(Қаз-қалпында)
Дүрияның соғысқа өзі сұранып кеткен ұлы Сағидан тура он сегіз жасқа толған күні және бір үшбу хат келді. Кенже бала сағынады, жиі хат жазады. Дүрия әдеттегідей келген хатты маңдайына басады, содан соң кезерген ернін тигізіп сүйген болады. Жаңа да сол әдетін қайталады.
Келіні Күлзада сыртта еді. Әлгі әзірде енесінің таңғы шайын беріп, үй ішін жинастырып болған соң, қора-қопсыны ретке келтірмек болып далада жүрген. Баланың хатын тапсырған пошташы Әсіпбайға “сырттағы келінді маған жібер” деп өтінді.
Пошташының келгенінен-ақ бір жаңалықтың боларын іші сезген Күлзада жүрегі алып-ұшып жетті де, енесінің жанына тізерлей отыра кетті. Содан соң:
– Жай ма, апа? – деді демін ішіне тартып.
Хатты қолына алып ұсына бергенде Дүрияның қолы тағы қалтырап кетіп еді. Бұл дерт кейін пайда болды. Бастапқыда олай емес-ті. Үлкен ұлы Еркебектің фин соғысынан қайтпай, қара қағаз алғанында жабысқан кесел. Сағи сол тұңғыш ұлы мен екі қыздан соңғы кенжесі болатын. Қыздар тұрмысқа шығып, жан-жаққа жолын тауып кеткен. Ауылдас жеңгелері Сағидың атын атамай “шақалақ сары”, кейін есейгенде “сары жігіт” деп атайтын. Сол есіне түсіп “қайдағы жігіт” деп кемсеңдеді Дүрия.
Апасының дірілдей созған қолынан хатты алғанда Күлзаданың бойы шымырлап сала берді. Таныс жазу көзіне оттай басылып “Сағидың өзінің қолы, өзінің” дей берген іштей. Жазуы әсем, түсінікті, жақсы еді. Әдеттегідей сия қаламмен жазыпты. “Тілінің табы бар шығар?” Ойына келген орайсыз ойынан өзі ұялып қымсынып қалды да, тездетіп хатты ашты.
– Апа, оқиын.
– Оқы, қарағым, оқы. “Биссимилла”, – деп бастап оқы.
“Биссимилла”, деді, Күлзада. Тағы екі рет ішінен қайталады. Содан соң болмашы дірілі бар даусын қаттырақ шығарып оқи бастады. “Ардақты апам менің, аман-есенсіңдер ме? Ауру-сырқаудан саумысыңдар? Қысқы отындарыңды қамдап алдыңдар ма? Кім қол ұшын беріп жүр? Оңғарбек пен Олжабек демеу жасар? Бірақ, олардың да өз үйлері бар, Күлзада жаныңда ғой жаси берме, жан анам...”
Осы жерге келгенде Дүрияның көзінен жас ытқып шықты. “Айналайын-ай, біз үшін қам жеп қайтесің? Ел ішіндеміз ғой, өлер дейсің бе?” – деді кимешегінің ұшымен көзінің жасын сүрткілеп.
– Ары қарай оқы.
...“Апа, кеше қатты соғыс болды. Екі жақтан да өлгендер жетерлік. Бір ес жиған шақта жанымда бір өзбек және орыс жігіті үшеуміз отыр екенбіз. Окоптың іші терең. Қарсы алдымыздағы жазыққа көз жіберсек теңкиіп жатқан неміс солдаттарының өліктері көрінеді. Өзіміздің өлген жауынгерлердің сүйектерін жинап жерлегенбіз, жаралыларын арбаға тиеп санчастқа алып кеткен. Немістер болса өліктерін жинауға шамалары жетпей кері шегініп еді.
– Жүр, қолдарындағы сағаттарын көрейік, – деді өзбек бала бір уақытта. Оны орыс жігіті іле қостады. Ойлары, тәуірін қолдарынан сыпырып, жинап алмақ. “Бармаймын, өздерің бара беріңдер”, – дедім...”
