Байқауға кез келген адам ұлттық тағамдарын әзірлеу арқылы қатыса алады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараны Естай атындағы мәдениет сарайы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен өткізуде.
«Байқаудың мақсаты – ұлттық ас үйдің сан ғасырлық дәстүрлерін сақтау және дәріптеу», - деді Естай атындағы мәдениет сарайы шығармашылық бөлімінің әдіскері Камат Әбдірнәсірова. – Сондай-ақ, ұмыт қалған ұлттық тағамдарды жаңғырту және заманауи жаңа тағамдарды жасау. Ұлттық және этникалық ас үйдің ұмытылып бара жатқан тағамдарын, сондай-ақ туған үйге, туған жерге және Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін насихаттау. Үй тапсырмасын дайындау барысында қатысушылар белгілі бір ұлттық ас үйдің ерекшеліктері мен ұлттық нақышқа ерекше назар аударуы тиіс. Қатысушының басты міндеті – дайындаған тағамды ұтымды ұсына білу және оның шығу тарихын тыңдармандарға толық жеткізу.
Қатысушылар әзірлеген тағамдары туралы 3 минуттық бейнеролик дайындауы тиіс. Бейнероликті Instagram парақшасына жариялап, #Бірліккүні# және #dk_estay_pvl# хэштегін белгілеуі қажет.
Сондай-ақ эстафетаға 3 досын белгілеу және @dk_estay_pvl аккаунтына жазылу шарт. Байқауға бейнероликтер 20 сәуірден 1 мамырға дейін қабылданады және тек Павлодар қаласының тұрғындары қатыса алады.
Байқау тапсырмаларын орындау нәтижелері бойынша құзыретті қазылар алқасы қорытынды шығарады және келесі номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтайды: «Ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін», «Стиль мен дәстүрдің үйлесімі үшін», «Ас мәзірін берудегі ерекшелігі үшін», «Ұлттық колорит ерекшелігі үшін».
«Қаламыздың кез келген тұрғыны қатысуға құқылы. Бастысы – кез келген ұлттық асхананың рецепті бойынша мерекелік тағам дайындау. Жариялым байқау уақытында шығуы керек. 2020 жылдың 3 мамыр күні ұйымдастырушылар жеңімпаздарды анықтайды. Қорытынды нәтижесіне орай қатысушылар номинациялар бойынша марапатталады. Ұйымдастыру комитеті конкурстың қорытындысын шығару кезінде әр номинацияда бір немесе бірнеше жеңімпазды анықтауға, басқа қосымша номинациялар құруға құқығы бар», - деді Камат Әбдірнәсірова.
Айта кетейік, онлайн-өтінімдер 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін қабылданады. Анықтама телефоны: 87027000603.