• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Таным 23 Сәуір, 2020

«Кедей сөзі» – «Бостандық туы» немесе Мағжан Жұмабаевтың жүз жыл бұрын жазғандары

1243 рет
көрсетілді

1919 жылғы 10 шілдеде Ресей федеративтік республикасының үкіметі өлкені әскери-азаматтық тұрғыда басқаруды жүзеге асыра отырып, болашақ Қазақ республикасын құруға дайындық жасайтын Қазақ революциялық комитетін құрды. Қазревком билігінің қарамағына Астрахан губерниясындағы қазақ аумақтары мен Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары берілді.

Қазревком, яғни сол кездегі аударма бойынша «Қазақ аймағын билейтін кіндік мекеме» Орынборда орналасқан, ал болашақ Қазақстанның Ақмола жә­не Семей облыстары ол кезде Омбы төң­керіс комитетіне (ревкомына) қара­ған ғой. Сондықтан Омбыдағы Мағ­жан бастатқан қазақ зиялылары сол қалада татарша шығып жатқан «Азад Сібір» газетінің баспаханасында «Русия коммунистер партиясының Омбы уалаят комитеті жанындағы мұсылман секциясы һәм Омбының төңкеріс комитетінің» органы «Кедей сөзі» газетінің бірінші санын 1920 жылғы 22 ақпан, жұма күні жарыққа шығарды.

Қазақ газетінің бірден қалыптасып кетуі оңай болмаған. Алғашқы са­ны екі бет болып шыққан газетке: Ре­дак­тор Мұқан Әйтпенов деп қол қо­йыл­ған. Бірінші беттегі «Қазіргі хал» деген бас мақалада, тақырыбынан көрі­ніп тұрғандай, сол кездегі Ресей мем­лекетіндегі әлеуметтік саяси жағдай­ларға шолу берілген. Мысалы, «Соңғы 2-3 жыл ішінде дүние жүзіндегі, Русия патшалығындағы халық қолына хурият еркіншілік тигеннен кейін, дүние жү­зіне, ойда болмаса келтіре алмайтын еркіншілікті орнатып тұр, – деп бастаған автор, – Бұл не деген еркіншілік?» деп сұрақ қойып, өзі жауап береді. 1917 жылы 25 октябрьде Мәскеудегі саяси басшылар қызыл қанға боялып билікті жұмысшы, еңбекшілерге алып беріп, большевик программасын жүргізіп еді. Халық ондайын жарылқасынға көктен түскендей болған соң, анық түсіне алмады. Біраз заман ішінде айырылып қалды. Айырылып қалғандығының мә­нісі – арамыздағы бұрынғы байлар, тө­ре­лер, казак-орыс офицерлері ішінен ты­нып, өздері бұрынғыдай аттап-бұттап жүре алмаған соң, құпия қол – әскер сайлап, чехтарды жалдап алып, біздің қанша сабаз басшыларымызды жау жері майданда, онан соң острогтарда атып, тамақсыз аштан қатырып, суық үйлерге қамап, ауру-хисапатқа шалдықтырып өлтірді...».

Автордың сөз саптасы, жалпы са­уа­ты мен білім деңгейі төмен екені «М.Айтпенов» деп қол қойған басқа жаз­ған­дарынан да байқалады. Осы газеттің 1921 жылғы төртінші санында «Мұқан Әйтпеновтің қырсығы» деген көлемді сын мақалада редактордың бұрынғы жағымсыз іс-әрекеттері әшкереленіп, қызметін сынайтын көптеген мысалдар келтірілген. Біздің білетініміз: Мұқан Әйтпенов «Үш жүз» аталып, өзін социа­лиспіз деп жариялаған Көлбай Тогысов (Төгісов, кейде Төлеңгітов.-авт.) тобы­нан болатын. 1918 жылы көктемде Ом­быда Мағжан Жұмабаевты түрмеге қамат­қандардың бірі. Енді, міне большевиктер билікке келгенде «Кедей сөзі» газетінің алғашқы редакторы екендігі көрінді.

