Биыл қазақ мұнайына 120 жыл толса, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы 55 жылға аяқ басып отыр. Саналы ғұмырын өндіріс алаңында кен игеруге арнаған мұнайшының бірі – Махамбет Батырбаев. «Өзенмұнайгаз» басқармасынан соң Теңізмұнай өндірістік бірлестігінің бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті қызметтерін атқарғанда майталман мұнайшының өнегелі өмір жолын баян еткен әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.
– Аға, әңгімені балалық шағыңыздан бастасақ. Болашақ мұнайшы қандай отбасында дүниеге келді?
– Мен 1943 жылы 24 қаңтарда Гурьев қаласында өмірге келдім. Әкем 1942 жылы қазан айында Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, оралмады. Әкем кеткенде іште қалған алты айлық баламын, алдымдағы апам 12 жаста, ал ағам 5 жасар бала еді. Бізді өсірген, жеткізген анам – Қалы. Денесінде меңі болған болу керек, қазақы ырымда ондай адамдарға Аққал, Қали деп ат қойып жатады. Ол кісі 1907 жылы туған, күйеуі соғысқа кеткенде жалғыз өзі бір отбасының тірегі болып қалған. 35 жастағы әйел ғой. Қасында сүйеніші күйеуі болмаса, өзі оқымаған болса не істей алады? Оның табандылығы мен қайсарлығын үнемі айтып келемін. Анама тартқан өңім ақшыл. Ол кісі тумысынан өте таза, үйдің іші-сыртына ықтиятты жан еді. Әріп танымағаны былай тұрсын, қол қоя алмайтын. Бірақ ақылды, көргені көп. Бізді көп еркелетпейтін, есесіне талапшыл еді. Мектепішілік жиналыстардан қалмай баратын. Түсінбесе де, тыңдайды. Үйге келген соң ана сабақтан кемшілігің мынадай, мына сабақтан білмейтін тұсың мынадай деп айтып келеді. Үнемі қамшылап отырды. Соғыс, соғыстан кейінгі уақытта өмір сүру қай-қайсымызға да оңай тиген жоқ.
– Сол кездердегі тіршілік тынысы қандай еді?
– Қоғам өте жұпыны болғанымен, ағайыншылдығы мен бауырмалдығы басым болатын. Көрші-көлем, туған-туыс жылына бір үй көрсетіп, дәмге шақыратын. Әр уақытта дастарқан жаюлы. Ет болмаса да, наурыз кезінде күріштен көже жасап, үлкен кісілерді шақырып шай беретін. Сары май салып, соғып алатынбыз. Соның өзі маған жетіп жататын. Сөйтіп жүргенімізде алдымдағы әпкем жұмыс істеп, бірте-бірте тұрмысымыз түзеле бастады. Ағам көлік айдады, жүргізуші болды. Өзіміз тұрған қаладағы қазақ орта мектебіне барып, онжылдықты сонда аяқтадым. Мектепте үздік болдым деп айта алмаймын, әйтсе де физика, химия, география пәндерін ұнатып оқыдым. Қалғандарын да қалдырмай оқисың, өйткені күн сайын сабақ сұрайды. Әсіресе мектеп директоры Ғинаят Абдрахманов деген тарихтан сабақ беретін ұстазымыз «Кеңес Одағы Коммунистік партиясының пәленінші съезі қашан өтті?» деп төтесінен сұрақ қойып қалып, састыратын. Содан амал жоқ газет-журнал ақтарыстырып қоғаммен қатынасуға тура келді. Пионер болдық, комсомолға қабылдандық. Өмірдің талабы сол, өзіңді қоғамда ұстай білуің керек. Сонымен мектепті аяқтаған соң қатарлас балалар Алматы, Ақтөбе сияқты қалаларға кетіп жатты. Ондай алысқа бара алмайтынымды түсіндім. Мектептің қасында 50 метр жерде Гурьев мұнай техникумы орналасқан. Онда құжат тапсыру үшін мектеп директорынан мінездеме керек екен. Жағдайымды айтып, түсіндірдім. Емтихан тапсырып, түсіп кеттік. Әрине техникумға түскенде мұнайшы болам деп алдыма мақсат қойған жоқ едім. Бірақ оқыған мамандығымыз мұнай саласына жатады екен. Яғни, бұрғы ұңғымасын қазады, қолыңа геофизикалық құралдар береді. Сол арқылы қай жерде, қандай тереңдікте мұнай, газ, су бар дегенді шығарып беріп жүрдік. Осыдан соң техникумда қатар оқыған төрт баланы Каспий теңізінің шығыс жағындағы Форт-Шевченко қаласына іс-тәжірибеге жіберді. Техникум бітіріп келгеніміз үшін бірден төртінші дәрежелі маман деп жұмысқа қабылдады. Бұл 1963 жылы болуы керек. Дереу барлау жұмыстары басталып, тапсырыс бойынша Жетібай мен Өзенге кетеміз. Жол жоқ, шаң-тозаң. Жетібай кен орны Форт-Шевченко қаласынан 220 шақырым, ал Өзен кен орны 300 шақырым қашықтықта жатса, Гурьев қаласынан 1200 шақырымда орналасқан. Кейде жолда қонып қаласың, бір күнде жетіп бара алмайсың. Өндіріс орнын көріп, жақсы шыңдалдық. Алғашқы еңбек жолым осылай басталып кетті. Армияға кетпес бұрын