• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2013

Футбол: «Шахтер» шырайымызды шығарды

292 рет
көрсетілді

Кеше түнде Астананың «Астана-Арена» спорт кешенінде Чемпиондар лигасының төртінші раундының бірінші ойынында Қарағандының «Шахтері» мен Глазгоның «Селтик» командалары кездесіп, жерлестеріміз 2:0 есебімен жеңіске жетті.

 

«Шахтер» (Қарағанды, Қазақстан) – «Селтик» (Глазго, Шотландия) 2:0 (1:0)

20 тамыз. Астана. «Астана-Арена» спорт кешені. 30 000 көрермен.

Төрешілер: Павел Краловец, Мартин Вилчек, Антонин Кордула (бәрі де - Чехия).

«Шахтер»: Александр Мокин, Александар Симчевич, Сергей Малый, Никола Василевич, Алдин Джидич, Андрей Порываев, Андрей Финонченко (Игорь Зенькович, 82), Рохер Каньяс, Гедиминтас Вичюс, Геворг Казарян, Сергей Хижниченко.

«Селтик»: Фрейзер Форстер,Верджил ван Дийк, Стивен Муйоколо, Чарльз Малгрю, Эмилио Исагирре (Амиду Балде, 82), Микаэль Лустиг (Адам Мэтьюз, 67), Скотт Браун, Крис Каммонс, Джеймс Форрест, Гиоргос Самарас, Джо Лэдли.

Голдар: Андрей Финонченко (12), Сергей Хижниченко (77).

Ескерту: Стивен Муйколо (45).

 

Бұл нағыз «көргенде арманда, көрмеген де арманда» дейтіндей тартысты да қызықты ойын болды. Олай болатын да жөні бар. «Селтик» - Еуропадағы ең белді де беделді командалардың бірі. Өзінің бастауын сонау1887 жылғы 6 қарашадан алатын клуб осы кезге дейін 43 мәрте өз елінің чемпионы, 34 рет Кубок иегері атанған. Ол 1967 жылы күллі Британия командалары арасында бірінші болып Еуропа чемпиондары Кубогына (осы күнгі Чемпиондар лигасы) қол жеткізді. Сол жылы Кеңес Одағы атынан турнирге қатысқан Киевтің «Динамосын» да жолай сүріп өте шыққан ол финалда Италияның «Миланын» 2:1 етіп тізе бүктірген. Ал 1970 жылы осы Кубоктың ақтық айқасында Голландияның «Фейеноордына» 1:2 есебімен жол беріп қойды. Бергі дәуірде осындай орасан зор табыстары болмағанымен, «Селтик» әр жылдары өзіне тиесілі жеңістеріне жетіп, жемістерін теріп келді. Міне, Қазақстан клубтарына бұған дейін дәл осы деңгейдегі ұжыммен ұшырасудың ұтымды ұтыры туа қойған жоқ еді. Осы жылы алғаш рет Чемпиондар лигасының екі кезеңін сәтті өткізген кеншілер жасағы үшін мұндай қарсыласпен текетіресіп, күш сынасу тағдырдың берген өзгеше сыйы іспеттес-тін. Сондықтан қарағандылықтар осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, шайқасқа барын салуға ұмтылды.

«Селтикті» 2010 жылғы 25 наурыздан бері осы клубтың өз түлегі, бұрынғы жартылай қорғаушы Нил Леннон баптап келеді. 2012 жылғы маусымнан бұл клубтың ғұмыр бойғы басты бәсекелесі – Глазгоның «Глазго Рейнджерсі» қаржы тапшылығына байланысты премьер-лигада өнер көрсетуін тоқтатып, үшінші лигаға кетті. Содан бері «Селтик» ел ішіндегі чемпионатта өзіне пара-пар келетін лайықты қарсылас таба алмай отыр. Осыдан қуат алған команда енді халықаралық деңгейде де баяғы табыстарын қайталауға қатты құлшыныс білдіруде. Сондықтан Нил мырза турнирдің топтық басты айқастарға алып баратын бастапқы кезеңінде өздеріне «Шахтер» сипатындағы аса күшті емес бәсекелестің кезіккеніне бірден қуаныш білдірді. Ол сонымен қатар иіні қашық Қазақстанға жетуден біршама сескенетінін де жасыра қоймады. Тегінде осының бәрінде шындықтың шымы бұрқырап жатса керек, қанша жерден қарсыласын қалпақпен ұрып алатындай сес танытқандарымен, «Селтик» штабы бұл матчқа айрықша көңіл бөле қарады. Мұның бірінші тармағы ретінде команда Астанаға 18 тамыз күні-ақ ұшып жетті. Ал соның алдында ғана жаңа басталған ел біріншілігінде ол «Абердинді» 2:0 етіп жеңіп шығып еді.

