• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Сәуір, 2020

Кешіремісің, Жер-Ана?..

4587 рет
көрсетілді

Мөлдірді аңдамаймыз бұлақ тұнбай,Өмірді ойламаймыз сұрақ тумай.Біз түзу жүруді де үйренбеймізАлдымен қара жерге құлап тұрмай.Жер-Ана! Тәй басып үйреніп, соның үстінде сайран салып өмір кешіп, Адам ата ұрпағы мәңгі мекенін де сол Жер-Ана құшағынан табады. Бірақ күнәһар Қабылдан тараған пенде өмір жолында көптеген қателік жібереді. Ал оған Жер-Ана шыдай-шыдай шаршап, бір сәт қатты өкпелейді. Біз бүгін сол кезеңді бастан кешіп отырғандаймыз.

Коронавирус. Домаланған Жер-Ана­ны түгел жайлап келеді. Біреулер саясат деп, біреулер алпауыт мемлекеттер текетіресі деп сәуегейлік айтуда. Адам ойлап шығарды дейік, сол адамға да ойлап шығартып отырған бір ұлы күш барына сенуіміз керек. Адам ойлап тапқан вирусқа қарсы күрес құралын табуда ғылым да әлсіздік танытты. Ендеше, Жер-Ана немесе табиғаттың ұлы күші адамды өзі жаратты десек, ол адамнан әлдеқайда күштірек болып шықпай ма? Сол ұлы табиғаттың адам бағындыра ал­майтын дүлей күші тасқындар мен дауыл­дар болып ескерткені де рас. Ал бүгін ғылымға көнбей, вирус жібергені тағы рас.

Жер-Ана неге ренжіді екен? Ойла­найық, жай ғана ойланайық!

Адамзат ұрпағына ол бәрін сыйлады. Шөлің қансын деп мөлдір бұлақ беріп еді, біз оны лайладық, ұлы мұхиттарын да қоқысқа толтырдық. Жеміс, жайқалған орман беріп еді, біз оны таптадық, таптап сындырғанымыз аз болғандай, темекі тартып, от жағып, өрт қойдық. Ән тыңда деп құс сайратқан көлдер сый­лап еді, мылтық асынып барып, аққу-қазын аттық. Далаңа сән берсін деген ерке киік пен еліктің ерке лағын жер жастандырдық. Талай сұлу құс пен аңын мазақ етіп, зообақтарға қамадық. Қорек етуге берген сан алуан балығын да қырып салдық. Ақша үшін салған зауыттың улы суын өзенге құйдық. Ем­делуге берген тұзды көлдердің де тұ­зын сүзіп алып, саттық. Әдемі қала салдық та, көшесіне қоқыс төктік. Жер-Ананың бе­тіне түкірдік. Енді ол ашуланбай, қайтеді?

Ұлы даланың «Сыйластық заңы» болған еді ғой. Көз ашқан ұрпаққа, жаңа түскен келінге «Көршіні сыйла!» дейтін әңгіме жібі үзілгелі қашан?! Ақыл айтса, бетінен алдық, басшының жағасына жармастық. Өсек тердік, арыз жаздық. Не жетпей жатыр? Иә, әлемді әрі қойып, өз көзіміз көргенге оралсақ.

Еркіндік алған отыз жыл. Шынымды айтсам, қуандым. Соғыстан соңғы ұрпақ ем, әр нәрседен шошындым. Өйткені менің «еркіндік» деген түсінігіме қара­ма-қайшы жайлар өтті көз алдымнан. Алғаш­қы қиындық тез ұмытылып, ел еңсесін көтере бастады. Нарық деген дәуір келді.

Нарық пен адамгершілік таразының екі басына түсті. Ар-ұят жайлы сөз айтылмады.

Таң атар-атпастан анасы баласының халін сұрамастан, әрқайсысы әр жаққа табыс табуға аттанып кете барды. Ақша үшін, байлық үшін екі азамат атысты деп естідік. Бизнесмен баю үшін қызын саудаға салды деп естідік. Бауырындағы баласын сатты деп естідік. Бизнестегі келін­шек күйеуін өлтірді деп естідік. О, сұмдық! Біздің құлақ талайды естіп, етіміз үйрене бастады. Өзіміз де сол ұры-қарының тойына барып, елмен біргеміз ғой деп жұбанып, тек бейбіт заман болсын деп, алдымен еркіндік аяғынан тік тұрсын деп, көш соңына ілесе бердік. Жер-Ана мұның бәрін кешіре алмаған сияқты.

Коронавирус. Алдымен Қытайға келді. Ұлы дала сияқты жеті атасын жоқтамай өсе берген тойымсыз ұлтқа да қатты ескерту жасады Жер-Ана. Италияға ауыр соғып жатыр. Адам баласын әлдилейтін бесік-арбаға ит күшігін әлпештеп жүргені үшін ренжиді-ау Жер-Ана. Алпауыт Америка ше? Неше ұрпағы соғыс көрмесе де, қару жасаудан алдына жан салмай келеді олар. Соғыссыз да қырылуға болатынын ес­кертіп жатыр Жер-Ана. Ойланып көрсек, жалпы адамзатқа өкпелі сияқты табиғат деген ұлы күш.

Өзімізге оралайық. Соғыстар мен төңкеріс, аштық пен қуғын-қырғындарды бастан кешкен Ұлы дала ұрпағы еркіндік алдық! Осы дала даналығы талай нәрсе үйретсе де, құбылып шыға келдік. «Қа­йы­рымды бол! Мейірімді бол! Ба­тасыз құл арымайды. Ала жіп аттама, өзгенің еңбегін жеме, ондайлар қашанда оңбаған» деген аталы сөз айтылмай қалды. Таң атса, еститінің – ұсталған жемқор жайлы әңгіме. Сондағың – зәу­лім үй салу. Мына індеттен үйің ие­сіз қалмасын қайдан білесің енді?! Сондағың – әйеліңді алтынға малындыру, қамқа тонға орау. Мына індеттен ол қай тойға барып сайрандап, ол алтынын кімге барып көрсетпек? Шетел қаштың ақша үптеп, ол жерде әділет іздеп таппас дедің де? Жер деген біреу ғой.

Отыз үштің аштығын көрген әжем мақалдаушы еді. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деп отыратын. «Бәлен деген байдың әйелі алтын білезігіне ауыс­тыратын бір таба нан таба алмай қалған кезде» деуші еді. Ендеше, бүгінгі тойым­сыз байығандарды да тәу­беге келтіру үшін бұл індет түгел жер шарын шарлап жүрсе керек.

Коронавирус. Үйге қамалдық. Бір күндік ойын-күлкі, сауық-сайран, ден­сау­лықтың құны қанша тұратынын, бәлкім, енді сезінерміз. Өкінішке қарай, біздің кей ағайын әлі қыдырып жүр. Есігіңді ашпасаң, ауылдарда өкпелеп кетеді.

Біздің Ұлы даланың таза жері ауыл еді. Одан бездік. Ауыл халқы кең далаға мал бақпайды, қалада зіңгіттей жігіт есік күзетіп отырады. Егін салып, ағаш егіп, үй тұр­ғызып, ұрпақ өсір деді ғой саған Жер-Ана!

Біздің ашық-шашық жүрген дала­дағы бауырлар әлі оянған жоқ десем, өкпелемес. Заман өзгерді екен деп, өз болмысын жоғалтуың жөн емес десем де, тыңдамайды ғой. Ұлы даланы мекендеген ата-бабамыз сауатсыз болмаған! Қазіргі бала ауруы жас келіннің жалаңаш жү­руінен, аяғы ауыр кезде түнгі клубқа баруынан, туып алып, қазақы бесікке бө­лемей тастайтыны да себеп деп қара­ған қате болмас еді. Даланың ұлттық та­ма­ғы талай ауруға ем болары да даусыз.

Жер-Ана бізге бәрінің қадірін білмей кеткеніміз үшін өкпелі. Ал біз болсақ, «Адамға бағын, Жер, енді!» деп айқай салдық. Жоқ, ол бізге бағынбайды. Біз оған бас июге, оны қадірлеп, сүюге тиіс­піз! Бәлкім, ол сонда ғана мейірімін төгіп, құшағын ашып паналатар. Өзен-көлі тазарған кезде, қоқыстары азайған кезде, пендесі «тәубе» деген кезде қай­тадан еркін сайрандауға жіберетін шығар. Ал біз, пенделер, оның сыйлаған аспанының қадірін түсіне білсек жарар еді. Өзің жаратқан пендеңнің күнәсін кешіремісің Жер-Ана?!

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты