• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2013

Алғашқы қадамдар

432 рет
көрсетілді

«Мәдениет» телеарнасының мәніне ой жүгіртсек...

Халқымыздың рухани құн­ды­лықтарын төрткүл дүниеге таныт­қан «Мәдениет» телеарнасы ашылғалы екі жылға жуық уақыт өтті. Осы қысқа уақыт ішіндегі телеарна жетістіктері жайлы ой-пікірімізді, әуелі отандық телевидение дамуының түп қазығы – «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан бастап әңгімелеуді жөн көрдік.

 

«Мәдениет» телеарнасының мәніне ой жүгіртсек...

Халқымыздың рухани құн­ды­лықтарын төрткүл дүниеге таныт­қан «Мәдениет» телеарнасы ашылғалы екі жылға жуық уақыт өтті. Осы қысқа уақыт ішіндегі телеарна жетістіктері жайлы ой-пікірімізді, әуелі отандық телевидение дамуының түп қазығы – «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан бастап әңгімелеуді жөн көрдік. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» дегендей, бүгіндері Қазақстанда елуден астам телеарна бар болса, сол телеарналардың түп атасы – сөз жоқ, Қазақ теледидары – «Қазақстан» Ұлттық теле­ар­насы болып саналады. 1958 жылдың 8 наурызы күнінен бастап алғаш хабар таратқан Қазақ теледидары тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек тәрізді. Кезінде халқымыздың әншілік дәстүрі жайлы хабарлар жүргізген әйгілі Ақселеу Сейдімбек пен жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменовтің өшпес, өлмес рухани әңгімелері әлі күнге жұртшылықтың есінде. Әйтсе де жылдар жылжымай, уақыт өтпей қоймайды. Қазақ теледидарының сол бір сағындырған алтын заманы артта қалды. Қоғам өзгерді. Тәуелсіздік таңы теледидар дамуына жаңаша бағыт, жаңаша серпін әкелді.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы жүз пайыз таза қазақ тілінде хабарлар тарата бастады. «Балапан», «Білім» және «Мәдениет» телеарналары халқымызға жол тартты. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап «KAZsport» спорттық телеарнасы да іске қосылды. Міне, осылардың бәрі де өткен ғасырдағы Қазақ теледидарының шаңырақ көтеруінен басталған, заман талабынан туындаған ірі жетістіктеріміз.

Десек те, елімізде өз ана тілі­міз­де көрсетілетін хабарлар көлемі өте төмен. Қазақ өзі еуропашыл ха­лық. Еуропаның ана елінде кере­мет екен, мына елінде керемет екен деп таңданудан жалыққан емес­піз. Ал мына отырған көрші Өз­бекстан мен Түркіменстан, Әзер­байжан мен Моңғолия тәрізді елдердің 100 пайыз өз тілдерінде хабарлар таратып отырғанын, солардан үлгі алу керектігін әсте қажетсінбейміз. Оның үстіне ұлттық мүддемізді жолға қоюдың орнына теле­ди­дардағы шығармашылық топ (авторы, режиссері, редакторы) Ресей телеарналарындағы ескірген жобалардың көшірмесін қазақ тіліне айналдырып беріп отырған хабарлар аяқ алып жүргісіз. Шетелдік түрік, корей, үнді, орыс сериалдары қазақ елі кеңістігі эфирінің ең жақсы деген кешкі уақытын алып отыр. Дәл осы уақытқа қазақ ауылының тұрмыс жайын суреттейтін, Тәуелсіздікке қосқан үлесін айқындайтын хабарларды көрермендерге неге ұсынбасқа. Өз еліміздің емес, шет жұрттың дүниелерін тоқтаусыз күндіз-түні насихаттап жатқан қазақ телеэфирінің қайран уақыты-ай, дегің келеді осындайда.

Бүгінгі таңдағы қазақ теледидары қалалық телеарнаға, қалалық көрермендерге ғана жұмыс жасайтындай әсер береді. Бостандық алғаннан бергі жиырма жыл ішінде телеарналардың тақырып ауқымы ауылдық тұрмысқа, ауылдық әлеуметке бет бұратын кез жетті емес пе. Неге десеңіздер, бүгінде халықтың 50 пайызы ауылдық жерде, оның 80 пайызы өзіміздің қазақтар екенін ескерсек, телеарналар насихаты да сол бағытқа бұрылуы қажет. Қазақстандық телеарналар ауыл мәдениетіне көңіл бөлсе екен деген тілек бар. Көңіл бөлгенде, «Аймақтар аламаны» хабарында көрсетіліп жүргендей, өңірдің ең таңдаулы өнерпаздарын таңдап, жиып алып бір ортада шоу прог­рамма жасау емес, керісінше теледидардың шығармашылық тобы аймақтарға, ел ішіне сапар шегіп ондағы күн көріс қамында жүрген адамдардың әл-ауқатын, тірші­лі­гін, тәуелсіздіктегі үлесін жет­кі­зетін хабарлар ұйымдастыру қа­жет. Бұл тұрғыдан алғанда, Қа­зақстандағы кабельдік АЛМА ТВ телеэкранынан көрсетілген, көршіміз Қытай Халық Рес­пуб­ликасының Шыңжаң-Ұйғыр авто­номиялық ауданында қазақ тілінде берілетін «Жолаушы» деген хабарды үлгі етуге болады. Ондағылар ТЖК деп аталатын журналистік камерамен-ақ сол елдегі қазақ ауылдарын аралай жүріп, қазақтың әншілері мен күйшілерін, ақы ндары мен жыршыларын, жалпылай айтқанда, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін айтарлықтай жақсы насихаттап жүр.

