Қарағанды облысында төтенше жағдайға байланысты үйде отыруға мәжбүр болған тұрғындар мен эпидемиялық шектеулердің салдарынан шығынға батқан кәсіпкерлерге көмек қолын созу мүмкіндіктері сәтті шешімін табуда.
Мысалы, облыстық әкімдік мен ақпараттандыру басқармасының қолдауына сүйенген Belsendi Azamat жобасының командасы қарағандылықтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізудің бірыңғай сайтын жасап шығарды.
Адам көп жүретін жерлерге бармау жөнінде ескерту алған қала тұрғындары үйде отырып бұл қызметтің көмегіне жүгініп, супермаркеттердің, дәріханалар мен мейрамханалардың және пиццериялардың тауарларына тапсырыс бере алады. Олардың төлемді қолма-қол ақшамен де, картамен де жүзеге асыру мүмкіндігі бар.
Сайтта Burger King, KFC, «DODOпицца» пиццериялары, «Аян» супермаркеттер желісі және басқа да жылдам тамақтану мейрамханалары желісінен тапсырыстар туралы толыққанды ақпарат бар. Бұл тұғырнамада мейрамханалардан дайын тағамдар emenu.kz және kura.kz сияқты кіріктірілген сервис қызметтерінің көмегімен жеткізіледі.
Ауыз суды «Хрустальная» компаниясы әкеп берсе, дәрі-дәрмектер Europharma және «Биосфера» дәріханалары желісі арқылы жөнелтіледі. Сондай-ақ, жақын арада аталған сайтта такси шақыру опциясы пайда болады және азық-түлік емес тауарлар дүкендерінің тізімі де ұлғайтылмақшы.
Өтінімдер онлайн режимінде қабылданатын платформада жеке автокөлігі бар және көліксіз курьерлер үшін бос жұмыс орындары ашылды. Жаңа сервис қызметін https://ba09.kz/. сілтеме бойынша пайдалануға болады.
Қарағанды облысы