Мәскеудегі сырттан оқытатын Бүкілодақтық политехника институты жер-жерден үміткерлерді шақырып жатты. Құжаттарымды өткізіп, тиісті емтиханды тапсырған соң 1963 жылы 19 қазанда мені әскерге алып кетті. Кейін әскери бөлімге институт құжат анкетасын жіберіпті. «Бүкілодақтық сырттан оқыту политехника институтының тау-кен инженер геолог мамандығына бірінші курсқа қабылдандыңыз. Әскери борышыңызды өтегеннен кейін нақты анықтамаларды тапсырып, оқуды жалғастыра аласыз», деген сыңайда хат жолдапты. Содан әуелі Ташкентте бір жыл, кейін екі жыл Қарақалпақстанның орталығы Нүкіске жақын Тақия-таш деген жерінде әскери борышымды өтедім. Келген соң 1969 жылға дейін Форт-Шевченко қаласында, Жетібай, Өзен кентінде жұмыс істедім. Мәскеуге құжаттарымды өткізіп, 1972 жылға дейін сырттай оқыдым. Келе сала Маңғыстауда, Жетібайда жұмыстарымды жалғастырып жатқанмын, алайда отбасылық жағдайым бойынша Гурьевке қайтуыма тура келді. Өйткені ағам 29 жасында аяқастынан қайтыс болып, үйде анам жалғыз қалған-тұғын. Апам тұрмыста. Бұл уақытта «Маңғыстаумұнайгаз» өндірістік бірлестігінің өсіп-өркендеп жатқан кезі. Гурьевтегі Қазақ мұнай ғылыми-зерттеу және жобалау институтына (Гипроказнефть) жұмысқа қабылдандым. Бұл – мұнай өнеркәсібі саласында жобалау-смета қызметтерін жүзеге асыратын Қазақстанның жетекші институттарының бірі. Сол жерде 10 жылдай аға қызметкер, сектор меңгерушісі болып жұмыс істедім, бірақ барлық жобаларым Маңғыстаумен тікелей байланысты болды. Сырттай оқып жүргендіктен ондағы еңбекақым 10 пайыз кем беріліп келді, кейін оқуды аяқтаған соң қосып берді. Соның өзі әжептәуір бізді қызықтырып, көңілімізді өсіретін. Барлығы тектен-тек бола салған жоқ.
– Ал «Өзенмұнай» мұнай- газ өндірістік басқармасының бас геологі қызметіне қандай дайындықпен келдіңіз?
– Басшылыққа істеген жұмысым ұнаған болу керек, «Маңғышлақмұнай» бірлестігінің бас директоры, әйгілі мұнайшы Виталий Иосифович Тимонин мені қабылдауына шақырды. «Өзенге жұмысқа жіберуге сені ұйғарып отырмыз, барасың» деді. Артынша кезінде мұнай өндіру шебері болған, Қазақстан Коммунистік партиясы Жаңаөзен қалалық комитетінің бірінші хатшысы Ислам Әбеновке қоңырау шалып, «Осындай маманды Өзенге жіберіп жатырмын» деп хабардар етті. Ол кезде міндетті түрде партия органдары мен басшылықтың мақұлдауы керек. 1978 жылы наурызда бұйрықпен Жаңаөзен қаласындағы «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігіне қарасты «Өзенмұнай» өндірістік басқармасының бас геологі болып кете бардым. Бас геолог деген атағы қандай мықты болса, жүктелетін жауапкершілігі одан екі есе зор. Аянбай жұмыс істедім, өйткені басқа жол жоқ еді. Бәлен мың ұңғыма, отызға жуық горизонт, оларды игеру оңайға түспеді. Табан аудармай үш жылға жуық жұмыс істеппін. Содан 1976 жылдан бастап мұнай өнімінің құлдырау кезеңі болып, 1981 жылы мекеме директоры Юрий Сергеевич Карчагин жұмыстан ауысатын болды. Обалы не керек жақсы-ақ істеді, бірақ бір себептермен жыл сайын жоспарды орындай алмады. Тиісті жоспар уақытында орындалмаған соң, жоғары жақ жауапты адамға қырын қарайды. Кеңес Одағының тірегіне айналған алты кен орны болды. Оның үшеуі Батыс Сібірде (Тюмень), Татарстан мен Башқұртстанда, енді біреуі Қазақстандағы осы Өзен кен орны болатын. Осы айналдырған алты кен орнын Мәскеу үнемі бақылауда ұстап отырды. Көрсеткіш ойдағыдай орындалып жатса министрліктің есебі толық болады, ал біреуі сыр берсе оның орнын толтыратын басқа кен орны жоқ. «Қара алтынның» қайнар бұлағына айналған «Өзенмұнай» кен орны жер шалғайлығымен ғана емес, мұнайының геологиялық-техникалық, химиялық көрсеткіштерінің күрделілігімен ерекшеленеді. Сондықтан өндіру үшін де үлкен тәжірибе керек болды. Ал ол кезде ондай тәжірибе мен жобалаудың үздік үлгісі әлемде жоқ. 1979 жылы Мәскеуден Өзендегі жағдай бойынша маңызды бұйрық шықты. Себебі неде, ғылыми жағынан, техникалық тұрғыдан жетіспей жатқан тұсы қандай? Ол заманда министрліктен бұйрық шыға бермейді. Бірінші №595 бұйрығы Кеңес Одағындағы бүкіл жерасты мұнайын көбейту шараларына бағытталса, екінші №680 бұйрық тек Өзенге арналды.
