Францияның «Pernel Media» телекомпаниясы түсірген «Алтынқазған» ғұрыптық-жерлеу кешені жайлы деректі фильмнің премьерасы Discovery Science арнасынан алғаш рет көрсетілді. Фильмде Еуропа тарихында терең із қалдырған даңқты қолбасшы Еділ қағанның тарихнамасы мен жорығы туралы кеңінен баяндалады.
Батыс Рим империясына қарсы Аттиланың жорығы қанша дәуірді артқа тастаса да тарих беттерінде жаңаша көрініс табуда. Рим империясының тағдыры қыл үстінде тұрған бұл кезең Орлеан қаласының түбіндегі атақты Каталаун шайқасымен тұспа-тұс келеді. 100 мың әскермен римдіктерді ойсырата жеңген ғұндардың шығу тарихы қалай өрбиді? Тарихтағы ең қуатты империяны қалай басып алды? Міне, «Аттиланың жасырын қабірі» (Attila’s Forbidden Tomb) атты деректі фильм осы тәрізді оралымды сауалдарға жауап іздейді. Туындының басты жаңалығы, құпия жағдайда қаза тапқан Аттила патшаның жоғалған қабірі табылуы мүмкін.
France 5 қоғамдық-танымдық телеарнасымен бірлесіп түсірген ғұндар туралы деректі фильмнің бас режиссері әрі сценарисі Лорен Порте. Түсірілім тобы 2019 жылы Маңғыстау өлкесіне арнайы келіп, Алтынқазған діни-қабірлеу кешенін зерттеу бойынша археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан болатын.
«Алтынқазған» кешені 2010 жылы Ақтау қаласынан 100 км қашықтықта табылған. 2017 жылы жергілікті археолог А.Астафьев Новосібір мемлекеттік университетінен келген Ресей археологы Е.Богдановпен бірлесе киелі орында зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Археолог Астафьевтің пікірінше, кешен антик дәуірі мен ерте орта ғасырлар аралығында пайда болған. Аумағы 130 гектар болатын кешеннен жалпы саны 200-ден астам нысан анықталған. Олар бірнеше түрлі тас құрылыстар мен топырақ жамылған 5 қорғанға біріктірілген. Қорғандардың биіктігі шамамен 1,2 метр болса, диаметрі 30 метрге жетеді.
Фильмнің Қазақстандағы түсірілім жұмыстарын үйлестіруге қатысқан Бекболат Төлегеннің айтуынша, Алтынқазған кешенін зерттеудің маңызы өте зор, өйткені дәл осы кезеңде қазақ рулары алғаш пайда бола бастаған. «Түркі әлемінің маңызды тұлғасына арналған фильмді түсірудегі ерен еңбек отандық археологымыз Андрей Астафьевке тиесілі. Ең қызығы, аталған туындының түсіріліміне мемлекет тарапынан бір тиын да кеткен жоқ. Осымен бұл Қазақстан туралы әлемдік экранға шыққан бесінші фильм», дейді ол.
Ғалымдардың пікірінше, Алтынқазған сынды аса ауқымды кешеннің дәл Маңғыстаудан табылуы таңғалдырарлық жағдай. Табылған заттардың аналогтары – Халықтардың ұлы қоныс аударуы дәуіріне жататын Еділ бойы, Кавказ маңы, Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы ескерткіштер деп есептеледі, алайда Қазақстан аумағында бұрын-соңды дәл мұндай ескерткіш табылмаған.