Хаттың осы тұсына келгенде Дүрия: “Ақылыңнан айналайын, Алла, жар бола гөр, жалғызға!” деді. “Құдай сүймейтін қылықтан аулақ жүр айналайын, аулақ жүр...”
– Ары қарай оқы.
Сағидың “бармаймын, өздерің бара беріңдер” дегеніне қатты сүйсініп қалған Күлзада енді хатты одан әрі екпіндетіп, даусын дірілсіз шығарып, саңқылдап оқи жөнелді.
“...Сосын екеуі бастарына темір каскаларын киіп, мылтықтарын иықтарына асып окоптан өрмелеп шықты да, бауырмен жорғалап неміс жауынгерлерінің өліктеріне қарай жылжыды. Жетті. Біреуін аударып көрді. Екіншісін де... үшінші өлікті де аударып байқады. Бір-біріне бас бармақтарын шошайтып “бәрі жақсы” дегендей белгі берді. Соған қарағанда көңілдері тоқ, олжалы. Бір сәт басын қалт еткізіп көтергені сол-ақ еді, өзбек жігіті сұлқ түсті. “Не болды?” – дегендей солай қарай білмек үшін бауырлай жорғалаған орыс жігіті де мұрттай ұшты. Жау мергені көптен барлап отырса керек, қалт жібермеді...”
“Дүниеқоңыздық-ай,” – деді күңіреніп Дүрия ана. “Етегіңнен тартып, ес берген Аллаға мың да бір рахмет. Құдай сүймейтін қылықтан аулақ жүр құлыным.” Демін ішіне тартып біраз үнсіз отырды Дүрия ана. Баланың қаншалықты қатерлі жолда екенін тіптен қатты сезініп отыр. Араша түсер амалы жоқ. Жалғыз сүйенері Жаратқан иесі. Соған жалбарынды.
– Ары қарай оқи бер. Мергеннің мүлт жібермегені Күлзадаға да үрей әкелді. “Сәл жіберген қателігі болса, бүкіл әулеттен қалған жалғыз еркек кіндік Сағиды да жалмай салмақ екен.” Жас әйелді үрейлі ой қажытып жіберді. “Оқысаңшы, неге үнің шықпай қалды,” – деген апасының даусынан соң барып есін жиды. Ары оқуға қорықса да демін ішіне тартып оқи бастады.
“...Ар жағында тығылып жатқан неміс мергендерін байқамады. Солай мерт болды ақыры. Апа, мені Құдай сақтады. Барсам ғой, саған осы хатты жаза алар ма едім? Апа, жеті нан пісіріп таратшы.
Көріскенше, күн жақсы болғай – Сағи.”
– Түсіндің бе?– деді Дүрия.
– Түсіндім.
– Онда атаң Тараздан әкелген қылшық қаптағы ұнның аузын аш. Ақ ұннан жеті нан пісір, қарағым.
– Жарайды, апа, – деп, Күлзада орнынан ұшып тұрды.
Дүрия ақ ұнға Күлзаданың қолын тигізбейтін еді. “Балам аман-есен оралғанда ашамын, Сағиым ақ нан жейді,” деп сол үшін ырымдап сақтап жүрген-ді. Өздері тары түйіп, талқан езеді. Жүгерінің ұнынан нан жауып жейді. “Балам аман-есен келсінші, ақ тоқаш пісіріп беремін, етке ақ жайма салып беремін,” – дейтін көңілі орнығып отырғанда.
Сөйткен Дүрия ақ ұн толы қылшық қаптың аузын бүгін ашуды бұйырды. Ашытып алып, өткенде шыжғырып алған ешкінің іш майына жеті нан пісірді. Дастарқанға ақ тоқаш шашты. Көрші абысындары мен келіндерін шақырып бірге шай ішті. “Балаңызбен Алла аман-есен қауыштырсын,” – деді Айқыз. Жуықта күйеуінен қара қағаз алып қайғы жұтып жүрген жайы бар еді.
