• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Тарих 17 Сәуір, 2020

Түркістанның онлайн тарихы

259 рет
көрсетілді

Түркістан қаласы мен алқабы археологиялық тұрғыдан 1893 жылдан бері зерттеліп келеді. Археологтар бұл уақыт аралығын – ресейлік, кеңестік және тәуелсіздік тұсындағы зерттеулер деп үшке бөледі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зерттеу 1865 жылдан басталған. Ал кесенеде жөндеу жұмыстары Абдулла хан (1582-1598жж.) тұсынан бері әр кездері атқарылып келеді. Нақты ғылыми реставрациялық жұмыстар 1928 жылдан басталған. Қазіргі кезде 11-ші жөндеу және реставрация жұмыстары жүргізілуде.

Бұл деректерді тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаев «Түркістан өлкесіндегі археологиялық зерттеулер» тақырыбындағы тарихи шолуында мәлім етті. Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекет­тік тарихи-мәдени қорық-музейі тікелей көрсетілімде өткізген алғашқы онлайн кездесуде қорық-музейдің ғылыми қызметкері Марат Қымызұлы Түркістан қаласын зерттеу, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу аясында анықталған тарихи деректер, қазба жұмысының маңызы жөнінде әңгімелеп, көрермен сауалына жауап берді.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қорық-музейдің Facebook парақшасында өтетін онлайн дәрістер мен шолуларға Түркістан тарихына қатысты зерттеулер жүргізген елімізге белгілі ғалымдар мен тарихшылар, археологтар, тарихи жәдігерлерді күтіп-баптау ісіндегі тәжірибелі мамандар қатысатын болады. Сондай-ақ тарихи жәдігерлерді сақтау, қорғау және қалпына келтіру жұмыс­тары бойынша халықаралық ғылыми-зерттеу зертханасының мамандарымен де шеберлік сабақтары ұйымдастырылмақ. Тарихи орындар мен жәдігерлер жайлы онлайн экскурсия жасау, оқырмандармен тікелей эфир арқылы байланысқа шығу да қорық-музей қызметкерлері төтенше жағдай кезінде қолға алған игі істердің бірі.

 

Түркістан облысы