Алайда, газеттің екінші санынан бас­тап, редактордың аты-жөні аталмай, «Шы­ғарушылар алқасы» деп шыға бас­тады.

«Кедей сөзінің» екінші саны 1920 жылғы 8 наурыз күні шықты. Бірінші беттегі «Теңдік» деген бас мақаланы Мағ­жан Жұмабаев жазған. Оның авторлығы сөздік қоры, қайталанбас жазу стилі, қол қойып бастырған басқа материалдармен салыстыру үстінде анықталды. Мысалы, мақала былай басталады: «Өмір бойы, қорлықта, зорлықта, тепкіде жүрген қазақ, 1917 жылғы өзгерісті үлкен бір той секілді қарсы алды. Бірақ, ол той көп­ке со­зылмады. Орыстың өң­шең бай­ла­рының, помещик, фабрикант­тары­ның үкіметі жақсылықпен туған өз­герісті жамандыққа айналдырды. Бұ­рын кемдікте жүрген халықтар теңдік сұраса, «ертең құрылтай жиылысында аласың» деп, алдандырып, ол Құрыл­тай жиналғанша, өзі де жоқ болды...»

Мазмұны жағынан бұдан бұрынғы бірінші санда шыққан «Қазіргі халдағы» жазылғандарды қайталайды, бірақ, ық­шам, түсінікті, саяси сауатты сөй­лем­дер­дің мүлде басқа қолдан шыққаны көрінеді.

«...25 октябрьде Россияда өкімдік орыс­­тың кедейлерінің, жұмысшы табы­ның қолына тиді. Бірақ қолынан билік кеткен соң, ақшасы, фабрика, зауыттары түгел – кететінін бі­ліп, елдің жуандары, оқалы, шенді жан­даралдары, жылы ор­­ны­нан айырылған жылтыр түйме төрелер тек жатпай, 1918 жылы Сібірде қай­та төңкеріс болды. Билік орыстың төрелеріне, жандарал, байларына қайта көшті.

Өткен дәуренін іздеп, шет жұрт­тарды құл қылып аяғының астына басқанын сағынып, «мақсұдым ұлығ [бөлінбейтін] бүтін Русияны туғызу» деп патшасынған Колчак шықты. Қазақтың кең даласында баяғыдай маңдайы жылтыраған урядник, най­засы қылтыңдаған карательный от­ряд көрінді. Ежелден сотқар туған – орыстың сары бауыр қамшысы тағы да момын сорлы қазақтың арқасына шыпылдай бастады».

Ал енді қазақ! Кім жақсы, кім жа­ман? Өз көзіңмен көріп отырсың. Сон­дықтан, біз... залымдардың сөздерін сөй­лемейміз. Теңдікке жеткізетін ақ­жү­рек, адал ниеттілердің сөздерін сөй­лей­міз. Осы күні совет өкіметі өзіне ті­лектес, көмектес болған кішкене жұрт­тарға теңдік, автономия беріп отыр. Мысалы, қазан татарлары, башқұрт, ноғай,Түркістандағы сарт, түрікпен аға­йындарымыз... Енді теңдік табан­ақы, маңдай те­рімен күн көретін, күс табан, сүйел қолды кедейлердікі. Бұрын тең­дік қылт-жылт етіп жорғалаған кәззәптікі болса, енді теңдік зияны жоқ момындікі! Бұрын теңдік жуан аталынікі болса, енді теңдік жіңішке аталынікі.

Мағжанның көсемсөз үлгісінен алын­­ған осы және бұдан кейінгі мысал­дар оның совет өкіметі түріндегі жа­ңа биліктің сипатын қалай түсініп, қа­лай насихаттағанын, жан-тәнімен қор­ғағанын көрсетсе керек.

Жалпы, ақынның сыншылары да, оны мақтаушылар да шындыққа жете алмаған. Мағжан есіміне қоса айтылып жүрген: «Ескі хандық дәуірді аңсаушы, байшыл, прогресс атаулыға қарсы, орыс­қа қарсы, Колчакты мақтап өлең шы­ғарған, діншіл, жылауық ақын... деген сияқты жамау-теңеулердің түп-түгел жалған, сыпайылап айтқанда еш­бір негізі жоқ жала екенін көресіз. Ең алғаш рет Мағжанға жала жапқан Сабыр Шәріпов, одан кейін қазақтың аты мәлім ақын-жазушы замандастары.

