Тарихи тақырыпта тыңнан түрен салған көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиялары – ел тарихын көркемдікпен түгендеудің үлгісі. Жазушының «Көшпенділер» трилогиясынан кейін «Алтын Орда» трилогиясын жазуы, оның қазақтың халық болып, Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуын көркем туынды арқылы жан-жақты бейнелеуге ұмтылғанын байқатады. Жазушының екі трилогияға жеті ғасырлық тарихтың елеулі оқиғаларын сыйғыза білуі, оның тарих бедеріндегі маңызды әрі басты көріністерді дөп баса білгенін көрсетеді. Оның тарихи туындылары қазақ тарихындағы елеулі кезеңдерді бейнелеген құнды туындылар.
Жазушы «Көшпенділер» трилогиясына арқау болған деректерді 1943 жылдан бастап тірнектеп жинаған: «Көңілімде, іс жоспарымда халқымыздың бес жүз жылдық тарихын қамтитын трилогия болып қалыптасты. Бірақ трилогияны ең соңынан бастауыма себеп болды. Ең алдымен тіршіліктің кейбір тауқыметін тартқандықтан ба, үшеуін бірден қамтып жазуға өмірім жете ме, жетпей ме деп қауіптендім. Содан болар халыққа, болашақ үрім-бұтаққа айтпақ болған ойымның тарихи оқиғаларға деген жазушылық тенденциям мен позициямның айқын көрінісі болған басты темір қазығым – «Қаһар» еді. Егер алдындағыларымды айта келіп, көксеген негізгі ойыма қол жетпей қалса, өмір бақи арманда, орны толмас өкініште өтуім мүмкін ғой. Ойға алған, көңілге түйген трилогияның ең әуелі соңынан бастап жазылу сыры осы еді», деп өз ойын анық білдіреді.
І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында оқиғалардың сюжеттік желісі шебер тартылған, кейіпкерлер образы терең суреттелген, қоғамдық жағдай мен тарихи оқиғалар бір-бірімен жымдаса байланысқан, бұл жазушының шығармадағы көркемдік тұтастықты сақтап, шығармашылық шеберлікті жақсы меңгергенін көрсетеді. Трилогияда көптеген жанр тоғыса орныққан. Бұл ретте трилогияның хроникалылығымен қатар, танымдық, мифтік, эстетикалық, мағлұматтық, шежірелік, көркемдік, фольклорлық сипаттарын нақты мысалдар арқылы көрсеткіміз келеді.
Жазушы трилогияда қазақ тарихындағы ел билеушілер мен ел қорғаған батырларды, от тілді, орақ ауызды ақын-жырауларды, қарапайым халық өкілдерін, тарихи, мәдени, саяси оқиғалар мен сол кезеңдегі заң-құжаттарды көркем шығарма көкжиегінен қалыс қалдырмау мақсатында архив құжаттары мен тарихи деректерді тірнектеп жинақтайды, сұрыптайды, сөйтіп ең маңызды деген оқиғаларға мән беріп, терең тоқтала суреттеп, кейде санамалап кетуді жөн көреді, яғни тарихи шығарманың эпопеялық үлгісін жасауды басты мақсат тұтып, халық тарихын толықтай қарастыруға мән берген.
Трилогияда мағлұмат көп берілген, егер туынды өткен ғасырларда жазылған болса, оны тарихи дерек ретінде пайдалануға да болар еді. Жазушының тарихшыға тән көрегендігі мен байқағыштығы ұшқыр ой қуатымен сабақтаса өрілген.
І.Есенберлиннің шежірелерді шебер пайдалануы бес жүз жылдық тарихты айналып кетуге болмайтын, дегенмен атап өтетіндей маңызы аздау кейбір оқиғаларды шежірелік баян үлгісімен айтып кетуі – оның тағы бір шығармашылық қыры. Қаламгер трилогияда мифтік шығармаларды, яғни ежелгі моңғол аңыздарын, қазақ аңыз-әпсаналарын, ертегілерін, айтыс үлгілерін, жырларды мол пайдаланған, бұл ретте тарихи құжаттарды мифтік шығармалармен бекіту әдісі ұтымды шыққан. Жазушы монологтік баянға көп орын берген, себебі бұл белгілі бір биікке көтерілген кейіпкердің, мысалы, ел билеушінің, өзгемен ойласпайтын, өзінше кесіп-пішетін, шешімін соңынан айтатын қасиетін көрсетеді.
