• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2013

Барлық салада қайтарым мол болуға тиіс

290 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында болды.

 

АҚ ЖАҢБЫР

Шілде, тамыз айларында тәуліктеп құйған жаңбыр қостанайлықтар көптен байқамаған табиғат құбылысы болатын. Кәнігі диқандар көп жаңбырдың мөлшеріне дейін біліп отырды. Облыстағы аты аңызға айналған ғалым-агроном-диқан Валентин Двуреченский айналасы екі-үш аптаның ішінде 9 айдың нормасы жауды деп басын шайқайды. Қуаңшылықта шегірткеден зәресі кететін диқандар кештеу жау­са да алғашында жаңбырға қуанып қалған еді. Бірақ жер-көкті шылқытқан ақ жаңбырдан абыржи бастаған. Одан кейін бірнеше күн қайтадан ысып, диқандар егін орағына кірісе бастағанда-ақ жаңбырдың қайта оралған жайы бар. Айналдырған бірнеше күн құрғақшылықта диқандар егіннің 10-15 пайызын жинап та үлгерген.

Кеше аспанды қорғасындай ауыр бұлт қаптап, түнімен жауған жаңбыр күндіз де тыйылмады. Әдетте, облыстың басқа өңірінде топырақтың таңдайы кеуіп жатқанда Федоров ауданында бидайдың тамыры нәрден құрғамайтын. Дегенмен, мына жаңбырдың артық екенін диқандардың жүзінен байқағандаймыз. Президентпен кездесу орны белгіленген осы аудандағы «Алтын Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында тігілген ақ шатырды тесіп кетердей жаңбыр сабалайды. Шіркін, табиғат сәл сабыр сақтап, күн ашық болғанда осы алқаптың бір жағында басын иіп көтере алмай тұрған күнбағыс, екінші жағында сары алтындай бидай, үшінші жағында білмеген жанға шөбі белуардан келетін шабындықты елестететін рапс алқаптарының сәніне көз тоярлықтай еді. Бұл көрініс шаруалардың бұрынғыдай пайда тек бидайда ғана екен деген ойдан арылып, нарықты тамыршыдай тап басқанда, соған сәйкес сұранымға ие түрлі дақылдарды еккенде түлкі бұлаң байлықтың ұстатарын біле бастағанының көрінісі болатын.

Ақ жаңбыр шелектеп құйып тұрғанда Президент мінген тікұшақ «Алтын Инвест» шаруашылығының алқабындағы ақ шатырдың қасына келіп қонды.

 

ЭКСПОРТ ҮЛЕСІН АРТТЫРУЫМЫЗ КЕРЕК

Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов Елбасына облыстың даму қорытындылары мен перс­пективалары туралы айтып берді. Облыс экономикасын айтқанда алдымен өнеркәсіп өндірісі ауызға ілінеді. Ол заңды. Бүгінге дейін 313 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Кен өндіру ісі өңірдегі барлық өнеркәсіп өндірісінің 58 пайызын құрайды. Бұрын кенімен, дәнімен белгілі Қостанай облысы соңғы жылдары еліміздегі машина жасау орталығының біріне айнала бастады. Жеңіл машина жасау өндірісі 2,6 есе артты. Облыс басшылығы облыста өндірілген өнімнің өрісін кеңейтіп және біріккен кәсіпорындар құру үшін Ресей, Белорусь, Украина және алыс шетелдермен экономикалық байланыс­тар жасайды. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Кеден одағы тауар алмасу үшін құрылған. Біз әзірше 90 пайыз қажетімізді сырттан аламыз, өзіміздің сыртқа шығаратынымыз мардымсыз.

Осыны облыс ойластырып отыр ма?» деп сұрады. Оған облыс әкімі: «Біздегі сыртқы тауар айналымы жылына 1 миллиард 800 миллион доллар болса, соның 70 пайызын экспорт, 30 пайызын импорт құрайды» деп жауап берді. Елбасы мұның қанағаттанарлық көрсеткіш екенін айта келіп, импорт осыдан артып кетпесін деген тілек айтты.

 

ОБЛЫС МЕЖЕСІ – 4,5 МИЛЛИОН ТОННА АСТЫҚ ЖИНАУ

Кездесуде әңгіменің басым бағыты ауыл шаруашылығына ойысты. Үстіміздегі жылдың алғашқы екі айында облыста 50 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Шаруашылықтар 72,6 мың тонна мал етінің барлық түрін және құс етін, 261 мың тонна сүт өндірген. Ірі қараның саны өскен, ол қазір 422,3 мың басты құрайды. Облыста биыл 5 230,6 мың гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 4014 мың гектарға бидай, 243,4 мың гектарға майлы дақылдар, 504,5 мың гектарға жемазықтық дақылдар орналастырылды. Облыс диқандарына өткен екі жылғы қуаңшылық жеңіл тиген жоқ. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов Үкімет тарапынан көрсетілген көмектің, жеңілдіктердің арқасында қиын жыл болса да, диқандар еңсесінің түспегенін айтты. Әсіресе, диқандар алған кредиттің пайыздық үстемесін арзандатып, оның мерзімінің ұзартылуы көп жеңілдік болды. Облыста жыл сайын бидай гектары азайып, оның орнына майлы дақылдар мен жемазы қтық дақылдар көлемі ұлғайып келеді. Осыдан үш жыл бұрын бидай барлық егістіктің 92 пайызын құраса, қазір оның көлемі 82 пайыздан аспайды.

Екі жыл бойы жер апшысын қуырған құрғақшылықта озық әдістің арқасында гектар түсімі көптеген шаруашылықта төмендеген жоқ. Биыл да ауа райы диқандарға оң қабақ таныта қоймады. Маусым айы мен шілденің ортасына дейін көктен тамшы тамбады. Шілденің екінші жартысынан бастап кешігіп жауған жаңбыр, ылғалдың тым көп түсуі егінге кері әсер етті. Дегенмен, облыс әкімінің сенімі нық көрінді.

– Бүгінде барлық алқаптың 50 пайызынан сапалы астық жиналады деп ойлаймыз, 45 пайызы қанағаттанарлық, ал 9 пайызы тым нашар, бұл барлық алқаптың 400 мың гектарындай болады. Биылғы күзде облыс диқандары гектар басы 10-10,5 центнерден өнім жинамақ, қамбаға 4-4,5 миллион тонна астық құйып аламыз, – деді Нұралы Мұстафаұлы. – Бүгінде егін орағына барлық аудандар кірісті.

 

ЕНДІГІ ПАЙДА МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН ДАҚЫЛДЫҢ ТҮР-ТҮРІН ЕГУДЕ

Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытуда облыста ілкімді қадам бар. Облыс әкімі мұның да мемлекет тарапынан болған қолдау-көмектің арқасында екенін айтып өтті. Соңғы төрт жылда облыста 23 үздік жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 7 сауын фермалары, 7 ет бағытындағы шаруашылық, 5 мал бордақылау шаруашылығы және 5 құс фабрикасы құрылды.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ауыл шаруашылығына өткен жылдар ішінде 1 триллион 600 миллион теңге қолдау жасалғанын айтты. Ол ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жанар-жағармайға, субцидияларға, гербицидке, мал шаруашылығына беріліп отырды.

– Ендігі жерде бір ғана дән, оның ішінде бір ғана бидай сеуіп отыра беруге болмайды. Сондықтан мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығының басқа да сұранымға ие өнімін өндіруді қолға алу қажет. Мал шаруашылығын дамытсақ, соған сәйкес малазықтық өнім өндіруді күшейту керек, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мұның жақсы мысалдары Қостанай облысында қазірдің өзінде бар. Сөз алған «Тұрар» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің директоры Қай­рат Оспанов егінмен қатар мал шаруа­шы­лығын дамытуды қолға алғанын айтты.

– 2010 жылы 1200 бас тұратын заманауи сауын фермасын аштық. Сиырлар бір сәттің ішінде «карусель» арқылы сауылады. 2011 жылы облыстағы сияқты біздің шаруашылық та мол астық жинады, әр гектардан 30 центнерден өнім алынды. Сосын үш жылға мал азығының қорын жасап алдық. 2012 жылы қуаңшылық болып, шөп аз шықты. Ал біздің шаруашылықта мал азығы да жеткілікті болды, мал тоқ болған соң сүт те, ақша да, адамдарға жұмыс та болды, – деді Қайрат Оспанов.

Кездесуде сөз алған Ауыл шаруашы­лығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, қазір республика бойынша дақылдың түр-түрін егу бағытының басымдығы байқалады. Егер 2009 жылы барлық егістік алқаптың 70 пайызына бидай себілсе, қазір ол 60 пайыз көлемінде. Министр дақылдың басқа түрін егуге көшу диқан үшін оңай еместігін де тілге тиек етті. Басқа дақыл егу үшін басқа технология, басқа техника түрі, қойма керек. Оның барлығы да диқан үшін қаржыға түседі. Министр құс етінен басқа еттің барлығы өзімізге жететіндігін айтты. Мал шаруашылығының ендігі бағыты экспорттау болуы керек.

Елбасының бір түрлі егістен дақылдың басқа түрлеріне көшу, мал шаруашылығын дамыту, жемазықтық дақылдар көлемін ұлғайту туралы ұсыныстарын «Иволга холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Василий Розинов та қолдады. Ол өзі басқаратын ауыл шаруашылығы холдингінің мал шаруашылығын, көкөніс шаруашылығын дамытып, оны өңдеу кәсіпорындарының қатарын көбейтіп отырғанын атап өтті.

– Кейде құнары аз жерлерге бидайдан гөрі жарма дақылдарын егудің тиімділігі жоғары болатындығын ескере бермейміз. Дүкендерге барсаңыз жарма сөрелерде жатпайтындығын жұрттың барлығы да біледі. Сонымен қатар, барынша ұқсату ісіне көңіл бөлгеніміз жөн. Бір дақылдың өзінен қаншама өнім, жартылай дайындалған тағамдар алуға болады. Мұның барлығы кеткен еңбектің қайтарымы деген сөз, – деді Василий Розинов.

Әдеттегідей, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен емен-жарқын әңгімелескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысының потенциалын жоғары бағалады.

– Облыс Қазақстандағы астықтың 30 пайызын, барлық ауыл шаруашылығы өнімдерінің 10 пайызын береді. Мұның сыртында қуатты өндірісі тағы бар. Әкімнің баяндағанындай, жалпы облыстағы экономикалық жағдайды жақсы деп білемін. Көптеген елдермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы жақсы дамып келеді. Биыл еліміз бойынша 16 миллион тонна астық өндіріледі деп болжап отырмыз. Ендігі күштің бар