Мағжан Жұмабаевтың қоғамдық-саяси көзқарасын түсініп, лайықты ба­ға беруде оның мерзімді баспасөз бе­тінде жарық көрген мақалалары нақты дерек, боямасыз шындық екеніне көз жеткізу қиын емес. Және де, ескерте ке­­­ту керек, Мағжан сияқты өмірдің ащы-тұщысын көрген,  сергек ойлы қа­лам­гердің жазғандарын заман ырқына қарай бейімделгіш, солқылдақтың, пай­да ойлаған есепқойдың ой-пікірі деп әсте ойлауға болмайды.

Совет билігінің қазақ даласына орнай қалуы оңай болмағаны белгілі. Мағжан әр мақаласында өз қандастарының кө­ңіл түкпіріне үңіле отырып, шындық неде? деген сұраққа жауап береді. Тұр­мыста қиындық болмай қоймайды. «Бар айыпты, бар жаланы Советке жа­­ба­тындар – баяғыны көксейтіндер һәм кеудесінде соқыр сезім де жоқ, саңы­лаусыз соқырлар. Шынында қазақ тұр­­мысында болып жатқан һәм бол­ғалы тұрған өзгерісте де, әсіресе, әйел мәсе­лесінде Совет үкіметінің «айы­бы» қанша екен. Соны тексеріп, бағалық», деп бастаған ақын «Жәжеке» деп қол қойған «Ұғылмай жүрген мәселе. Әйел мәселесі» деген мақаласында «Қазақ автономиясы» деген не екенін қалың қазаққа санамалап отырып, талдап береді. Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасын құру жөнінде арнайы Декрет 1920 жыл­ғы 26 тамызда дүниеге келді. Қаз­ревком 1920 жылғы 4-12 қазанда Қазақстан советтерінің құрылтай съе­зін өткізді де, өкілеттігін тоқтатты. Съезд Қазақ Республикасы еңбекшілері құқық­тарының декларациясын қабылдады. Декларацияда Ресей Федеративтік Рес­публикасының құрамында Қазақ Авто­номиялық Республикасының құрылғаны конституциялық тұрғыда жария етілді. Республика азаматтарының негізгі құ­қық­­тары мен міндеттері, мемлекеттік би­лік органдары, сайлау жүйесі мен оның принциптері, жер саясаты, соттың ұйым­­дас­тырылуы мен қызметінің жүйесі белгіленді.

Бұдан былай, «Кедей сөзінің» жаңа кезеңі басталады. Газет енді Авто­номия­лы Қазақ Республикасының Сибревком жанындағы өкілдігі атынан шыға бас­тайды.

1920 жылғы 27 қазанда Қазақ Орта­лық Атқару комитеті төрағасының орын­­басары Жанайдар Сәдуақасов Қа­­зақ АССР астанасы Орынбордан Ом­быға, сондағы Сібір ревкомы жанын­да­ғы қазақ өкілдігіне жеделхат жолдады. Жеделхаттың мәтінін толық кел­тір­сек, сол бір аумалы-төкпелі кезең­нің жағдайынан біраз хабар алуға болады. (Жеделхат орысша жазылған, қазақшалап беріп отырмыз.– авт.).

«Таяу арада Мәскеуде Ақмола жә­не Семей облыстарын Қазақ рес­пуб­ликасына берудің мерзімі мен бұл жұ­мысты ұйымдастыру тәртібіне бай­ланысты келіссөз жүргізілмек. Сондықтан халықты Қазақ респуб­ликасының құрылғаны туралы кеңінен құлақтандыру қажет. Ол үшін газет­тер, листовкалар шығару және басқа да амалдар пайдаланылсын. Қазақ Ор­талық Атқару комитетінің жедел­хаттарын, өздеріңіздің ресми үндеу­леріңізді көшіріп басыңыздар. Қазақ автономиясының мақсаттары мен міндеттері жайында бірне­ше лис­тов­ка шығарыңыздар. Губер­ния­лар­дағы, уездердегі, ауылдар мен дерев­нялардағы күштерді неғұрлым кеңінен пайдаланыңыздар...».

