• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Сәуір, 2020

Жамбыл облысында балаларға қарсы зорлық көрсеткіші өсіп тұр

343 рет
көрсетілді

Жуырда ғана Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов ақпан айынан бергі жұмысын қорытындылап, есеп берген болатын.

 

Өз есебінде өңірдің бас полицейі облыс аумағында қылмыс саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,5 пайызға төмендегенін айтты. Атап айтқанда кісі өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, қарақшылық, бұзақылық сияқты қылмыстардың ашылуы бірнеше пайызға артқан. Өкінішке қарай, Жамбыл облысында сексуалды сипаттағы қылмыс азаймай тұр екен. Балаларға қарсы зорлық-зомбылық 12,9 пайызға өскен. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Қуанышбек Қалжановтың айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыс аумағында әр түрлі құқықбұзушылықпен 2159 жасөспірім тіркелген. Сондай-ақ, 159 жасөспірім мен 139 жайсыз отбасы профилактикалық есепке алынған. Жасөспірімдермен жасалған қылмыстар саны 34,2 пайызға төмендесе, жеткіншектерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық фактілері 12,9 пайызға өскен.

«Бұл мәселеге көңіл аударып қарамасақ, балаларыңыздың жүріп-тұруына қадағалау жасамасаңыздар, оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықты анықтау мүмкін емес. Себебі жасөспірімдерге қарсы жасалатын сексуалды сипаттағы қылмыстар көбіне келісім арқылы немесе туған-туыстарымен, өгей әкелерімен тұрып жатқан мекен жайларында орын алуда. Осы мәселеге ата-аналарды ұқыпты болуға шақырамын», деді Қуанышбек Қалжанов. Шынында да жаға ұстатарлық осындай жайсыз әрекеттермен Жамбыл облысының аты талай шықты. Талас ауданында қыз баланы зорлап, артынан өлтірген қаскөйдің әрекеті, Тараз қаласында мектеп оқушысын зорлаған қылмыскердің жан шошырлық тірлігі өңірдің атына талай рет кір келтірді. Алайда, балаларға қарсы зорлық-зомбылық көрсеткішінің өсіп отырғаны өкінішті. Сондықтан да полиция қызметкерлері мұндай нәрседен балаларды сақтау үшін олардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу керектігін айтуда.

 

Жамбыл облысы