Сонымен Кеңес Одағының мұнай өнеркәсібі министрі Н.Мальцевтің 1981 жылғы 19 маусымдағы №777 бұйрығымен «Өзенмұнай» өндірістік басқармасына басшы болып тағайындалдым. Абырой болғанда жоспарды кемітпей, көрсеткішті белгілі бір шектік мөлшерде ұстап тұрдық. 1990 жылға дейін жылына 10 миллион тоннадан мұнай өндірілді.
– Өнімді қабаттың температурасы мен қысымын ыстық су айдаумен көтеру арқылы мұнай өндірудің техникасын жетілдіруге үлес қостыңыз. Мұндай нәтижелі шешім қалай іске асырылған еді? Осындай айтулы жетістік үшін Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы мен академик И.Губкин атындағы арнаулы диплом берілгенін білеміз.
– Өзен кен орнын тиімді пайдалану мақсатында осы жылдары өндіріске жаңа техникалар көптеп енгізіле бастады. Жердің астына су айдаудың әртүрлі әдістері болады. Бірлестіктің бас мамандары В.Тимонин, Ю.Юферов, А.Дергачев, Л.Дмитриев, С.Асылханов Мәскеудегі ВНИИ институтының ғалымдары Г.Вахатиов, С.Сафроновтардың көмегімен алдымен тәжірибелік аумаққа пайдаланып, кейін ауқымын кеңейте бердік. Осылайша Өзен кен орны су айдау әдісіне толықтай көшіп, тәуліктік ыстық су айдау көлемі 150 мың текше метрге жетті. Өндіріске енгізілген жаңа техника мен технологиялық әдістер мұнай өнімдерінің күрт төмендеуін тоқтатып, бірқалыпты деңгейде ұстауға көп септігін тигізді. 1985 жылы тамыз айының 29-нан 30-на қараған түні 200 миллион тонна мұнай Отан қоймасын толтырып, тарихи датаға айналды. Осы уақыттарда Қарамандыбас мұнай-газ кен орнының жаңа жүйесін құруды басшылық маған тапсырды. Горизонт құрылымы мен мұнай құрамы тура Өзеннің баламасы деуге болады. Гурьевте институтта жүргенімде Қарамандыбас мұнай-газ кен орнының жобасын жасағаным бар еді. Көп ойланбастан іске кірісіп кеттік. Әрбір горизонтын жекелеген нысан ретінде алып, 7 дәлдік жүйесімен су айдадық. Одан соң дифференциалды қысыммен реттеп, сатылы-термальдық айдау әдісін бір жүйеге түсірдік. Мәселен, 1980-жылдары Қарамандыбас кен орны жылына 95 мың тонна ғана мұнай беріп келсе, келер жылдары өндіріс көлемін 750 мың тоннаға жеткіздік әрі ұлғайта бердік. Бұл – таза тиімді ыстық су айдау жүйесінің құрылуы. Осылайша қысым мен температураны бір қалыпта түсірмей ұстап тұруға мүмкіндік береді.
– Сізді танитындар үлкенді сыйлайтын, кішіні маңдайынан сипай білетін, қатарына құрметті жан деп айтады. Өз-өзіңізді тәрбиелеуге, жетілдіруге қаншалықты мән бердіңіз?
– Адамды шыңдайтын еңбек. Дұрыс қойылған мақсатқа жету жолында еңбек ету адамды өсіреді. Кез келген орында бірінші басшының әрекеті қарамағындағыларға үлгі болады. Қызмет барысында тәртіпке көнбегендерді жұмыстан шығарған, тәртіпке шақырған кезіміз де болды. Алдымызға келген кей мұқтаж жандарға кезектен тыс көмектесіп, айтқан мәселесін мұқият тыңдап, барынша оң шешілуіне ыңғай жасауға тырыстық. Демалыс сайын азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, бетінен қақпай, мүмкіндік туғызғанды дұрыс көрдік.
– Жаңаөзен мұнайшылар мен газ өндірушілердің қаласы ретінде Маңғыстау түбегінде, шөл дала төсінде тұрғызылды. Өткен мен бүгіннің сабақтастығы туралы не айтар едіңіз?
– 1990-1994 жылдары Қазақстандағы мұнай өндірісінде үлкен тоқырау болды. Өзен, Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас кен орындарында мұнай көлемі күрт түсті. Мысалы, Өзен мұнай кен орнында осы жылдары жылдық мұнай көлемі 10 миллионнан 3 миллион тоннаға дейін құлады. Өзен кен орнының өндірістік қуатын қалай арттырамыз деген сұрақ мемлекеттік деңгейде қозғалып, барлығымызды алаңдатқан мәселеге айналды. 1994 жылы маусым айында «Мұнайгаз» мемлекеттiк холдинг компаниясының бірінші басшысы болған Болат Еламановтың бұйрығымен құрылған үлкен комиссия Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Комиссия құрамында мен де жұмыс істеп, кен орнының түйткілді сұрақтарын біржақты жүйелеу маған жүктелді. Жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізе келе, бір тоқтамға келдім. «Өзенмұнай» өндірістік басқармасын «Маңғыстаумұнай» бірлестігінен бөліп, өз алдына дербес бірлестік ретінде қайта құру керектігі турасында министрліктен тиісті шешім шығаруды сұрадым. Өйткені Өзен кен орнының дербес жұмыс істеуі өндірістің адымын кеңейтіп қана қоймайды, қаланың әлеуметтік жағдайын түпкілікті жақсарту үшін маңызды еді. Мұнай-газ өндірісінің жағдайына үлкен қамқорлық танытқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы өзінің Жарлығымен Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігін құрып, оның бірінші министрі етіп Равиль Шырдабаевты тағайындады. Артынша ол Атырау облысының әкімі болып ауысып, сол жылы министрлікті АҚШ-та білім алған, Мәскеуде көп жылдар жұмыс істеген, тәжірибесі мол, инженер, мұнайшы Нұрлан Балғынбаев басқарды. Мұның барлығы айтқанға оңай көрінгенімен, іс жүзінде тарихи маңызы зор оқиғалардың қызған шағы еді. Содан 1994 жылы күзде министр Нұрлан Балғынбаевтың бұйрығымен «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігі дербес мекеме болып құрылып, оның бірінші басшысы болып Жақсылық Жанғазиев, бас инженері Мұрат Құрбанбаев тағайындалды. Осыдан кейін өнеркәсіптің жаңа кезеңі басталып, өндірістің жылдық қуаты 6 миллион тоннадан асып жығылды. Сондықтан бүгінгі гүлденген Жаңаөзеннің көркеюі, өңір экономикасының дамуы осы дербес бірлестіктің құрылуынан басталды деуге әбден негіз бар. Өткендегі қиын уақыттарда алдыңғы шепте болған кешегі қарт мұнайшылардың ұрпақтары қазір де осы салада еңбектеніп келеді. Кен орнын игеруде ең ауыр, жауапты жұмыстарды атқарған мұнайшылардың, геологтардың, құрылысшылардың еңбегінің арқасында жетістікке жетіп отырмыз. 55 жылдың ішінде 387 миллион тонна мұнай өндірілді, ал мұндай көрсеткішке елімізде тек «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігі ғана ие болып отыр. Өткенде аралап көрдім, барлығы жап-жас, ысылған жігіттер. Соншама қызметкер өндіріс процесін тоқтатпай күні-түні еңбек етеді. Келешекте мұндай қарқынмен мұнай өндіру көлемін 400 миллион тоннаға жеткізуге толық мүмкіндік бар. Ғимараттары оңды, тұрмыс едәуір түзелген. Барлығымен таныстым, көрсетті, көрдік. Халықтың көңілі көтерілген. Менің қалам, менің жерім, менің мұнайым деп жанашырлықпен жұмыс істесе барлығы шешіледі. Жас толқын алдыңғы буын ағалардың еңбек дәстүрін лайықты жалғастырып, адал іс атқарса, мұнайымыз көп, байлығымыз орасан болады. Ал оның игілігін көретін өзіміздің халық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ая Өміртай,
«Egemen Qazaqstan»