• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2013

Қауын жеуден қалып барамыз

867 рет
көрсетілді

Бұл күнде Сырдың ортан беліне орналасқан Отырар халқы қауын жеуден қалып барады. Ата-бабамыздан бастау алған диқаншылықтың ішінде қауын егу мәселесі кеңінен қолға алынған болатын.

Бұл күнде Сырдың ортан беліне орналасқан Отырар халқы қауын жеуден қалып барады. Ата-бабамыздан бастау алған диқаншылықтың ішінде қауын егу мәселесі кеңінен қолға алынған болатын.

Қауынның қалайсан, басыпалды, әміркен, сексеуіл, көкше, шыртылдақ, мырзашөл, қыш қауын, түркімен тұқымы сияқты түрлері егіліп келді. Тәттілігі сонша, тілді үйірер қауынды әркім-ақ ойына түсіре алар.

Әсіресе, Сыр бойының тасқын суы қайтқаннан кейінгі сайлардағы ызаға еккен самауырдай теңкиіп жатып қарс айрылатын қауындарды айтсайшы. Қауынның қағын, құртын ел ежелден асқа пайдаланып, қысқа қадірлеп сақтаған. Бұл күндегі жұрттың іздеп таппай жүрген дәрумендерінің бәрі сол өнімдерде жеткілікті болатын, түрлі емге пайдаланатын, ең арғысы, тұқымы – шопағын жуып-шайып жалбыздан ажыратып, кептіріп, қазанға қуырып, келіге түйіп ас-қатыққа пайдаланған.

Дәл қазір сол қауыннан сән кетті. Соң­ғы екі жылдан бері еккен қауы­ны­мыздың түйнегі жүзін жуар кезінде іріп кете береді. Ішін ашсаң ирелеңдеген құрт, қолқаны ататын жаман иіс шығады. Ол қауынды малға берсең де жемейді. Анық­­­тап қараған адамға қауын шұрқ тесік.

Дәлелдегендердің айтуынша, қауын гүлдеген кезде «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» жаны сірі бір жәндік гүлге «отырып» кететін көрінеді. Содан сол жетіліп, қауын түйнек болғанда өскен ұясына нәжісін тастап, бүлдіріп, сыртқа тастап шығып кетеді деседі. Мұндай жағдай бір мезгілде ғана емес көктем-жаз бойы үздіксіз қайталанып отырады екен.

Осындай жағдай Сыр өзенінің жо­­ғар­ғы және төменгі ағыс бойларында да орын алып, шаруалардың есін алып, бей­неттерін зая кетіруде. Диқанның салы суға кетті. Қайта-қайта дәрі себеді. Ол удай ақша. Бұрын қауынға дәріні қа­сықтап беретін болса, бүгінде кеселеп, еселеп беретін болды. Біткен қауын­ның өзі дәрімен сүрленген қауын боп шықпақшы.

Бұл бір қиын жағдай болды. Мыңдаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан жазықсыз бұл кәсіпке кімнің қандай қиянат жасағанын қайдам?! Қазір бұл кесел асқабақ, қарбыз, қиярда да, тіпті, қызанақта да ішінара болса да кездесіп қалып жатыр. Жауыз құрт жылдан-жылға белең алып келеді.

Ел басына ауыр күн туғандай бопты ғой, сонша, дей қоймас жоғарыдағы ауылшаруашылық мамандары мен ғалымдары. Әр астың адам ағзасы үшін орны бөлек екенін олар да білер.

Уақыт бұл пәлекетке шара қолдануды тілеп тұр.

Әбдіманап ӘУЕЛБЕКОВ.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

___________________________

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.