• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Таным 29 Сәуір, 2020

Данадан жеткен дара сөз

1342 рет
көрсетілді

Президент Қ.К.Тоқаев ұлы бабамыз, әлемнің екінші ұстазы атан­ған ғалым, ойшыл әл-Фара­би­д­ің туғанына 1150 толуын атап өту жөнінде арнайы Жарлық шы­ғарған болатын. Кемеңгер тұлға мұралары бұған дейін де жан-жақты зерттеліп, көптеген еңбе­гі­мен зерделі оқырман жақын та­нысты деуімізге болады. Ғұла­ма­ның атақты еңбектерінің бірі «Қайырымды қала» деп аталады.

Халық мұрасы атанған бұл трактатта әл-Фараби ел билеуге қажетті қасиеттерді санамалап, оның негізгі талаптарын атайды. Бұл принциптер күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ.

Ел билеу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?! Бұл туралы ұлы бабамыз не дейді? Оны түсіну үшін данышпан, кемеңгер бабамыздың аталған еңбегіне назар аударған жөн. Жоғарыдағы сұрақтарға осы трактаттан жауап аласың.

Ғалым ойынша қала «ел, ұлт» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан да қала басшысы болу үшін қандай қасиеттер керек? Оның басты қағидаты мынада: «Ол – иман, ол – қайырымды қаланың бірінші басшысы, ол – қайырымды халықтың басшысы және жер жүзін мекендейтін елдің басшысы. Өз бойында туа біткен он екі қасиетті ұштастырған адам ғана осындай (билеуші – У.Қ.) бола алады».

Иә, әл-Фараби өз заманының оза туған ғалымы, ойшылы, данагөйі ретінде басшы болатын адамның қасиеттерін әр тұрғыдан қарастырады. Басшыға лайық адамның тұтас келбетін көрсетеді.

Ойшыл бабамыз ел билейтін адамның қасиеттерінің бірі «адамның мүшелері мүлдем мінсіз болуға тиіс» деп жазады. Қазіргі заман тұрғысынан қарағанда ел билеушінің жұртты өзіне қаратып, тартып алатын қасиеті болуы шарт. Яғни, «харизматикалық» деген ұғымды білдіреді.

Ресейдің бұрынғы Президенті, мар­құм Борис Ельциннің: «Сіздердің сөзі қай жерде де өтетін, келбетті Нұрсұлтан Назар­баевтай Президенттеріңіз бар ғой. Сондықтан да Ресей мен Қазақстан ара­сындағы барлық мәселені нөлдік жағ­дай­да шештік», деп Кремльде айтқан сөзі Елбасының харизматикалық бет-бей­не­сінің айғағы емес пе?!

Биліктегі адам «жаратылысынан өзіне айтыл­ғанының бәрін жете түсі­не­тін, айтыл­ған сөзді сөйлеушінің ойын­да­ғы­сын­дай және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек».

Мұны да қазіргі жағдайға салып қарасақ «халық сөзін еститін және тың­дай­тын» адамның бейнесін көреміз. Ел тұтқасын ұстаған Қ.Тоқаев бір жыл­дың ішін­де өзі­нің халықтық, білімді және білікті саясаткер еке­нін дәлелдеді.

Казіргі әлемдік індет, коронавирус та­рап отырған кезде де Президент Қ.Тоқаев халықтан ештеңені жасырған жоқ. Қиын сәтте халықтың сөзін сөйледі. Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Қазақстанның бар­лық буынына көмек көрсетілетінін айт­ты. Өзін-өзі қам­та­масыз ететін адам­­­дар да осы санатқа енді. Олардың көп­­­ші­лі­гі ауылдық елді мекен­дерде тұ­ратыны белгілі. Сондай-ақ зейнет­кер­лер де қам­қор­лықтан тыс қалған жоқ. Көк­тем­гі егіс ке­зіндегі жағдайға орай қан­дай көмек көр­сетілетіні туралы да сындарлы сөз айтты.

Данышпан бабамыз «Өзі түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрсе­лер­дің бәрін жақсы сақтайтын, бұлардан еш нәр­се­ні ұмытпайтын болу керек» деп ескерт­кен еді.

Байыбына қарап, бағамдасақ мұның ар жағында өз сөзіне өзі жауап беретін, сөз бен ісінде алшақтығы жоқ адамның бей­не­сі келеді.

Әл-Фараби жазады: «...Әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей, алғыр да, аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт». Яғни, алғырлық, аңғарымпаздық, ақылдылық сынды қасиеттер басшының бойында неғұрлым көп болса, соншалықты халқының да жағдайы жақсы болады.

Ел билеуші бойында тағы бір қасиет болуы қажет. Билеуші «өткір сөз иесі және түйгенінің бәрін айдан анық айтып бере алатын тілмар болуы шарт». Әрине, бұл қасиет кез келген билеушінің қолынан келе бермеуі мүмкін. Мәселе сөзуарлық туралы болып отырған жоқ. Айтқанына жұртты иландыра алатын шешен де, көсем де болатын тұлғаға лайық ұғым. Би-шешендерден қалған сөз – соның айғағы.

Біздің заманымыздан бұрынғы, шамамен 620-555 жылдары өмір сүрген Анахарсис қалдырған мына жолдарға назар аударалық:

Менің бар жамылғым –

Сақтың шапаны,

Етігім – аяғымның терісі,

Таңғы асым мен түстігім –

Сүт, ірімшік және қуырдақ,

Сусыным – су.

«Халқымның сұлтаны емес – ұлтаны­мын» деген сөз осындай замандардан қал­ған жәдігер.

Күлтегін айтады:

Сонау бастан, о бастан,

Бір-біріне жарасқан,

Жаралғалы қара жер,

Жаралғалы Көк Аспан,

Естеми мен Бұмынның,

Адамзаттың бағы асқан.

Төрт бұрышы дүниенің,

Соларменен санасқан.

Бүкіл түркі әлемі,

Екеуіне қарасқан.

Міне, қаншама жылдар, ғасырлар ауыс­са да ұлы тұлғалардың есімі өшкен жоқ. Есі­мдері тарихта қалды.

Бұқар жырау бабамыз Хан Абылай ауы­р­ып жатқанда көңіл сұрай барып:

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан,

 ханым-ай,

Қайырусыз жылқы бақтырған,

ханым-ай,

Қалыңсыз қатын құштырған,

ханым-ай,

Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,

Сонда қалар ма екен қайран,

жаның-ай»

де­ген сөздің ар жағында Абылай ханға деген халық махаббаты тұр.

«...Өнер білімге құштар болу, оқып үй­ренуден шаршап шалдықпай, осыған жұм­­салатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған жететін болуы керек» дейді әл-Фара­би.

Бұл – ұлағат. Бабамыздың ойын тереңі­­рек түсіну үшін ұлы Абай хакімнің қырық бірін­ші қара сөзіне жүгінген жөн.

– Қазаққа ақыл керек, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек, – дейді хакім Абай. – Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолын­да бар кісі керек».

Ал жарлық кімнің қолында болады? Әри­не, билік иесінде. Басында бақ, астында тағы бар адамның қолында болмақ. Сол жарлықты Абай бабамыз халықты оқыту, білім-ғылымға үйрету үшін жұмсау керек деп біледі. «...Дүниеде көп есепсіз ғы­лымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп, сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жас­тар жетіп, бұл аталары қартайып, сөзден қалғанда түзелсе болар еді».

Әл-Фараби бабамыздан қалған мұ­ра­ны Абай хакім де аманат, ұлағат етіп біз­ге тас­тап кетті.

Бүгінде қос данышпанымыздың өсие­ті орындалып жатыр. Оның куәсі болып отырмыз. Дарынды бала­ла­ры­мызға ар­налған мектептер бар, На­зар­­баев Зият­кер­лік мек­теп­тері жұ­мыс істейді. Он үш мыңнан астам талант­­ты қыз-жігіт әлем­нің озық уни­­вер­ситет­те­рінде білім алып келді. Қа­зір олар жоғары билікте, эконо­ми­­када, сая­сатта, бизнесте, квазисекторларда жауап­ты жұмыстар атқарып жүр.

– «...Тағамға, ішімдік ішуге, сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болуы керек, жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт» деген сөздерді де әл-Фараби үл­кен лауазымды қызметкер сақ­танатын қа­сиет деп есептейді.

Мемлекетті басқару бақытына ие бол­­ған адамның қаперінен шықпайтын тағы бір маңызды шарт бар. Ұлы ойшыл «...шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік – жалған мен суайт­тарды жек көруі керек, жаны асқақ және ар-намысын ардақ­тай­тын болуы шарт, оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болуға тиіс» деген сөздердің еш уақытта ескірмейтін, өшпейтін мұраты бар.

Кез келген билеуші қасына жаны таза, ары таза, шындықты жақтайтын, ешкімнің ала жібін аттамайтын адамдар жүруі керек деп есептейді.

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момыш­ұлы: «Шындық бар ма?» деген сұраққа былай деп жауап берген ғой: «Шындық бар. Бірақ шындыққа шырылдап жетем дегенше өсек пен өтірік алдыңды өртеп жібереді».

Ойшыл, данагөй бабамыз «Қайы­рым­ды қаланың» басшысы бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі оның адалдығы деп біледі. Оқиық: «...дирхем, динар атаулыға жалған дүниенің басқа да атрибуттарына жирене қарауы керек, жаратылысынан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен оз­быр­лықты және осылардың иелерін жек көру керек».

«Алтын көрсе періште жолдан таяды» деп халық бекер айтпаған ғой. Осы ойды ғұлама әрі қарай тереңдете түседі. «...жақын­дарына да, жат адамдарға да әділ болып, жұртты әділдікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне өз білігінше жақ­сылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет, әділ болу керек, бірақ қыңыр болмауы керек». Нағыз ұлттық философия ос­ы. Адамзаттың бәріне қажет құндылық және ұлағат.

Бұл ойды әл-Фарабидің замандас­тары да, к­ейінгі данагөй ойшылдар да айтқан.

Ж.Баласағұни өзінің атақты «Құтадғу білік» атты ізгілік кітабында былай дейді:

«Турашыл ер – тілі шындық,

 тыңдалық

Түгел сөздің түп атасы – туралық.

Тура жүр де зұлымдықты жебеме,

Қараны аққа, қараға ақты

теңеме демей ме?

Ұлы Абай бабамыз Отыз сегізінші қара сө­зінде «ынсап, ұят – бұл ғаділеттен шы­ға­ды» дейді. Бұл – ойшылдар үндестігі.

Әл-Фараби берік шешім айта алу би­леу­ші­ге тән қасиеттердің бірі деп есептейді. «...Қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін, ба­тыл, ержүрек болу керек» деген сөзі осы­ның айғағы.

Әл-Фараби ілімін түсінуге талаптана отырып «Қайырымды қала» басшысы болу үшін қандай қасиеттер керек екенін білдік. Бірақ осылардың бәрі бір адамның бойын­да болуы мүмкін бе? Бұған данышпан әл-Фарабидің өзі жауап береді. «Кімде-кім туған кезінен бастап және жас жеткіншек ша­ғында жоғарыда аталған шарттарды бойына дарытқан болса және есейгеннен кейін басқа алты шартқа сай келетін болса, бірін­шісінің орнын басатын екінші басшы сол болады».

Міне, өмір осыны дәлелдеп отыр. Саяси сыннан өткен, әлемдік өркениет жолы дамуының негіздерін біле­тін, сая­си сарап­­шы, Сыртқы істер ми­­нистрі, Үкімет басшысы, Сенат Төра­ғасы, Біріккен Ұлттар Ұйы­мының жетек­ші­сі­нің орынбасары бол­ған Қ.К.Тоқаев­тың Мемлекет басшысы болып сайлануы осындай сындарлы сыннан өт­кен­дігінің көрінісі.

Ғұлама ғалым ел басқаруға лайық адам­ның тағы алты қасиетін алға тартады. Олар «дана болу», «заңдарды, ережелер мен әдеп ғұрыптарды жадын­да сақтап жетік білу, өзінің барлық іс-әрекетін осыларға сәйкес жүргізу», «бұрынғылардан тиісті заң сақтамаған жағдайда, бірінші имандардың (Ата заң – У.Қ.) үлгісімен әрекет жасай отырып, бұл жөнінде тапқырлық көрсету», «...болашақ оқиғаларды да қалаған ке­зінде танып біліп отырарлықтай тап­қыр­ да білгір болу, өзінің осындай іс-әрекет­терінде ол халық­тың әл-ауқатын жақ­сартуды мақсат етуге тиіс», «...өзі бел­гі­ле­ген заңдарды орын­дауға жұртты өз сөзімен жігерлендіре білу», «әскери істерді жүргізу үшін қажетті дәре­­жеде қайратты болу, оның бер жағында әске­ри өнерді қызмет бабындағы өнер ре­тін­де және билеуші өнер ретінде біліп алу».

Данагөй ғалым, данышпан ретінде әл-Фараби бабамыз ойға ой қосады. Ал осы алты қасиет бір адамның бойында болмаған жағдайда не істеуге болады? Осыған орай ойшыл төмендегідей қорытынды жасайды. «...Егер осы қасиет­тер бір топ адамның бас­тарына бөлек-бөлек біткен болса, сөйтіп бірін­де даналық, екіншісінде тағы бір қасиет, үшіншісінде тағы бір, бесіншісінде тағы бір, алтыншысында тағы бір қасиет болса, онда осы адамдар өзара келіскен жағ­дайда, бәрі де қайырымды басшылар бол­мақ».

Кез келген мемлекет тарих сынынан өтеді. Біздің еліміз де ауыр сындарды ба­сынан өткізді. Елтұтқа болған адамдар ха­лық­ты талай тығырықтан алып шықты. Біз Егемен, Тәуелсіз мемлекет ретінде саяси сахнаға шықтық. Әлем мо­йын­дады, өркениетті отыз елдің сана­ты­на қосылуды мұрат етіп отырмыз.

Тарихи, әдеби мұраларымызды зерт­теп, зерделеп жатырмыз. Әл-Фара­би ба­ба­мыздың ұлы мұраттары да жаңа за­ман­ның жаңа адамдарын қалып­тас­ты­ру­ға, тәр­биелеуге ықпал ететіні сөзсіз.

Әл-Фарабидің даналық ойларын ана тілімізге аударған Қ.Сағындықов, М.Жанғалин, М.Ишмухаммедов сияқты сөз зергерлеріне жас ұрпақ риза ғой деп ой­лаймын.

Хакім Абай:

Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге,

Көкірегінде болсын көз – дейді.

Бабалар рухы асқақтап, қазақ елінің Көк байрағы желбірей берсін.

 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері