• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2020

Темірдей тәртіп қана тығырықтан алып шығады

213 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде көпшіліктің көңілін күпті етіп отырған коронавирус індетінен сақтанудың ең тиімді жолы – тәртіпке бағыну екені айтылуда. Бұл ретте елімізде тиісті шаралар қабылданып, жүзеге асуда. Бүгінгі күннің өзі талап бар жерде тәртіптің де болуы керектігін көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен наурыз айында елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен кейін өңірлерде де карантин жарияланды. Десек те, кейбіреулердің осындай кезде тәртіпке бағынбай, шектеулерге шекеден қарайтын да жағдайлары да белгілі болуда.

Жамбыл облысында шектеу шаралары енгізілген әуелгі күннен бастап тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде өңірде 38 блок-бекет жұмыс істеп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Бірақ, өңірде коронавирус індетін жұқтыру дерегі күн санап көбейіп барады. Сол үшін де жергілікті билік халықты тәртіпке бағынуға шақыруда. Алайда, бүгінде облыста талап пен тәртіпке бағынғысы келмегендердің де әрекеті әшкере болуда. Мәселен, жуырда ғана жеке көлікпен Байзақ ауданынан шығып, Алматы қаласына қарай бет алған жолаушы карантин талабын түсіндірмек болған полиция қызметкеріне қол көтеріп, қамауға алынған еді. Сол сияқты, Жамбыл облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласынан Шымкент қаласына бет алған үш жолаушы ұсталған. Олар да төтенше жағдайға қарамастан блок-бекет арқылы өтуге әрекеттенген. Тіпті қолдарында анықтама қағаздары да болмаған. Сонымен қатар, облыста төтенше жағдай кезеңінде 273 әкімшілік-құқықбұзушылық анықталған. Дәрігер, полицей сынды мамандық иелері блок-бекеттерде тәулік бойы кезекшілікте тұрып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жанталасып жүрсе, бір жақтан әлдекімдер талапты орындағысы келмей әлек. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген ғой. Темірдей тәртіп қана тұрғындарды тығырықтан алып шығатыны анық.

Жамбыл облысы бойынша бүгінде барынша шектеу жарияланған. Ал, облыс әкімінің бірінші орынбасары  Бекболат Орынбеков 17 сәуірден бастап Тараз қаласындағы барлық қоғамдық көліктер мен жеке көліктердің де қозғалысына тыйым салынғандығын мәлімдеді. Карантинге дейін 43 бағыт бойынша 442 автобус жүріп тұрған болса, карантин енгізілген соң оның саны айтарлықтай қысқартылған. Алайда, Бекболат Орынбеков қоғамдық көліктердің саны барынша қысқартылып, жүру кестесі мейлінше ықшамдалса да жүру тәртібі сақталмағанын айтты. Сонымен қатар, қала ішінде де тұрғындардың ары-бері жүруі азаймай отырғанын жеткізді. Бұдан кейін, Жамбыл облысындағы екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» мекемесі филиалдарының жұмысы да көпшілікті алаңдатуда. Бүгінде аталған екі мекеменің де бөлімшелерінде түрлі себептермен халықтың көп шоғырланып тұрғанын көруге болады. Бұл орайда Бекболат Орынбеков еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, екінші деңгейлі банктердің және «Қазпошта» мекемесінің бөлімшелерінің де толық жабылуы керектігін жеткізді. Енді екінші деңгейлі банктердің, «Қазпошта» АҚ филиалдарының және ақша ауыстыру пункттерінің де жұмысы тоқтатылып, онлайн режиммен «клиентке дейін жеткізу» қағидаты бойынша рұқсат етіледі.

«Үшінші мәселе – қаланың, облыстың деңгейінде жеңіл автокөліктің көбеюі. Оның ішінде екі азаматтың бірінің қолында анықтама қағазы бар. Олардың қолдарында қаладан бастап ауыл әкіміне дейінгі лауазымды адамдардың анықтамалары тұр», дейді Бекболат Орынбеков. Енді түрлі себеппен түрлі мекемелерден алынған анықтамалардың да күші жойылатын болды. «Жамбыл облысы бойынша, оның ішінде Тараз қаласында халықтың қала ішінде жүру қозғалысы бүгінгі таңда ешқандай сын көтермейді. Осыған байланысты жергілікті полиция қызметі, әскери Ұлттық гвардиямен бірлесе отырып, әсіресе күндізгі уақытта қатаң шараларды қабылдайтын болады. Осындай шешімдерді облыстың орталығы Тараз қаласының және аудандардың әкімдері де әр аймақта нақты қабылдауы қажет», деді Бекболат Орынбеков.

Миллионнан астам тұрғыны бар облыстың жағдайын реттеу де оңайға соқпасы анық. Бірақ, бұл жерде әрбір азамат өзінің жеке өміріне, денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны жөн. Әйтпесе, бүгінгідей індет өршіп тұрған кезде «Бірдің кесірі мыңға тиедінің» кері келіп жүрмесіне кім кепіл?!.

 

Жамбыл облысы