Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында 4,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілгенін тілге тиек еткен болатын.
Енді ағымдағы жылдың 13 мамырдағы жағдай бойынша 2,7 млн-нан астам қазақстандық төтенше жағдай режімі кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге мөлшерінде екінші рет төлем алды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше төлемді есептеу үшін алғашқы ай ретінде 16 наурыздан бастап 15 сәуір аралығында алынған. Екінші ай 16 сәуірден 11 мамырға дейін есептелген.
Яғни 16 сәуірге дейін өтініш берген азаматтар төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер тағайындау ережесінде көрсетілген шарттарды сақтай отырып, «42 500 теңге» төлемге екінші айда да үміткер бола алады. Ал 16 сәуірден бастап 11 мамыр күні сағат 18.00-ге дейін өтініш берген азаматтар бір рет төлем алуға үміткер бола алады.
Тағы бір айтары, төтенше жағдай режімінің тоқтатылуына байланысты 2020 жылғы 11 мамырда сағат 18.00-ден бастап «42 500 теңге» төлемін тағайындауға жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды.
Жоғарыда көрсетілген мерзімге дейін келіп түскен барлық өтініштер белгіленген тәртіппен қаралатын болады және өтініш төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан төлемдер тағайындау қағидаларында көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда «42 500 теңге» әлеуметтік төлем тағайындалады және төленеді.
Бұрын берілген өтінішті қарау мәртебесін 42500.enbek.kz сайтынан білуге болады.