Осы жеделхатты алған Сибревком жанындағы Қазақстан өкілдігі (дәлірек айтқанда өкілдікке қатысы бар қазақ зиялылары.-авт.) Ресей компартиясы орталық комитетінің Сібір ұйымдастыру бюросынан қазақ тілінде газет шығаруға рұқсат сұрайды. Партия органы қазақ­тардың бұл тілегіне байланысты мынадай қаулы алған:

«Қазақ ССР өкілдігінің қазақ тілінде бюллетень шығаруға рұқсат сұрағанына байланысты: қазіргідей қағаз тапшы болып отырған жағдайда жеке газет шығару мүмкін емес деп есептелсін. Өкілдік мұсылман секциясымен бір­лесіп, қазақ газетінің таралымын екі мың данаға дейін көбейтуіне рұқсат берілсін».

Бұл арада «мұсылман секциясының газеттері» деген ұғым Омбыда, Сиб­ревком мен партия комитетінің мұсыл­ман тобы атынан шығып тұрған татарша «Азад Сібір» және қазақша «Кедей сөзі» екенін түсінген жөн.

«Теңдік» деген тақырып қойып Мағ­жан жазған бас мақалада: «...Қазақтың үстіндегі қара тұман айығып, жа­дырап жарқын күн туады. Кемдік кетіп, теңдік жетеді. Құл емес, ұл боламыз» деген тәтті үміт, асыл арманға толы жолдар газет шығарушылардың болашақтан не күткенін анық көрсетсе керек.

1921 жылғы 21 ақпан күні «ҚССР-дің Сибревком жанындағы өкілдігі мү­шелерінің және газет һәм әдебиет істеріне белсене қатысушылардың мәжілісі болды. Онда «Жұртшылықты Қазақ республикасы туралы кеңінен құлақтандыру үшін өкілдік жанынан әдеби алқа құру, газетті пайдалану, лис­товкалар шығару. Қазақ Орталық Атқару комитеттерінің жеделхаттарын және өкілдіктің ресми хабарларын көшіріп басу, бұл мақсатқа губерниялардағы, уездердегі, ауылдар мен деревнялардағы күштерді кеңінен пайдалану туралы» шешім қабылданды. Әдеби алқа құра­мында Бородихин – редактор, Мағжан Жұмабаев, Айбасов, Әйтиев, Серкебаев, Кемеңгеров, Фазылов, Асылбек Сейітов, Кәкенов, Телжанов, Тоқпанов болды. Осы арада қазақ газетінің «редакторы Бородихин» болуының себебін, ол кезде баспасөз құралдарының қашан да партия бақылауында екенімен түсіндіреміз.

Омбыдағы Қазақ өкілдігінің аты­нан, яғни жаңа құрылған Қазақстан Республикасының атынан «Бостандық туы» газетінің тұңғыш саны 1921 жыл­­­­ғы 7 наурыз күні жеке үндеу-хат тү­рінде, 4 мың дана болып басылып шық­ты. Осы газетте Қазақ Орталық Ат­қару комитетінің төрағасы Сейітқали Мен­дешевтің «Қазақ жолдастарға!» де­ген үндеуі жарияланды. Қосымша ре­тінде «Қазақ әйелдеріне!» деген үндеу бір мың дана болып басылып, әйелдер бөлімінің меңгерушісі Голубеваның атымен, араб әлібімен жеке парақ түрінде таратылды.

Осылайша «Бостандық туы» екі түрлі болып жарық көрген. (Ал нағыз Бірінші саны туралы деректер төменірек беріліп отыр).

Газетті Омбы губаткомынан алып, қазақ өкілдігіне беру мәселесі де бір­сыпыра әуре-сарсаңмен шешіледі. Құ­рылтайшысы өзгергендіктен редакция алқасы бұрынғы «Кедей сөзі» атауынан бас тартып, газетті «Бостандық туы» деп шығаратын болады. Сонымен 1921 жылғы 5 наурыз күні Омбының көр­кемөнер мектебінің шеберханасында газеттің жаңа бас тақырыбы цинкке ойылып жазылды.

