Файзхановтың шығыстану жөніндегі еңбектерін өте жоғары бағалаған. Әнуар Дербісалиннің жазуынша, Файызханов қазақтың тағы бір ұлы тұлғасы Ыбырай Алтынсаринмен де жақын араласқан. Ол Орынборда Ыбыраймен бірнеше рет кездесіп, сырласып, жас алшақтығына қарамастан дос адамдарша табысып, түсініскен. Ал бұл кездесулер арқылы Ыбырайдың Маржани пікірлерімен таныспауы мүмкін емес. Сондықтан біз Маржаниді Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты қазақтың үш ұлы тұлғасының қалыптасуына ықпал еткен аса ірі ойшыл-ғұлама ретінде қабылдаймыз.

Шихабеддин Маржани қазіргі Татарстан топырағындағы Япанжы ауылында 1818 жылы 3 қаңтарда дүниеге келген. Алғашында Бұхарада білім алған өз әкесі Бахаеддиннен сауатын ашқан Маржани 6 жасында медресеге барады. Сөйтіп 6-10 жастарында араб тілдерін үйрене бастайды. 16 жасында әкесінің медресесінде көмекші мұғалім қызметін атқаруға кіріседі. Осы кезеңнің өзінде Маржани тақуалығымен қоса, оқыған ғалымдарын сын елегінен өткізіп, зерттеу жүргізетін. Сондықтан алғашқы ұстаздық қызмет атқарған тұсында дәстүрлі білім беру жүйесінің ретсіздігін байқаған Маржани мұғалімдік қызметін тастап, Бұхарада білім алуға құштар болады. Сөйтіп ол 21 жасында, 1839 жылы Бұхараға барып, осында өз дәуірінің атақты ұстаздарынан дәріс ала бастайды. Алайда Ш.Маржани бір-екі жыл оқығаннан кейін айтарлықтай ілгерілей қоймағанын түсінеді, ол үміт артып келген Бұхарада көздегеніне жете алмайды. Өйткені Бұхарада тек діни ғылымдарға ғана мән беретін еді. Сондықтан Бұхарада білім алған кезінде медреселерді тереңірек зерттеп, осы өлкедегі білім беру жүйесінің әлсіз, кемшін тұстарын және дін ғылымдарының қателіктерін сынайды. Бұл туралы ол 1883 жылы Қазанда басылған «Вафият ал-аслаф уа тахият ал-ахлаф» атты еңбегінде: «Біздің халық сабақ беруде Бұхара медреселерін үлгі тұтады. Алайда Бұхара халқы мен өкіметінің білім беру ісінен хабары аз, сот жүйесі ретсіз және білім беру жүйесі де тәртіптен жұрдай. Олар синтаксистен «Шерх-и Кафие-и Молла Жамиді» (Ибн-и Хажибтің «Кафие» кітабына Абдурахман Жами жасаған түсіндірме) оқып, онымен 3 жыл шұғылданады. Осы оқу кезінде өз ретімен емес, соңынан басына қарай оқиды және ең қажетті тұстарын оқымай, тастап кетеді. «Қисын» (логика) сабағында «Шәмсие» кітабының басынан бірнеше қатар оқығаннан кейін түсіндірме мен белгілерге назар аударады да, осымен 2 жыл өткізеді. «Техзип» (түзету) кітабынан бастап, «Әл-хамду-лиллах» сөзінің түсіндірмесіне бір жыл бөледі. Оны «Бахс-и Хамд» деп атайды. Алайда осы мадақ, тура жол, сілтеме, талдау мәселелерінің қисын ілімімен қандай байланысы бар? Мұның себебі неде? Біз бұл сауалдарымызға жауап ала алмадық. Бұхарада пәлсапа, география, тарих ғылымдарынан және әлемдегі жағдайлар жөнінен ешқандай мәлімет жоқ. Бұлар қажетті ғылымдар деп саналмайды. Бұхарада ықыласты адамдар да аз кездеседі» деп жазады.

Абайдың «бұл күндегі тахсил ғулум ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болады», деп білім беру мен медреседегі оқу жүйесін сынға алуы оның Маржани негізін қалаған жәдитшілдік жолында болғанын көрсетсе керек. Сондықтан «бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки бұзық фиғыл, әл-инсан ғәдду ләма жәһилге хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғарап-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзінше өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгілі, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады, «һай-һой!» менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді» деген Абай қазақ балалары үшін араб және парсы тілдерін емес, түсінікті түркі жазуды танудың маңыздылығына тоқталады.

Бұхарада үміті ақталмаған Ш.Маржани өз бетімен тәуелсіз зерттеулер жасай бастайды. Осылайша Бұхарада өткізген 11 жылының (1838-1849) көп бөлігін Бұхара кітапханаларында сирек кездесетін құнды шығармаларды зерттеумен өткізеді. Соның арасында Самарқанға да барып (1843-1845), атақты ғалым, қазы Әбу Саидпен танысып, оның бай кітапханасында зерттеу жұмыстарын жүргізе бастайды. Осы кітапханада имам Ғазали еңбектерін зерделеген Маржаниге оның көзқарастары үлкен ықпал етеді. Маржанидің Самарқанда оқыған кітаптары арасында имам Ғазалидің «ат-Тефрик байнал-Ислам уәз-Зындықа», «әл-Мункиз минад-Далал», «Кимия-и Са’адат», «ал-Маднун биһ ‘ала ғайри аһлиһи» сияқты кітаптар еді. Осы орайда ерекше айта кетерлік жайт, Маржани имам Ғазалидің кітаптарынан көбірек әсерленген. Себебі имам Ғазали ұлы ғалым болумен қатар ірі ойшыл әрі тасаууф іліміне терең бойлаған терең тұлға еді. Сондықтан имам Ғазалидің жаңашыл бағыттағы көзқарасын негіз етіп ұстанған Маржанидің өзін Ақмолла ақынның:

«Ол пазыл Ғазалидей болса-дағы,

Реддіне теһафүкттер жазар сізсіз»,

деп Ғазалиге теңеуі тегін емес. Маржани де ұстазы Курсави сияқты Ғазалидің әсерімен кәләмшыларды сынады.

«Ақылмен хауас барлығын

Білмейдүр, жүрек сезедүр,

Мұтакәллимин, мантиқин

Бекер босқа езедүр»,

деген өлең шумағы арқылы мантиқин, яғни логика ілімі мен кәләмшыларды ауыр сынға алуы Абайдың да Маржани арқылы Ғазали еңбектерімен таныс болғанын көрсетсе керек.

Маржани кітаптарының ең маңыздыларының бірі – «Ет-Тарихатул-есна уел-акиде-тул-хусна» еңбегі қаламшылармен болған тартыс шеңберінде және оларға жауап ретінде жазылған. 

Маржани Самарқанда жүрген кезінде «...фи улум-ул Құран», «Мизат-и Шарани», Фатхул-қадир «шарх-и һидая», «шарх-и меват», «фусул-и ситта», Ширазидің «Асфар-и Арбағ», Абу Али ибн Синаның «Шифа уә ишарат» кітабы, Қады Байдауидің тәпсірі, Шехристанидің, Ибн Хазмның, Суютидің, Ибн Арабидің, Сухравардидің кейбір кітаптарын көшіріп алған еді. Абайдың:

«Мұны жазған білген құл,

Ғұламаһи Дауани»,

деп сілтеме жасайтын атақты Жалаладдин Дауани мен оның шәкірті Юсуф Қарабағидің кітаптары да Маржанидің сүйеніп, сүйсініп оқыған кітаптары арасында болған.

Аты аталған кітаптардан байқалып отырғандай, Маржани Бұхарада жүрген кезінде сопылық ілім – тасаууфпен де терең айналысқан. Ол осы өңірдің мәшһүр нақшыбанди шайхыларының бірі Ниязқұлы ишан Түркманидің ұлы, шайхы Убайдуллах бин Ниязқұлы хазіретке қол берген еді. Рухани ілімінен қол үзбеген ол кейін, Бұхарадан туған жерге оралған соң шайхы Абдулқадир бин Нияз Ахмад ал-Фаруқи ал-Хинди және Мазхар бин Ахмед ал-Хинди хазіретке қол береді. Өйткені Маржанидің түсінігі тұрғысынан тасаууф бір жағынан шариғат ілімі, екінші жағынан шынайы ислам философиясы ретінде тәрбие, мужахеде және ахлақи (этика) ерекшеліктерге ие болу секілді негізгі өзгешеліктерімен бір медресенің қызметін атқарды. Сондықтан Маржани шығармаларында тасаууф ілімі туралы байыппен баға береді. Алайда Маржани дүниеқоңыздыққа салынған кейбір надан шайқылардың пірге қол беріп, өз айналасында адам жиып, мүриттеріне білім жолында жаңа бағыт бермейтінін және мұның ғылым мен білімнің дамуына ең басты кедергі екенін атап көрсетеді. Ол зікір салып, тәуекел мен қанағатты жалқаулық ретінде қабылдап, жұмыс істемей, тек мүриттерінің арқасында күн көретін пайдакүнем ишандарды сынға алады. Сондықтан Абайдың: «Күллі адам һу деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек... бұл жолдағылар қор болып кету қаупі бар...», деп тариқатқа сын көзбен қарауында да мән бар. Өйткені сопылық ілімді жете ұғынбаған сол кезеңдегі шайқы ишандардың арасында еңбек етпей, тер төкпей біреудің сыртынан күнелту немесе тәркі дүние деп халықтан мүлдем алыстап, жыраққа кету сияқты жайттар белең алған болатын. Маржани мен Абайдың сынға алып отырғандары осындай жолды ұстанғандар еді. Ал сопылық ілімді рухани әлем мен көңілдің ілімі немесе жүректің салтанаты деп қабылдайтын болсақ, шынайы сопылықтың негізгі бағыты кемел адам тәрбиелеу. Кемел адам, Абайша айтқанда, толық адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан дүниесі ағарып, рухани артқан, мүлтіксіздіктің қалыбы мен жаратылыс негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Кемел адам – адасқандар үшін темірқазықтай жол көрсетуші, жолда қалғандар үшін – көпір, үміті үзілгендер үшін – ашылар есік. Оның ұстанымы – Мәуләна Жалаладдин Румидің сөзімен айтқанда, халық ішінде Хақ тағаламен бірге болу, яғни жүрегінде тақ құрған Жаратушыға деген махаббат сезімі мен хикмет-кеудесіне орнаған ізгілік нұрын айналасына төгіп, жұртшылықпен бірге қалыпты өмір кешу. Сондықтан кемел адам дүниені тек жүрегінен тәрк еткен адам. Өйткені Абайша айтқанда, «қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмалат жоқ».

Ақылды қолдану жүректің сергектігі мен бағыт-бағдарымен тығыз байланысты. Міне, сол сәтте әртүрлі жамандықтардан тазарып, ахлақи әдемілігі мен дұрыс амалдарының нәтижесінде қол жеткізген жүрек тазалығының арқасында ақылдың жасампаздығы артады. Жүрекке ерекше мән бере сөйлейтін ойшылдардың бірі – Абай. «Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулі бірден өлшеусізді білуге болмайды», деген Абай:

«Халиққа мақұлық ақылы жете алмайды,

Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі»,

деп жырлап, Жаратушыны жаратылғанның шолақ ақылымен ойлап, толық ұғынудың мүмкін емес екендігін меңзейді. «Мен жүректі жақтадым», деп сопылық ілімнің негізгі ұғымдарының бірі – жүрекке жүгінеді. «Алла адамның түр-әлпеті мен мал-мүлкіне емес, оның жүрегіне қарайды», деп айтылған хадиске сілтеме жасайды.

Осы орайда айта кететін жайт, тасаууф ілімінде жүрек – адамның өзегі, дәні болып саналады. Ол – илаһи әмірлер арқылы адамды тура жолға бастайтын қазына, құдірет отауы. Жүрек, яғни көкірек көзі заттың ішкі мәніне бойлай алады, тылсым дүниені түсініп, ғайыпты сезінеді, шабыт алып қанаттанып, шекара танымайды. Адам бойындағы бар ізгі қасиет жүректен табылады. Сондықтан қайрат пен ақылға бағынбайтын жүрек дене мүшелерінің әміршісі болып саналады.

Самарқан сапары олжалы болып, 1845 жылы Бұхараға қайтып келген Маржани мұнда «Мир-Араб» медресесіне орналасып, оның бай кітапханасынан Ханафи, Насафи, Тафтазани, Фараби сынды Шығыстың ұлы ойшылдарының еңбектерімен таныса бастайды. Сондықтан ол өз еңбектерінде әл-Фарабидің философиялық туындыларын терең талдайды, оған жоғары баға береді. Әділетті ту еткен ғұлама бір еңбегінде Ғазалидің Фарабиді негізсіз айыптағанын, осылайша қателікке бой алдырғанын айтады. Ақжан Машанов «Абай Фабари еңбектерімен Маржани еңбектері арқылы таныс болды» дегенде, осыны меңзесе керек.

Бұхара мен Самарқан кітапханаларынан түрлі қолжазба кітаптарды ақтарған Маржани тарихпен де терең айналысады. Кейін Қазанда 1883 жылы жарияланған «Вафият ал-аслаф уа тахият ал-ахлаф» деп аталатын іргелі еңбегінде мұсылман әлемінің ірі 6057 тұлғасының биографияларын жазуда мұның көп пайдасы тиген. Сол сияқты ол Қазанда 1897 жылы жарық көрген «Мүстефад ал-ахбар фи ахуал-и Қазан уә Бұлғар» атты атақты еңбегінде тарих туралы тереңнен толғайды. Осы кітабында Маржани Жәнібек ханнан бастап бүкіл қазақ хандары, билер, Дешті Қыпшақ даласы және үш жүз туралы кеңінен жазған. Бір қызығы, еңбекте ол қазақ хандарының атасы іспетті Орыс ханды «Ырыс хан» деп берген. Маржанидің тарихқа жаңа көзқарас әкелген бұл шығармасын Абай оқып, зерттесе керек. Ақжан Машанов Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген еңбегінен Маржанидің сарыны анық байқалатынын айтады. Ол Абайдың «Қазақтың асыл түбі татар, қытайша оны «татан» деп жазады деген қағидасын Маржани пікірімен түйіседі деп дәлелдейді. Біздіңше, дұрыс болжам.

Қазанға 1849 жылы қайтып келіп, 1850 жылдан бастап имамдық және ұстаздық қызметпен түбегейлі айналыса бастаған Маржанидің айнымас темірқазығы ақиқат болды. Сондықтан оның атағы лезде шартарапты шарлап кетті. Бұл әрине өзге молдаларға ұнай қоймаған еді. Сөйтіп 1854 жылы бірнеше молда Маржанидің үстінен арыз жазды. Бірақ ғұламаның кінәсіз екені анықталып, ол ақталып шықты.

Маржани мен өзге қадымшыл молдалардың арасында пікір қайшылығы туындағанда, ол бір мәселеге Құран мен сүннеттен жауап бере қалған жағдайда, өзге молдалар: «Маржани өзін мүжтеһитпін деп жариялап жүр, біздің ондай ниетіміз жоқ, біз тек рауаят және фикһпен амал етеміз», деп өздерін ақтауға ұмтылады екен. Ал Маржани әркім өз мүмкіншілігімен ақыл-парасаты мөлшерінде Құран мен хадисті көбірек оқып, олардан пайдалануды, ғибрат алуды, иманын толықтыра түсуді көздеуі керек десе, молдалардың көпшілігі Құран мен хадистен үкім шығару мүжтеһиттердің ісі, қазір ижтиһад жолы жабық, бізге соңғы ғалымдардың кітаптары да жетеді деп есептейді екен.

Ресей өкіметі 1870 жылы жаңа заң шығарып, медреселерде орыс тілін оқыту міндеті қойылды. Бұл шешімге молдалар қарсы шықты. Маржани орыс тілін үйренуге қарсы болған жоқ, керісінше қолдады. Ол қоғамның дамуы үшін әртүрлі ғылым салалары қажет екендігіне назар аударды. Діни ғылымдармен қатар дүниелік ғылымдармен де айналысу керектігін, Батысқа және жаңашыл ғылымға апаратын жол орыс тілі арқылы өтетінін, орыс тілінің маңыздылығын ұғынған Маржани 1876 жылы 16 қыркүйекте ашылған «Орыс-татар мұғалімдер мектебінде» (Русско-татарская учительская школа) дін және тарих мұғалімі болып 9 жыл жұмыс істеді. Орыс зиялыларымен танысуы, Радлов сияқты ғалымдармен достық қатынаста болуы және Ресейдің білім беру жүйесін жақсы білуі ислам мәдениетін толық меңгерген Маржанидің ой-өрісін одан да кеңейтті. Ол өз дәуіріндегі тәлім мен оқытудың тәсілін жаңартып, мектепте көптеген пәннің оқытылуын ұсынды. Мектеп-медреселерде өнерді, Еуропада оқытылатын жаратылыстану пәндері мен ғылым-білімді және Ресейде өмір сүріп отырғандықтан, орысшаны оқыту қажеттілігін айтатын еді. Ол орыс тілін үйрену үшін алдымен өз болмысын, исламдық танымды ұғыну керектігіне баса назар аударған. Осы орайда Абайдың орыс тіліне қатысты ойларының Маржанидің көзқарастарымен астасып жатқандығын көруге болады.

Қорыта айтқанда, Маржанидің ой-пікірлері жәдидшілдік қозғалысына негіз болды. Сондықтан Абай дүниетанымы мен Алаш қайраткерлерінің жаңашыл бағыттағы батыл ойларының астарына терең үңіліп, әділ баға беру үшін Маржани мұрасының жете зерттелуі керек деп ойлаймыз.