Республикамыздың кабельдік жүйесінде орналасқан «Мәдениет» арнасы несімен тартымды дегенге келсек, мұнда күнделікті саясат хабарлары, әлемдегі болып жатқан күнделікті толассыз жаңалық дүниелер, жазатайым өлімді сипаттау, апатты суреттейтін хабарлар, Қазақстанға таратылатын түрік, корей, ресей, үнді елдерінің ұзағынан созылатын сериалдары жоқ болып шықты. Нақтылай айтқанда, дөңгеленген дүниедегі шырғалаң көріністерден, зорлық-зомбылықтан, тіпті, көріп отырғаныңды тоқтатып қойып әттеген-ай дегізетін жарнама да жоқ. «Мәдениет» телеарнасы көрермендерге жан тыныштығын сыйлайды. Олай дейтініміз, бағдарламалар көрермендерді терең ойға жетелейді. Қарап отыр­саңыздар, Мәдениет телеарнасынан өтіп жатқан хабарлардың дені адамды жақсылық ойдың көкжиегінде өргізеді. Адамның жан тазалығы арқылы адамгершілікке баулиды, өмірге деген ұмтылысқа себепкер етіп, ой түбіндегі көкі­рек көзін оятады. Қай хабарды алсаңыз да адам жанына жылы­лық сыйлайды. «Кітапхана» хабарында адамды кітапқа құмар ету ғана емес, әрбір кітаптың арқа­лаған мазмұнына сай өмірге көзқа­растарды автордың ойы арқы­лы әрбір адамның көкейіне жет­кізу мақсаты көзделген. Хабар­дың авторы әрі жүргізуші бел­гілі қаламгер Жүсіпбек Қор­ғас­бек қатысушылардың ұсы­ныс-пікірлерін нақтылы түйін­мен тұжырымдап отырады. «Мә­дениет» арнасында «Жүздесу» де­ген хабар бар. Жүздесу болғанда жай жүздесіп қана аман саулықты білдіретін хабар емес. Бұл хабар адам өмірінің шежіресі деуге келеді. Адам өмірі арқылы қоғам көріністерін, өмір құндылықтарын суреттейді. Бұрынырақта үлкен кісілер: «Қарағым, ақ патша заманын да көрдік, Ленин, Сталин заманын да бастан кешірдік» деп, толғанып отырушы еді. Сол айтқандай, «Жүздесу» хабарында өткен ғасырдағы социалистік кезең қызықтарын көрген, бүгінгі нарық заманының да қызығын көре бастаған танымал адамдардың өткен өмірлері арқылы бүгінгі ұрпаққа аса қажетті үлгі-өнегелік мәні жеткізіледі.

Белгілі журналист Нұртөре Жүсіп жүргізетін «Өркениет» хабары аты айтып тұрғандай, дала мәдениетінің жаһандану заманында әлемдік алапат дауылына тартылып, жұтылып, жоғалып кетпеу қажеттіліктерін ескертеді және қазақ халқының өркениеттегі даму жолын айшықтайды. Міне, «Мәдениет» телеарнасында осы сияқты халық сүйіспеншілігіне бөленген жақсы деген жобалар жет­кілікті. Мәселен, «Ақсарай», «Сол жылдар», «Қылқалам», «Ға­сыр­лар пернесі», «Алтын көм­бе», «Әлі есімде», «Шаңырақ», «Құм­сағат», «Сурет-ғұмыр» тәрізді жә­не де басқа да бағдарламалар теле­кө­рер­мендердің асыға күтетін хабарларына айналды. Хабардың өтімділік қасиеті жүргізушілерге де байланысты ғой. Біздің ойымызша, «Мәдениет» телеарнасының басшылары эфирден өтетін хабар жүргізушілерін лайықты таң­дай білген. Бұл тұрғыдан алған­да, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қор­ғас­бек, Айгүл Иманбаева, Гүлмира Жан­ды­баева, сондай-ақ, орыс тілін­дегі «Неслучайные встречи» хаба­ры­ның жүргізушісі Карина Абдул­лина («Раскрытая партитура»), Юрий Аравин, Флюра Муси­на «Легенды и мифы оперного театра» тәрізді жүргізушілерді ерекше атауға болады.

Міне, осылай «Мәдениет» телеарнасы Отанымыздың ақпарат кеңістігінде еркін қанат қағу үстінде келеді.

Жарқын ШӘКЕРІМ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының ардагері.

Алматы.