• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2013

Халық оны ешқашан ұмытпайды

498 рет
көрсетілді

«Жақсыда жаттық жоқ» дейді қазақ. Ал, алты алаштың атын әлемге танытқан таланттар барша қазаққа ортақ тұлға болып қалатыны сөзсіз. Міне, осындай әнімен туған халқының көңілінде де, көкірегінде де қалған қазақ вальсінің каролі атанған композитор Шәмші Қалдаяқов еліміздің қай өңірінде де құрметтеліп келе жатқан дара талант, дарабоз тұлға. Мұндай игілікті істен ақтөбеліктер де қалыс қалып көрген емес.

«Жақсыда жаттық жоқ» дейді қазақ. Ал, алты алаштың атын әлемге танытқан таланттар барша қазаққа ортақ тұлға болып қалатыны сөзсіз. Міне, осындай әнімен туған халқының көңілінде де, көкірегінде де қалған қазақ вальсінің каролі атанған композитор Шәмші Қалдаяқов еліміздің қай өңірінде де құрметтеліп келе жатқан дара талант, дарабоз тұлға. Мұндай игілікті істен ақтөбеліктер де қалыс қалып көрген емес.

Ұлтымыздың ұстыны болатын таланттарға таласпай-ақ ортақ мақтанышымызға айналдыру тұтастығымыздың тұғырын бекітетін тағылым деу орынды болмақ. Бұл орайда, бір топ ақтөбелік азаматтардың бастамасымен композитор Шәмші Қалдаяқовты ұлықтау және оның шығармаларын насихаттау шаралары өткізіліп келе жатқанына сүйсінбеу мүмкін емес. Бастамашыл аза­маттардың ұйымдастыруымен Шәмші Қалдаяқов атындағы «Шәмші аға – ән аға» қоғамдық қоры құрылып, жұмыс істеуде. Оны абыройлы ақсақал Бақыт Ғизатов басқарады. Он бес жылдан астам уақыт бойы Шәмшіге қатысты шараларды ұйымдастыруға ұйтқы болып жүрген кәсіпкер азамат Қайырғали Арыстанғалиев тындырған шаруалар да өз алдына бір төбе. Жыл сайын өзі демеушілік жасап, «Ән ғұмыр» атты Шәмші әндерінің байқауын ұйымдастырады, композитордың туған күні – 15 қыркүйекте дастарқан жайып, әдемі шара өткізеді, ал қайтыс болған күні – 29 ақпанда ас беріп, аруағына құран бағыштатады. Шәмші Қалдаяқовтың туған-туысқандарымен байланыс жасап, хабарласып тұруды қазақ вальсінің короліне деген құрмет деп есептейді. Осындай азаматтардың қозғау салуымен облыс орталығындағы бір көше, бұрынғы Александровка ауылы қазір Шәмші Қалдаяқовтың атын алды. Осы ауылда қазақтың біртуар композиторы атындағы саябақ ашылды. Оның айналасы қоршалып, ағаш көшеттері отырғызылды, композитордың ескерткіш-мүсіні орнатылды.

