• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 01 Сәуір, 2020

Германияда коронавирустан қаза тапқандар саны аз. Неге?

304 рет
көрсетілді

Анна САУЭРБРЕЙ,

New York Times

Бүкіл құрлықтағы елдер етек-жеңін жинаған. Шекаралар жабық. Денсаулық сақтау саласына күш түсіп тұр. Экономика рецессия жағдайында. Коронавирустың кесірінен көптеген адам қайтыс болып жатыр.

Германияда да жағдай дәл солай. Әйтсе де, мемлекетте жалпы карантин режімі енгізілмесе де, мектептер, дүкендер, мейрамханалар мен театрлар жабық. Екі адамнан артық жиналуға тыйым салынған. Экономикалық өсім тоқтағандықтан, жұмыс орны азая бермек. Тіпті, канцлер Ангела Меркель дәрігері коронавирус жұқтырғанын естіп, өз-өзін оқшаулады (Германия канцлері коронавирустың жаңа түрінің анықтауға тест тапсырып, вирус жұқтырмағаны анықталды). Германия да пандемияның күйретерлік соққысына қауқар көрсете алмайтын секілді.

Дегенмен, бір мәселе бар. Елдегі қайтыс болу көрсеткіші өте төмен. Мәселен, 28 наурызда Германияда 56202 адамға коронавирустың жұққаны анықталса, небәрі 403 науқас бақиға аттанған. Осылайша, өлім-жітім көрсеткіші 0,72 пайызды құрап отыр. Салыстырып қарасақ, 10 мыңнан астам адам қаза тапқан Италияда бұл көрсеткіш 10,8 пайызды құрап отыр. Испанияда өлім-жітім көрсеткіші 8 пайызға жеткен. Ұлыбританияда Германияға қарағанда науқастар саны 3 есе аз болғанымен, қаза тапқандар саны екі есе көп.

Таңғаларлық статистика. Мұндай бірегей оқиғаға не себеп? Бұдан не үйрене аламыз?

Ең бірінші себеп – жалпы тестіні ерте жасау. Сондай-ақ вирус жұқтырғандарды іздеп, тез оқшаулау.

Мәселен, елдегі ең алғашқы жағдайды алып қарайық. 28 қаңтарда Уханьда екі зауыты бар, автожабдықтар шығаратын бавариялық компанияның қызметкерінің вирус жұқтырғаны белгілі болды. Екі күн ішінде билік қызметкерге вирус жұқтырған адамды тауып, онымен байланыста болғанның бәрін оқшаулады. Компания Қытайға іссапардың бәрін тоқтатып, Бавариядағы зауытын жапты. Тесті оң нәтиже көрсеткен бірнеше қызметкер тез оқшауланып, эпидемияның тарауына тосқауыл жасалды. Мұндай жағдай елдің басқа бөліктерінде де қайталанды. Жергілікті денсаулық сақтау департаменттері мен федеральды билік науқастанған азаматтарды анықтап, оқшаулау үшін тізе қосып жұмыс істеді.

Сондай-ақ Германияда қария кісілердің басым бөлігі вирус жұқтырған жоқ. Қарттардың қал-жағдайын сұрауға тыйым салынып, мемлекет олармен кез келген байланыс түрін шектейтін заң жобасын қабылдады. Көптеген жасы келген кісілер өздері оқшауланды. Нәтиже айқын. Науқастардың арасында жасы 80-нен асқандардың үлесі 3 пайыз ғана. Жалпы, елде мұндай қариялар саны 7 пайызды құрайды. Ауырғандардың орта жасы – 46 жасты құраса, Италияда – 63 жас.

Германияда вирус жұқтырған жастардың саны басқа елдерге қарағанда анағұрлым көп. Бұл – елде жаппай тест жасауға байланысты. Сонымен қатар кездейсоқтық пен мәдениет те әсер етуі мүмкін. Германия – шаңғы тебуге құмар мемлекет. Қысқы маусымы келген сайын шамамен 14,5 миллион неміс шаңғы тебуге Аустрияның және Италияның солтүстігінде орналасқан Альпі тауларына асығады. Биыл Еуропадағы індет ошағының бірі Тирольға барған туристер елге вирусты әкелді.

Көктемге таман Германияда карнавал өтеді. Елдегі аурудың тарауында жастар арасында танымалдыққа ие осы карнавал әсер етті. Лангбройх қаласындағы салтанатты рәсімге қатысқан жұптар арасында вирус жұқтырғандар көп кездесті.

«Шаңғы тебу мен карнавал анықталғандардың орта жасы төмен болуына әсер еткен секілді», дейді Бундестагтың мүшесі, дәрігер Карл Лаутербах. Осылайша, өлім көрсеткішінің аз кездесуіне ерте тест жасау мен жастарға вирустың жастар арасында көп тарауы ықпал етті.

«Маңыздысы, кімді және қаншауын тексеру», дейді Франкфуртта коронавирусты анықтайтын лабораторияның директоры, вирусолог Мартин Штюрмер. Жалпы, тест жасауды аз жүргізетін Италия секілді елдерде өлім саны өте жоғары.

Әйтсе де, қазіргі статистикаға, әсіресе, індет кең тарамай тұрған тұста мұқият қараған жөн. Германиядағы денсаулық сақтау жүйесінің жақсы дамып, ауыр науқастарға арналған төсек саны 100 мың екеніне қарамастан, ол әлі толыққанды сынақтан өткен жоқ. Вирус жұқтырғандар енді-енді ауруханаға түсе бастады. Орта есеппен, жағдайы ауыр пациент Covid-19 жұқтырғаннан кейін 30 күннен соң қаза табады. «Германия эпидемияның алғашқы сатысында тұр. Жағдай қалай өрбитінін уақыт көрсетеді», деді Роберт Кох институтының президенті Лотар Вилер.

Бәлкім, Германия індеттің әлемдік көрсеткішінен қалып келе жатуы мүмкін. Пікірлер әр алуан. Алдағы аптада денсаулық сақтау саласына түсетін күштің ауқымына байланысты. «Меніңше, Италиядағыдай жағдайға тап келуіміз екіталай», дейді Стефан Виллих. Ол – Берлиндегі Charité университеті ауруханасының әлеуметтік медицина, эпидемиология және денсаулық сақтау экономикасы институтының директоры. Лаутербахтың болжамына сәйкес, Германияда өлім деңгейі өседі. Расында, кейінгі бірнеше күнде бұл көрсеткіш 0,48 пайыздан 0,72 пайызға жетті.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына көп күш түсетіні әзірден аңғарыла бастады. Ауруханалар мен дәрігерлер маска және басқа қорғаныс жабдықтарының жетіспей жатқанын айта бастады. Неміс медицина ассоциациясы жариялаған құжатта Германияда атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, бүкіл науқастарды интенсивті емдеуге мүмкіндік жетіспеуі мүмкін екені айтылған. Бар қиындық әлі алда.

Қорыта айтқанда, Германиядан алатын үлгіміз бар. Бірақ статистикалық деректерге сеніп, шешім қабылдауға асықпау керек.

 

Дайындаған

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»