«Бостандық туының» бірінші саны­ның бірінші беті былай жасалған: Шы­ға бастады 1921 ж. март 19-нда. «Бас­қармадан. Осы уақытқа дейін шығып келген «Кедей сөзі» газетасы тоқтап, оның орнына Сибревком қасындағы Қазақ Жұмхұриятының уәкілдігі аты­нан бұдан былай «Бостандық туы» га­зетасы шығатын болды. Газета мақ­сұты, тұтынған жолы халықты осы күн­­гі саяси ретпен тәрбиелеп һәм Со­вет үкіметінің жалпы жұмысымен та­ныс­тыру. Одан басқа өте ескеретін жұмысының бірі – Қазақтың Кеңестік Жұмқұриятының қазақ халқы тура­лы істеп жатқан жұмыстарымен, заңда­рымен таныстырмақ.

Қазақ арасындағы хат білетін аза­маттардан халықтың мұң-мұқтажы ту­расы, шаруасы турасы, ел арасындағы әрбір маһкәмәләрдан шығып жүрген қызмет иелерінің, істеп жүрген тәр­тіпсіздігі туралы басқармаға білдіріп тұ­руын өтінеміз. «Бостандық туы» бұ­рынғы «Кедей сөзі» газетасының барып тұрған жерлеріне жіберіліп тұрады».

Газетке сөз жазушыларға адрес мынау: Омск. Сибревком. Представительство КССР. 3-й этаж, 4-комната, для редакции «Бостандық туы».

19 наурыздағы санында Ақмола және Семей облыстарын Сибревкомның қарамағынан алып, Қазақстанға қосу үшін Үкімет комиссиясы келе жатқаны хабарланды. Ақмола губерниялық ревкомына төраға болып тағайындалған Әбдірахман Әйтиев баспасөз арқылы жас Қазақ республикасын нығайту жө­ніндегі шараларды жария етті.

Айта кету керек, бұл «Коммунистер­сіз совет өкіметі үшін» деген ұранмен басталған атақты «Сібір көтерілісі» Пет­ропавл, Көкшетау, Ақмола және Атбасар уездерінде совет-партия ұйым­дарын талқандап, коммунистерді қыр­ғынға ұшыратқан кез болатын. Осынау қантөгістің Қазақ республикасын құруға бөгет болып, қазақ емес ұлттардың бас көтеруі екенін түсіндіріп, қандастарын сақтандырған Мағжан газеттің осы бі­рінші санына «Қазақ еңбекшілеріне» деген тақырыппен бас мақала да бас­тырды:

 «...Қазақ бауырлар, жолдастар! Сіздер ол жаулардың тіліне елігіп, соңынан ермеңіздер. Аты өшкір үкі­меттің заманында көбірек тепкі көр­ген, езілген, құлдықта жүрген ха­лықтың бірі – біздің қазақ халқы бо­латын. Қазақ халқын өткен уақыт­та ешкім қатарға алып, адам санына қоспады. Туып-өскен жерінен, Сарыарқа сары белінен еңіретіп зарлатып, қуып шығатын кім еді? Бұлар сол қараңғы уақытта Совет Үкіметіне қарсылық жасап жүргендер! Олар өтіп кеткен қайғылы қара түнді қазақ халқына қайта орнатпақшы!»

Осы газеттегі мына хабарды да де­рек ретінде келтіруге болады. Онда «Қа­зақстан Республикасының халық ағарту комиссары һәм Госиздат қасындағы жазушылар ұйымының мүшесі Ахмет Бай­тұрсынұғлы өткен ғинуардың 13-де Орынбордағы зиялы қазақ азаматтарын жиналысқа шақырып, 2-буын мектептері үшін оқу-құралдарын даярлау үшін кеңес ашқандығы» хабарланған. Мә­жіліске Елдос Омарұлы, Хайриддин Болғанбайұлы, Смағұл Садуақасұлы, Файзолла Ғалымжанұлы, Биахмет Сәр­сенұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Садуақас Сей­фоллаұлы, Ғалихан Бөкейханұлы, Сабыр Айтқожаұлы һәм басқалар қа­тысқан.