Сонымен, күткен сағатта, күткен минутта күткен ойын да табада еріген майдай дөңгелеп ала жөнелді. Әлбетте, матч басталмай тұрып-ақ мамандардың көпшілігі оның басты фавориті кім екенін белгілеп қойған. Шамасы, бұған келіспегендер осы күні стадионды аузы-мұрынан шыққанша толтырған нағыз жанкүйерлердің қалың легі ғана шығар. Төреші ысқырығы естілерден көп бұрын-ақ команданы қолдауларын бастап кеткен фанаттар бүкіл кездесу бойына сол арындарынан қайтқан жоқ. Олардың қолпаштаулары кеншілерді ұдайы алға сүйреп отырғанын біз де байқадық. Ал кездесу, біздің күні бұрын қауіп еткеніміздей, «Селтиктің» қауырт шабуы лынан өріс алды. Алғашқы сәттерден алаң иелерін естен тандырып тастауға ұмтылған қонақтар 3-минутта екі бірдей өте қатерлі бұрыштама беріп үлгерді. Оны өз айып алаңында қарсыластар шабуылының жолын кескен Гедиминтас Вичюстің сақтық жасап, допты қақпа сызығының арғы жағына қарай теуіп жіберуі туындатты. Чарльз Малгрюдің оң қанаттан алыс бұрышқа жеткізген добына ұмтылған Александр Мокин мүлт кетіп, ауа қармап қалды. Сол кезде екі бірдей кельт ойыншысының оны бос қақпаға тастай салатын мүмкіндігі болып еді, бірақ олардың қарсы алдарынан шыға келген біздің қорғаушы команданы бұл голдан дер кезінде құтқарып қалды. Мұның соңы тағы да бұрыштамаға алып барды. Енді доп сол қанаттан жеткізілді. Бұл жолы Крис Коммонс тастаған допқа айып алаңы ішінде Верджил ван Дейк бұрын жетті. Оның қақпа бағаны астына қарай баспен ұрған добына Мокин әрең иелік етті.

Осыдан кейін ғана «Шахтер» өз-өзіне келіп, бауырын жазып, алға қарай шапқыншылыққа шыға бастады. Олардың ойындарында бұдан бұрынғы Лига матчтарында байқалған табандылық пен тыңғылықтылық қайта көрініс тапты. Енді кеншілер шабуылдары қауіпті бола түсті. Бұлардың дені қарағандылықтар құрамындағы ең тәжірибелі ойыншы, команда капитаны Андрей Финонченко өрбіді. Алдын ала айтып қояйық, оның жеткізген өткір пастарын алғы шептегі Сергей Хижниченко бірде өзі қабылдай алмаса, бірде оның алдын қарсыластар қорғаушылары кесіп кетіп жатты. Ойындағы алғашқы гол соғылардың алдында да солай болды. Алдымен «Селтиктің» шабуылшылары өте қауіпті жорыққа көтеріліп, біздің жігіттер тағы бір сындарлы сәттен абыроймен шығып кетті. Сол кезде аяғына доп іліккен Финонченко оны оң қапталмен алға зымыратты. Бірақ доп Хижниченкоға жетпеді. Оны жолай Эмилио Исагирре қағып жіберіп, аутқа жөнелтті. Ал допты біздің Сергей Малый қақпа алаңына қарай әуелете айдады. Апырақтап қалған біздің жігіттер оны тиімді пайдалана алмады да, қонақтар сыртқа шығарып үлгерді. Іле-шала қарағандылықтар сол қапталдан да доп лақтыру мүмкіндігін алды. Оған тағы да Малый жүгіре басып жетті. Осы кезден бастап байқадық, Сергейдің осылай алыстан әуелете лақтырған доптары команда ойыншыларының бұрыштамадан тастағандарынан да қауіптірек болып шығады екен. Міне, ол тағы да қақпа алаңына допты қалқытып жеткізді. Ол бірер соққыдан кейін Финонченконың алдына келе қалды. Мұндай мүмкіндікті қалт жіберетін Андрей ме, ол аса қатты болмаса да, айрықша бір сеніммен допты қонақтар қақпашысы жанынан қақпа торына қарай сырғыта салды. Гол!

Осы голдан кейін алаңдағы көрініс келбеті мүлдем өзгеріп сала берді. Өзін енді еркін сезінген «Шахтер» артқа қарай жалтақтап, өз қақпасы маңына шоғырланғанды біржола қойды. Соған қарамастан, алаңда бес қорғаушы ұстаған бас жаттықтырушы Виктор Кумыков үш желілі қорғаныс тактикасынан айныған жоқ. Сөз реті келгенде айта кетейік, қонақтар да бұл ойынға бес негізгі қорғаушыны қойды. Бірақ, бізден айырмашылығы, алаңдағы бесінші қорғаушы – Микаэль Лустигті олар бұл жолы жартылай қорғаушы ретінде пайдаланды. Мұның есесіне, кейін, екінші таймда бұл ойыншыны алмастырғанда, Нил Леннон оның орнына тағы бір қорғаушы – Адам Метьюзді шығарды. Осы арқылы ол есептің өздері үшін 0:1 болып тұрған қалпына қанағаттанатынын білдірді. Алайда, арада 10 минут өткеннен кейін есеп 2:0-ге жеткенде, шотланд коучы бұл схемадан тағы бас тартып, ойынға тағы бір шабуылшы – Амиду Бальдені қосып, Гиоргиос Самарас пен Джо Лэдли үштігін құрды. Біздің бағымызға қарай, бұл үшеуі өздерінің алдарына қойылған зор міндетті ақыры орындай алмады.

Дегенмен, «Шахтердің» қақпасы алдында қауіпті сәттердің тууы тоқтала қоймады. Мәселен, сондай жорықтардың бірінде Крис Коммонс алыстан қақпаға доп бағыттады. Соншалықты күшті соққымен ұшқан доп сол бойы маңдайшаны солқ еткізіп барып, кейін серпілді. Енді болмағанда, қақпаға кіріп кете жаздаған сол допты Александр Мокин шап беріп ұстай алды. Мұның артында кеншілер қауырт шабуылға көшті. Нәтижесінде Александар Симчевич айып алаңына жап-жақсы етіп доп жеткізді. Оны сол жерде Сергей Малый қағып алып, қақпаға баспен ұрды. Онысы маңдайшадан сәл ғана жоғары ұшып өтті. Кельттердің қорғаныс жүйесі қарсыластарынан тап мұндай шалт қимылдарды күтпесе керек, олар едәуір абыржып қалды. Тағы бір атап өтетін жайт, ойынның өне бойында біздің қос шабуылшыдан бөлек (Финонченко, Хижниченко), жартыл