• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Медицина 28 Сәуір, 2020

Дәрігер жанын да, жүрегін де, білімін де аямайды

533 рет
көрсетілді

Медицина қызметкерлерінің карантин жағдайындағы қызметі мен олардың қосып жатқан үлесін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған үндеуінде ерекше атап өтіп, орынды баға берді. Медицина қызметкерлері өздерінің денсаулығын, тіпті өмірін қауіп-қатерге тігіп отырғандарын елеп, мемлекет қолдау, қамқорлық көрсетіп отырғаны белгілі.

Бұл, әрине көп ойларға жетелейді. Осындай сәтте кең-байтақ елімізде ертеде, өткен ғасырларда орын алған, ха­лық­ты қынадай қырған жұқпалы індет­термен (оба, сүзек, шешек, тырысқақ, көкжөтел, көкала және т.с.с.) күрескен дәрігерлердің қайсар да қажырлы істері еріксіз еске түседі. ХІХ-ХХ ғасырларда еңбек еткен қазақтан шыққан алғашқы дипломды дәрігерлер Мұхаметжан Қарабаев, Мәжит Шомбалов, Әміре Айтбақин, Халел Досмұхамедұлы, Сан­жар Асфендияров, Әбубәкір Алдияров, Дәу­летшах Көсепқалиев, қазақтан шық­қан әйел дәрігерлер Гүлсім Асфен­­диярова, Аққағаз Досжанова, Рақия Ша­габу­динова-Ермекова және басқа да аты аталмаған, тізімге есімдері енбеген дәрігерлер мен фельд­шерлер ауыр тұрмыс-тіршіліктің тауқыметін тарт­қан, ашаршылықтан күйзелген және оған қоса мезгіл-мезгіл бас көтерген инфекциялық ауруларға шалдыққан адамдарды емдеп, алдын алу шараларын жүргізіп, санитарлық-ағарту ісіне араласып, халқымыздың орта­сында денсаулық сақтау ісінің қалып­тасуына үлкен үлес қосқанын естен шығармаймыз.

Иә, елді күйзеліске ұшыратқан ауыртпалық кезеңдер елімізде аз болмаған. Сол кездері өмір сүрген адамдар оны жеңу үшін бастарын біріктіріп, ортақ ойға келіп, әртүрлі іс-шаралар жүргізіп, қиындықтарды жеңе білген. «Біз не көрмедік?! Аштықты да, тоқшылықты да...» деп күрсініп отырушы еді ертеректегі көне қариялар. Шынында, әр адам басына түскен іске көнеді, сынаққа төселеді, тайсалмай бо­йына күш-қайрат жинап, әйтеуір бір шешімін тауып, қиындықтарды жеңеді. Бұл – өмір философиясы.

Президент сондай-ақ ақ желеңді жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдап, мәселенің анық-қанығын зерттеп, бұған жол берген басшылардың жауапкершілігін қарау керек екенін баса айтты. Мұндай жағдайларға жол бермеу қажет. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн. Онсыз болмайды. Елімізде жарияланған төтенше жағдай, өңірлер мен қалаларда карантиндік тәртіп көпшілікті қажетті нұсқаулардың талаптарын қатаң орындауға шақыруда. Әттең, әлі де тәртіпке селқос қарап,  төтенше жағдай режімін бұзушылар кездесуде. Өзгені ойлап, инфекцияның тарап кетпеуіне жол бермеу мақсатында өз өмірлерін қауіпке тігіп жүрген ақ халатты жандар медицина қызметкерлері блок-бекеттерде, санитарлық пункттерде, аурухана мен емханаларда күн-түн демей тер төгіп еңбек етуде. Тіпті қауіп сейілгенше үй-жайына бармай, бала-шағасын апталап көрмей, жөнді ас-су ішпей арнайы дайындалған пансионаттар мен жатақханаларда тұрып жатқандары аз емес. Бағалай білсек, бұл – ерлік.

Кейде «Дәрігердің еңбегін өмірде немен салыстыруға болады?» деген сұрақ қойылады. Немен салыстыруға болатынын білмеймін. Бірақ дәрігерге артылатын жауапкершілік өте үлкен. Өйткені оған адамның бойындағы ең қымбаты – денсаулығы тапсырылған. Ауыр халдегі науқасты аман алып қалғанда, адамдар «бірінші Құдайға шүкір, екінші аман алып қалған дәрігерге рахмет» деп айтып жатады. Енді осындай жағдайда Құдайдан кейін, екінші дәрігердің аты айтылып отырғанынан-ақ осы мамандық иелеріне қандай ауыр жүк артылатынын түсіну қиын емес. Әсте барлық мамандықтардың ішінен дәрігер еңбегі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін, ел-жұрт сыйлайтын мамандық.  Қайтіп науқасты ажал тырнағынан арашалап қалам деп дәрігер жанын да, жүрегін де, білімін де аямайды.

Қазір Аллаға шүкір, медицина қар­қынды дамыды, диагностикалық мүм­кіншілік артты, жүргізілетін ем-дом ши­па болуда, тіпті ағзаларды алмастыру оталары өмірімізге батыл енгізілді. Көп­теген қатерлі инфекциялық аурулар елімізде мүлдем жойылды. Өйт­кені қазіргі дәрігерлер ол аурудың шы­ғу себебін, зерттеу жолдарын, клини­калық белгілерін, емдеу тәсілін және профи­лак­тикалық іс-шараларды жақсы біледі. Бұл күндері елді дүрліктіріп тұрған қауіпті коронавирус инфекциясына да жақын мезгілде тұсау түсеріне сенемін. Коронавирус эпидемиясы қазіргі адамдар алдында, мемлекет­тер алдында тұрған үлкен бір сынақ, уақытша, өткінші қиындық деп қабыл­да­ға­нымыз жөн. Оны жеңуге әркім атсалысуы керек. Қазақта «Түн артынан күн шығады» деген қанатты сөз бар. Аман болсақ, бұл індет те жо­йылады. Президент айтқандай, елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенеміз!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

ТАРАЗ