Тума талантқа деген ыстық ілтипат әлі де жалғасуда. Жақында Ақтөбе қаласын­дағы Шәмші Қалдаяқов атындағы көшеге композитордың ескерткіш-тақтасы орнатылды. Қазақ вальсінің туған күніне орайластырылып ұйымдастырылған бұл шараға Шәмшінің ұлы Мұхтар келіп қатысты. Ол ақтөбеліктердің әкесіне деген құрметіне дән риза болды. Ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатында қазақ вальсінің көзін көргендер естеліктер айтты, оның талантына құрметпен қа­райтындар ыстық ықыласын білдірді. Оңтүстіктің тумасы Шәмші Қалдаяқовты Ақтөбе өңірімен не байланыстырады дегенге келсек, біраз жайтты алға тартуға әбден болады. Оның қалың қазаққа ортақ дарын екені даусыз. Сондай-ақ, ол Қапланбек мал дәрігерлік техникумын бітіргеннен кейін Мұғалжар ауданының «Темір» кеңшарында армияға дейін еңбек жолын бастаған. Ауызша деректерге сенсек, әскери міндетін өтеп келгеннен кейін де Ақтөбеге келіп, осында әскерде бірге азаматтық борышын өтеген достарымен кездескен көрінеді. Салтанатты жиында сөз алған көп жылдар облыстық мәдениет басқармасын басқарған Өтеміс қажы Әкімов қазақ вальсінің королін Қазақстан композиторларының съезінде көргенін, оның адам жатырқамайтын адам болғанын, мұндай таланттардың ұлтымызға ортақ жарық жұлдыздар екенін тілге тиек етті. Өзі «Ақтөбе» энциклопедиясын шығарушы редколлегия алқасының мүшесі болып жүргенде Шәмші Қалдаяқовтың сол жинаққа енуіне марқұм журналист Аманбай Көздібаев, басшы қызметтерде болған Жамбыл Баймұхановтың мұрындық болғанын айта келіп, тұлпардың тұяғы Мұхтарға әкесін көргендердің ыстық ықыласын жеткізді. Әскерде бірге болған Қайролла Хасенов Шәмшінің сол кездің өзінде қойын кітапшасына әлденелерді түртінектеп жазып жүретінін, кейін белгілі болғанындай, әндердің кейбір иірімдері екенін, ұлттық намысы жоғары болғанын еске алды.

– Әскерде азғана қазақ болдық. Бір жолдасымыз ағаштан шауып, қолдан домбыра жасап, соны ермек қылып, тартып жүретінбіз. Өзге ұлтқа менменси қарайтын бір орыс басшымыз сол домбыраны бұл неғылған жабайылық деп тартып алды. Шәмші бұған шыдамай әскери бөлім командиріне дейін шағымданып, қайтарып алды. Ол кеудесін бастырмайтын даланың дархан мінезді намысты ұлы болатын, деп еске алды Кайролла қарт.

Шәмші Қалдаяқов ауылындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марс Шын­­­тасов талантты тұлғаны құрметтеу шараларының қалай басталғанына тоқтала келіп, осындай үлкен істе белсенділік көрсеткен Бақыт Ғизатов, Елкей Әубәкіров, Қайырғали Арыстанғалиев, Баянғали Құлтаев және басқа азаматтардың атына жылы лебіз білдірді.

Кешкісін Тұңғыш Президент Н.Назарбаев атындағы саябақта өт­кен Шәмші әндерінің байқауында об­лыс орталығынан және аудандардан келген 20-ға жуық өнерпаз өнер көр­сетті. Саябақта ашық аспан астында ұйымдастырылған байқау концертке ақтөбеліктер тайлы-таяғы қалмай көп жиналды. Жиналғандар алдында Шәм­шінің ұлы, Абай атындағы опера және балет театрының дирижері Мұхтар Қал­даяқов сөз сөйлеп, талантты тұлғаға деген ел ықыласына ризашылығын біл­дірді. Ол өз ойын қазақтың «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген қанатты сөзімен түйіндеп, осындай шараларды ұйымдастырған ақтөбеліктерге алғысы шексіз екенін айтты. Байқауға қатысқандарға арнайы жүлделер тапсырылды. Шараға қатысушылар Шәмші Қалдаяқов ауылындағы оның атындағы саябақта орнатылған қазақ вальсінің ескерткіш мүсініне гүл шоқтарын қой­ды. Композитор Шәмші Қалдаяқовқа ар­нал­ған дастарқан жайылып, ас берілді, аруағына құран бағышталды.

Ақтөбеліктер сондай-ақ, Ғазиза Жұба­нова атындағы облыстық филармонияда қазақтың талантты композиторы Шәмшінің ұлы Мұхтар Қалдаяқовтың дирижерлік етуімен қойылған концертті тамашалады. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, «Тұлпар тұяғын тай басқанына» ақтөбеліктер тағы бір көз жеткізді.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.