Мәжіліс бастығы Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы, хатшы Биахмет Сәрсенұлы. Мә­жіліс баяндаманы тыңдағаннан кейін қарар шығарды:

Жоғарыда айтылған азаматтардың оқу құралдарын орысшадан қазақшаға аударту жұмысын кірістіруге; Осы жұмыс үшін Мағжан Жұма­баевты, Маннап Тұрғанбайұлын, Хош­мұхаммет Кемеңгерұлын, Жұмағали Тілеуліұлын, Сейтбаттал Мұстафаұлын тағы да осылардай ризалығын білдірген азаматтарды қызметке шақыруға...» Одан әрі қазақ мектептері үшін оқулықтар әзірлеудің шаралары баяндалған.

«Бостандық туының» 1921 жылғы 3 сәуірдегі екінші санындағы «Екіден – бір» деген мақаласын Мағжан былай аяқтайды:

«...Сондықтан, біздің алдымызда екі ғана жол бар. Азаттық, не құлдық. Не совет бостандығы. Не Николай Колчактың құлдық қамыты. Міне, қазаққа осыны ұғатын мезгіл жетті. Әрелікті мүмкін емес екендігін талай тәжірибелер көрсеткендей болды. Қазақ енді көруге тиіс. Алдымызда екі жиын қара тұр. Біреуі – ел болам деген қазақты шетінен бауыздау керек деп қылышын даярлап тұрған Дутов, Иванцов, Ринов секілді қара жүздер. Екіншісі – құлдықта езілген сорлы елді: қатарға кір, ел бол деп, құшағын жайып тұрған Ленин, Сталин жолы».

Осы кезде жаңа құрылған губер­нияның «Бостандық туы» газеті редак­циясын Петропавлға көшіру, осындағы баспахананы қалпына келтіру, қағаз іздеу, Тұрлыбаевты, Көкеновті, Арыс­лановты, Юсуповты, Итбаевты, Әбді­рахмановты, Бұлғақбаевты, Олей­никовты – жазу машинкасымен, Жұма­баевты баспа жабдықтарымен жіберу мәселесі қозғалады.

Мағжан Петропавлға 1921 жылғы 5 мамыр мен 1 маусым аралығында кел­ген. Содан бастап, 1922 жылғы мамырдың басына дейін газетте, одан кейін төрт ай «Аш-арықтарға көмек көрсету» ұйы­мында қызмет етті...

* * *

 ...Әлқисса, жазықсыз жапа шегіп, жарық дүниеден үмітін үзген Мағжан ақынның бізге тапсырып кеткен аманаты мынау еді:

Жазғанымды жайып сап,  Екі жар ғып санашы!

Сол аманатты орындау біздің үле­сімізге тиген екен. Мағжан Жұмабаевтың бұдан 100 жыл бұрын жазғандарын ақ­тарып, алдымызға «...жайып сап, екі жар ғып санап» отырмыз.

Мағжан Жұмабаев байлардың ақы­ны, феодалдық өмірді көкседі, контр­революционер, тіпті орыс атаулыға қарсы (сепаратист) деуге дейін барған біз емес, біздің алдымыздағы ұрпақ. Бізді ондай ұшқарылықтан құдай сақтаған. Қоғам дамуының заңдылықтарын түсінбеген, жалаң ұраншыл, оңы мен солын айыра білмеген, сол қараңғылықтан барып, жала­қорлыққа душар болған. Олар Мағ­жанды түсінгісі келмеді. Тіпті Мағжан­ның мына жазғандарын оқыса да, оқы­маған болып, көрсе де көрмеген болып, шындықтың бетіне тура қарай алмай, соқыр сенімге беріліп, өле-өлгенше Мағ­жанның әруағымен айқасып өтті.

Мағжан өлгеннен кейін 72 жылдан соң айтылып тұрған шындық осы.

 

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Сәуле МӘЛІКОВА,

Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты