Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев Беларусь Республикасының Монополияға қарсы реттеу және сауда министрінің бірінші орынбасары Иван Вежновецпен кездесу өткізді.
Қазақстан делегациясы Беларусь Республикасына Сауда-экономикалық миссиясымен барды. Қазақстандық делегацияны Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев бастады.
Тараптар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны реттеудегі елдердің тәжірибесін және әділетсіз бәсекелестікке қарсы күрес шараларын талқылады.
«Нарықтық экономика жағдайында бағаны тұрақтандыру өте қиын. Тыйым салатын әдістермен нарықты теңеу мүмкін емес болғандықтан, біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруға жұмыс істейміз. Былтыр нарықтық бағадан төмен бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату жөніндегі міндеттемемен айналым қаражатын толықтыруға сауда желілеріне қарыз берудің «айналым схемасы» іске қосылды. Радикалды шаралар да бізде бар: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәнінен асып кеткен жағдайда оларға шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларының мөлшері жыл ішінде 90 күнге дейін белгіленуі мүмкін», деді Қ.Төребаев.
Ол сондай-ақ делдалдармен күрес аясында Қазақстан қазіргі заманғы тауар өткізу жүйесін, көтерме-тарату және агрологистикалық орталықтар желісін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
Беларусь тарабын Қазақстанның тұрақтандыру қорлары арқылы бағаның өсуін тежеу бойынша тәжірибесі қызықтырды. Олар сондай-ақ Нұр-Сұлтандағы сауда желілерімен ретро-бонустар бойынша жұмыс істеу тәжірибесіне қатысты ақпаратпен бөлісуді сұрады.
Тараптар экономиканың цифрлы өзгеруі, сондай-ақ азық-түлік тауарларының биржалық саудасы жағдайында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша мемлекеттердің тәжірибесін талқылады.
Қазақстан тарабы Минскінің мамандандырылған импорттаушы институтын сақтап отырғанын мәселе ретінде көтерді, бұл ЕАЭО елдерінің алкогольдік өнім өндірушілерінің Беларусь нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай шектейді. Атап айтқанда, Қайрат Төребаев қазақстандық компаниялардың мамандандырылған қызметтерді іріктеу конкурсына қатысуға заңды мүмкіндігіне қарамастан, конкурстық іріктеу рәсімдерінің айқындылығын әкімшілендіру соңғы кезеңде мүмкін еместігін айтты. «Комиссия отырысы жабық режімде өтеді. Қорытынды шешім қабылдау принципін нақты бақылауға мүмкіндік жоқ», деді Қ.Төребаев.
Жалпы, тараптар елдеріміздің сауда қызметін реттеу, тұтынушылардың мүдделерін қорғау және саламатты бәсекелестікті қамтамасыз ету бөлігінде министрліктер арасындағы ынтымақтастықты және ақпарат алмасуды тереңдету қажеттілігі туралы пікірге келді.
Қорытындысында еліміздің Сауда және интеграция министрлігі мен Беларусь Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігі Сауда және қоғамдық тамақтануды реттеу, ішкі тұтыну нарығын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.