Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жастар жылының ашылу салтанатында жарияланған тапсырмасына сәйкес «Жас маман» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасының құрамына кіреді.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 ЖОО-ын жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу. Жоба аясында шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және «Атамекен» ҰКП қатысуымен «Жас маман» жобасын іске асыру жөніндегі комиссия құрылған. Жоба аясындағы барлық шешімдерді Комиссия талқылап, қабылдайды. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімін анықтады. Айта кету керек, 180 колледж және 20 ЖОО іріктеу сапа көрсеткіштері бойынша конкурстық негізде жүргізілген. Колледждерде кадрларды дайындаудың халықаралық стандарттарын енгізу үшін шетелдік серіктестер тартылады. Олармен бірлесіп кадрларды дайындау бағдарламаларын жаңарту, оқытушыларды даярлау және оқу орны мен менеджмент процестерін жетілдіру бойынша жұмыс ұйымдастырылған.
Сонымен қатар 2020 жылы 80 колледжді заманауи жабдықтармен жарақтандыруға республикалық бюджеттен 25,8 млрд теңге қарастырылған. Халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа жабдықтармен, бағдарламалармен колледждерде оқуды бастау ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, ал қалған 100 колледжді келесі жылы жабдықтау жоспарланған.
Колледждерді жабдықтауға арналған жабдықтардың тізімі жергілікті атқарушы органдар мен колледждердің ұсыныстарына, жұмыс берушілердің талаптары мен WorldSkills стандарттарына сәйкес жасалған. Жабдықтарды сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатынын айта кетсек дейміз. «Жас маман» жобасы нәтижелерінің іске асырылуы барлық мүдделі тараптардың қатысуымен бақыланады.
Жобаны жүзеге асырушылардың сөзінше, салалық халықаралық стандарттардың енгізілуіне байланысты кәсіпорындардың жұмыс істеп тұрған қызметкерлерін олардың талаптарына сәйкес оқыту және қайта даярлау бөлігінде кәсіпорындармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатылады. Бұл колледждерге компанияның оқу/тренинг орталығы ретінде қызмет етуге мүмкіндік береді, осылайша колледждің одан әрі дамуына қосымша бюджеттен тыс кірісті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ құзыреттілік орталықтарының базасында жастарды инновациялық және стартап-жобаларға тарту үшін бизнес-инкубаторлар/технопарктердің жұмысы ұйымдастырылады, онда тартымды жобаларды қаржыландыру үшін бизнес орта шоғырландырылатын болады.
Мысалы, 2019 жылы «APEC PetroTechnic» (Атырау) жоғары колледжіне түсуге құжаттарды Қазақстанның барлық өңірлерінен 3 мыңға жуық адам тапсырған.
«Жергілікті мұнай сервистік компанияларға жаһандық брендтермен бәсекелесудің қиын болуының бірден-бір себебі – кадрлар біліктілігінің төмендігі. Егер қазақстандық оқу орындары халықаралық стандарттар бойынша кадрларды бірден даярлайтын болса және жұмыс берушілерге жалға алу алдында жас мамандарды «қосымша оқуға» және сертификаттауға тура келмесе – бұл қазақстандық компаниялардың бюджеттеріне түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады, сондай-ақ жергілікті студенттер еңбек нарығына біраз тартылар еді», деп атап өтті «Petrocouncil» мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңестің жетекшісі Асылбек Джакиев.
Ал Schlumberger компаниясы Қазақстанда жыл сайын APEC түлектері арасынан студенттерді жұмысқа орналастыру үшін тестілеу өткізеді.
«АРЕС түлектері жыл сайын тестілеуге қатысып, ағылшын тілінің жеткілікті білімін, кәсіби дағдылары мен ақпараттық технологияларды көрсетеді. Мысалы, студенттердің көпшілігі әлем бойынша мұнай өндіруші компанияларды пайдаланатын Petrel және Eclipse бағдарламасын біледі. Білім жақсырақ болғандықтан, маманды дайындауға аз уақыт жұмсаймыз, яғни сапалы дайындық APEC түлектерін біздің компаниямызда жұмысқа орналастыру мүмкіндігін арттырады», дейді Қазақстандағы Schlumberger HR менеджері Айжан Жанғожина.
Сонымен қатар APEC PetroTechnic оқытушылары OPITO сертификаттаудан өтіп, халықаралық стандарттарға сай бағдарламалар бойынша жұмыс істеуде. Бұл қазақстандық жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, өз кезегінде Қазақстанның барлық мұнай-газ саласының дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Тарихы бай қазіргі заманғы және алдыңғы қатарлы қазақстандық мұнай компаниясының бірі «Ембімұнайгаз» жыл сайын аталған колледждің 50-ге жуық студенттерін дуалды оқыту мен практикаға шақырады. Компания студенттерге жұмыс берумен қоса, бағдарламаларды, жабдықтарды жаңартуға және оқытушылар құрамына арналған тағылымдаманы ұйымдастыруға көмектеседі.
«APEC Рetrotechnic студенттерінің артықшылықтарының бірі – колледждің заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген шеберханаларында жұмыстың практикалық дағдылары арқылы өндірісте жұмыс істеуге кірісуге дайын болуы үшін шынайы өндіріс процесі жасалған. АМӨЗ кәсіби өндірушілері студенттерді практикамен ғана қамтамасыз етіп қоймай, процестерді өзгертіп, жақсартқысы келетін талантты жастардың идеяларын дамытады», дейді «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС HR менеджері Әсел Жайлашева.
SPE Atyrau Section 2020 президенті Берік Уап АРЕС студенттерінің SPE өміріне белсенді қатысуы қуантатынын жеткізіп, студенттер сала кәсіпқойлары арасында өз жобалары үшін менторларды тауып, әлеуетті жұмыс берушілермен танысуға тамаша мүмкіндік алатынын атап өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, сәтті тәжірибенің нәтижесінде APEC PetroTechnic Жоғары колледжі «Жас маман» жобасы аясында Қазақстанның басқа 180 колледжін жаңғырту үшін үлгі болды дейді.