– Қажыма, қалқам. Енді мына жаныңдағы қарғашыңды құдай аман қылсын. Соның тілеуін тіле. Жазмыштан озмыш жоқ, – деп, Дүрия шешесінің жанында отырған қара қызының шашын сипалап басу айтты. – Дәм алып отырыңдар.
Өзі де тоқаштың бір түйірін аузына апарып “аман жеткей құлыным” деді іштей. Ертеректе кеткен Еркебегі есіне түсіп еді “қара қағаз жұтқан қарғам” деп кемсеңдеп қалды. Абысындары “қой, қой енді, барыңның бағын тіле” деген соң басылып, ақ жаулығының ұшымен көзінің жасын сүртті.
Бұлыңғыр күндер үміт шырағын маздатып өтіп жатты. Әйтеуір, Сағи хатқа жалқау емес. Қолы қалт еткенде анасына хат жолдайды. “Еркебек ағам болса анау, апам жасып жүр”, – деп ойлайтын шығар.
Хаттарында болған оқиғаның мән-жайын тәптіштеп баяндайды. Әлі бала екені белгілі, апам үрейленеді-ау деген ой ойына кіріп-шықпайды. Жанын түршіктірген оқиғаларды тәптіштеп баян етеді. “Алла сақтады” дейді содан соң. Содан соң “апа жеті нан таратып берші” дейді әдеттегідей. Мұндайда Дүрия жанында көзі бақырайып отырған келіні Күлзадаға қарайды. Қүлзада ақ тостағанын алып, қылшық қапқа қарай тұра жүгіреді. Қанша жүгіргені бүгінде есінде жоқ. “Болмаса болмасын. Сағи аман келсе болғаны... Сағи аман келсе ғой...”
Апасы бір құрақ көрпені құрастырып жүрген. Соның қамында. Күні бойғы ермегі сол. “Сағиым келгенде төсеймін”, – деп қояды көңілі орнығып отырғанда.
– Апа, көзіңіз ауырса мен көктейін,– деп Күлзада ынта білдірді.
– Сен қарап отырсаң да жетеді қарағым, сөйтіп-ақ үйренесің, зейінің болса. Енесі екеуі осылай жайма-шуақ отырғанда сырттан:
– Дүрия-ау, Дүрия, хат ал, балаңнан хат келді, – деген Әсіпбайдың әдеттегідей әндеткен даусы келді. Сірә, асығыс болар-ау. Болмаса өзі үйге кіріп, аман-саулық сұрасып, әкеліп беруші еді.
– Апа мен барайын, – деп Күлзада отырған орнынан жеңіл көтерілді де, жүгіре жөнелді.
Сол, әдеттегідей Сағидың амандығын жеткізіп жүрген үшбу хат. Сия қаламмен жазған хаты. Белоруссия жері, Смоленскіден. Соған қарағанда осы қаланың маңындағы ұрыс майданында болса керек. “Оқы, қарағым”, – деді Дүрия келіні аптығып үйге кіргенде, үйреншікті қалпына басып. Күлзада басындағы жұқа орамалын түйгіштеп тартып байлады да, тез-тез хатты ашып “биссимилла” деп оқи бастады.
“Апа, аман-есенсің бе? Көкем Әулиеатадан қайтты ма? Бәлкім, әлі де біраз ұстар-ау, жұмысшы күші аса қажет, жетіспей жатыр ғой. Соғыс тез бітсе екен. Алла жазса, бәлкім бәріміз бірге жетерміз. Жеткізетін күндерді жазғай...”
– Айтқаның келсін, айналайын, – деді осы тұсына келгенде Күлзаданың даусын шорт бөліп. – Құдай оңынан аузына салып отырған шығар, қайтар күні де жақындаған сыңайлы ма?
– Ары қарай оқы, – деді Дүрия суланған көзінің жасын сүртіп.
“...Кешегі айқас есеңгіретіп кетті апа. Қанша мәрте ұрысқа түсіп жүріп дәл осылай есімнен танып құлаған кезім болмап еді. Басымды көтерсем маңайымда тірі пенде жоқ, қаптаған өлік екен. Сірә, неміс солдаттары мені де өлдіге санаған болар, тимепті. Қимылдамағаным қандай жақсы болған, қыбыр етсем атып кеткен болар еді...”
– Не дейді құлыным, – деп Дүрия ана дауыс көтеріп жылап жіберді. Апасы жылаған соң Күлзада да булығып, өксіп-өксіп барып жасын тыйды.
– Аман-есен қалғаныңа шүкір. Аллаға мың алғыс. Ары оқы, тез.
“... Содан көзімді ашып біраз жаттым. Басымды көтеріп қимылдайын десем, өткенде шейіт болған екі жолдастың тағдыры есіме түсіп, бойымды үрей билеп, сақтанамын. Жатқан жерім аласа бір төбешіктің еңіс беткейі еді. Төмендеу етегінде сүрлеу жол бар. Алғы шепке қатынас жолы. Біздің жауынгерлер, әгерки жеңісті болып алға озып кеткен болса, кешке дейін атты арбадағы ас кухнясы осы жерден өту керек. Сол сүрлеуге қарап біраз жаттым. Үмітім алдамады. Не керек, алдыңғы шептегі жауынгерлерге ас-су апаратын атты арбакеш те көрінді-ау. Таныдым. Өзіміздікі. Айқайлайын десем көмейіме тас тығылғандай үнім шықпайды. Жан-жағыма қарай аударылып қимыл жасап көріп едім, аяқ-қолым сау секілді. Бірақ, көкжелкем зіл тартып ауырсынды. Аяғымды, қолымды тағы да ары-бері қимылдаттым. Қимылым жақсы. Тұра салып жүгіргім келді. Немістің мергендері жоқ па екен деп тағы да күдіктендім. Болса қайтер екен деп мылтығымды жоғары көтердім. Белгі болмады...
Арбакеш болса, сүрлеу жолда асықпай кетіп барады. Оның өз мақсаты бар. Жан-жағына қарайтын түрі жоқ. Байқайын деп мылтығымды тағы да көтердім. Сөйткенше болған жоқ, шүріппесіне саусағым тиіп кетіп, оқ атылды. Арбакешке қарадым, ол шошынып тоқтай қалды да жерге секіріп түсіп, арбаның астына бауырлап жата қалды. Атылып кеткен оққа еш жауап болмаған соң, тұра салып арбакешке қарай құстай ұштым. Көкжелкем қатты ауырып келеді... Жеттім-ау, жеттім... Қайта есімнен айырылып қалыппын. Көзімді ашсам, далалық госпитальда жатыр екенмін. Көкжелкемнен қатты жарақат алыппын...
Қазір жақсымын, апа. Осы хатты алған соң тағы жеті нан пісіріп таратшы...
Көріскенше күн жақсы – Сағи.”
Дүрия болды ма дегендей Күлзадаға қарады. Күлзада “апа қазір” деп орнынан ұшып тұрды да ақ тостағанын қолына алып, әдеттегідей қылшық қаптың аузын ашуға асығып бара жатты...
... Соғыс аяқталып, сол жылдың алтын күзінде Сағи ауылға аман-есен оралғанда қылшық қаптағы ақ ұннан екі-үш тостағаны ғана қалған еді...
Жеті нан...
Бір қап ұн...
***
Жеңісті жылдан соң арада елу жыл өткенде 9 мамыр күні ақ жаулықты әже Күлзада жеті перзенті мен олардан өрбіген немерелерінің алдында осы сырды алғаш ашып еді.
Ерғали САҒАТ.