• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Наурыз, 2020

Түркістанда ерікті ұстаздар 90 мыңнан астам бетперде тігіп таратты

232 рет
көрсетілді

Түркістан облысында ұстаздар қолдан 91 878 медициналық бетперде тігіп шықты. Бетперделер өңірдегі ауыл, қала тұрғындарына, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, дәріханаларға және мектеп қызметкерлері мен оқушыларға тегін таратылды.

Бұл игі іске облыс көлемінде жалпы 1980 оқытушы өз еріктерімен қатысқан. Соның бірі Кентау қаласындағы Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Айгүл Арыстанбекова. Ол қоғамға қауіпті індеттің таралуы кезінде дәріханаларда бетперделердің жетіспеушілігі алаңдатқанын және сол үшін бетперде тігу ісіне белсене атсалысқанын айтты.

«Осындай қиын шақта біз бірігуіміз керек. Өзімізді ғана ойламай жақындарымызды, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да қамқорлық танытқанымыз дұрыс. Осы ретте бетперденің жетіспеушілігін білген соң ұжымастарымызбен ақылдасып, бетперде тігуді қолға алдық. Ел басына күн туған кезде қол қусырып отырмай, тығырықтан шығудың жолдарын ойластырып, оны іске асыру әрбір жанның азаматтық борышы деп білеміз», – деді Айгүл Арыстанбекова.

Айта кетейік, аталған білім ордасының қызметкерлері 22-30 наурыз аралығында өз еріктерімен кезекшілікке түсіп, бір күнде шамамен 2-2,5 мың дана бетперде дайындаған. Мұндай ерікті ұстаздардың игі бастамаларын естіген қала тұрғындары да өз үйлерінде бетперде тігіп мыңға тарта бетпердені ортақ қорға қосқан.