Архаизм сөздерді тауып, оның мән-мағынасын ашу, әдет-ғұрып ережелеріне, тұрмыстық жағдайларға, жаугершілікке байланысты қағида, тәртіптерге, табиғат ерекшеліктеріне баса назар аударып, тарихқа қылау түсірмей, шынайы жазу І.Есенберлиннің дарындылығын, шеберлігін танытады. Қазіргі филологиялық зерттеулерде көркем мәтіндердегі жекелеген лексикалық бірліктердің немесе лексикалық қабаттардың (соның ішінде көнерген сөздердің) ерекшеліктеріне, әдістеріне және статистикалық мінездемелеріне зор мән берілуде, себебі тіліміздегі көнерген сөздерде тарихи ақпараттар сақталған.
Жазушы шеберлігінің тағы бір қыры табиғат құбылыстары мен тұрмыстық жағдайларға қатысты тіркестерді образды қолдана білуінен көрінеді: «түксиген қабағынан қыраулы қыстай кәрін төгіп», «өкпе-ашуын толғай кетті», «Жейхұн өзеніндей тасыған жыры үшін», «тұсаған жылқыдай өрісіңді кеңіттірмей» («Алмас қылыш»), «тұншыға безерген дүние», «алтын тұғырға қонған ақ сұңқардай», «безек қаққан ұшқыр ойы», «кермиық сар дала өлік тәрізді үрейлі, моладай азынаған суық», «бозғылт шөл», «сала құлаш көк құрыш алдаспандар», «аш бүркіттей шүйілді», «қанжардай тырнағымен жыртқан қанды көз барыстай», «нардай қара айғыр», «қазандай қара дулыға», «ақ көбік атып, долдана тасыған өзен», «жұдырықтай тастар», «кәрі бүркіттей тұғырда отырып қалған қарт жырау», «қамыс құлақ, бөкен сан жүйрік», «құлан қомдас бота тірсек сүлектен жаратылған будан» («Жанталас»), «төңірек сандықтан суырған гауһар тастай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге енді», «сүмбілдей сәйгүлік жүйрік», «шайқала ырғалған жорға», «қайыңның безіндей берік, қазан тастай шомбал, төртбақ келген біреу», «есік пен төрдей, ай табанды жайма жал қаракөк айғыр», «кескен қара томардай келте қара сұр жігіт», «суық кекесін», «лақа бас, білектей жуан, қайрақ тас түстес тау жыланы», «бас бүйендей өлексесін салбаң еткізіп топ еткізді», «қардай опырылып ат үстінен құлап түсті», «қышқаштай жабысқан темір саусақтар», «шойындай ауыр шомбал дене», «құлаштай сілтеген қамшы», «боз торғайдай кішкентай болғанмен, биік ұшар халқым бар еді», «өзен жыландай сумаң қағып ағады», «сүмбідей сұлу бедеуінің үстінде қорғасын құйған құлжа асығындай берік отырған жас жігіт», «көзінде бір сәуле жалт етті де, кенет үрлеп сөндірілген білте шам жарығындай жоқ болды», «бие сауымындай кеңесу», «күншығыс жақты сынық тағадай қоршай көмкерген кәрі Қаратау алыстан қара қошқылданып көрінеді», «екі көзі оттай жайнап, күре тамыры білеудей болып, кең тамағы торғай жұтқан қурай жыланның көмейіндей ісіп кетті», «бәйгеге шапқан жүйріктей, жыр желісінен маңдай тері бұршақтап ақты», «сүйек тиген төбеттей ұпайым түгел деп өз бетіне кетпейді», «жаңа туған айдай толықсыған Арқаның жас сұлуы», «мысықтың мұртындай түксиген сирек қасы», «салпы ерінді аузын қисаңдата шайнағанда саршұнақтың құйрығындай жіңішке ұзын мұрты едірең-едірең ете қалды», «жараланған қасқырдай тіпті долданып алды», «мұрты ұйқыдан оянып керілген мысықтың құйрығындай тікірейе қалды», «аңшы қуып жеткен еліктің лағындай зәресі ұшып, тостағандай көзі шарасынан шыға жаздай жаутаңдаған», «арбаған жыланға таяған торғайдай жақындай берді», «жағалтайды ілген қара бүркіттей», «жаңа туған қозының елтірісіндей қара қошқыл бұп-бұйра шаш», «сүліктей қара су жорға», «кәрі қылыш – карательный отряд» («Қаһар»).
Ауыз әдебиетінің жанрлары – аңыз, ертегі, әңгімелердің профессионалдық әдебиетке өз ішінен қаншама өзгеріс жасап келе жатқанын есте тұту шарт. Бұл тек қазақ әдебиетіне ғана емес, әлемдік әдебиетке де тән құбылыс. Осы заманғы жазба прозалық, әсіресе романдар мен повестердің бірталайында тікелей ертегінің, мифологиялық ситуациялардың араласып жүретінін көреміз. І.Есенберлиннің тарихи трилогиясында әлгіндей аңыздаулар айрықша көркемдік элемент болып қосылған. Белгілі творчестволық мақсат тұрғысынан шығармаға енгізілген ертегілік қабаттар ірі идеяларды, тың бейнелерді көрсетуге қолайлы.
«Алмас қылыш» романындағы Әбілқайыр, Жәнібек, Керей, Қасым, «Жанталас» романындағы Абылай, Әбілқайыр, Барақ, Нұралы, «Қаһар» романындағы Кенесары сынды ел билеушілер тұлғасы айбынды жасалған. Жыраулық поэзияның көрнекті өкілдері жазушының «Көшпенділер» тарихи трилогиясында ел тағдырын ойлаған абыз, ел билеушілердің кеңесшісі ретінде көркем бейнеленген. Тәуке, Хақназар, Абылай хандардың маңына топтасқан Бұқар жырау, Шалкиіз жырау сияқты алты алашқа аты шыққан атақты жыраулар бейнесі шын мәнінде бізге жеткен аңыздар мен ауыз әдебиеті үлгілері негізінде жасалған. Жазушының шеберлігі сонда – ол тарихи тұлғаның болмыс-бітімін халқы қалай қаласа, солай жасап бере алған нағыз көркем туындының хас шебері екеніне көзіміз жетеді. І.Есенберлиннің тарихи трилогияларында аузы дуалы, сөзуар, сөздері мірдің оғындай өткір қазақтың би-шешендер бейнесі бір шоғыр.
«Көшпенділер» трилогиясын батырлар бейнесінің жиынтығы деуге болады.Жазушы тарихи уақыт пен кеңістікті қолдана отырып, өткен күннің оқиғаларын кейде монолог, кейде айтыс өнері, кейде сұхбат түрінде беруге ден қояды. Бұл – тарихи шығармаға тән қасиет. Ал романды талдауда қолданылған салыстырмалы-тарихи әдіс шығарманың сюжетінде жазушының суреткерлік қиялының тарихи материалмен тығыз байланыста екенін айғақтайды.
І.Есенберлин трилогияның өн бойында тарихи фактілердің ізін жоғалтып алмау және жалаң деректілікке ұрынбау үшін әрқилы әдіс-тәсілдерді қолданған. Мұнда кейіпкердің монологын («Алмас қылыш» романындағы Әбілқайыр ханның ұзақ толғанысы, «Жанталас» романындағы Бұқар жыраудың Абылай хан туралы ойлары), тарихи оқиғаларды бейнелеу үшін диалогты (Қотан жырау мен Қазтуғанның айтысы), көпүнділікті (Әбілқайыр ханның өз қызымен кенет кездескендегі ханның, Саян батырдың, Гүлбаһрамның ойлары арқылы оқиғаны шиеленістіруі; Шах-Будақтың асында Саян батыр қашып кеткендігі туралы хабарды естігенде Қобыланды батырдың, Ақжол бидің, Әбілқайыр ханның ишарат-қимылдары арқылы Асан Қайғының ертеңгі күннің күмәнді екендігі туралы ойға келуі), дәстүрлі емес коммуникацияны қолдануы (Шыңғыс ханға Жошының өлімін естірту үшін домбыраны пайдалануы), халықтың салт-дәстүрінің оқиғаны сөзсіз ұғындыратынын көркем бейнеленуі (Ақжол батырдың қаралы ордасының сипаты: «Орданың сырты қандай болса, іші де сондай қан жылаған екен. Алтын, күміспен зерлеген қара сырлы уық, кереге, бақан. Абажадай қара шаңырақтан жерге салбыраған қара шуда жіптен өрген шашақты тұжырма. Үй іші адамның зәресін алып, құтын қашырғандай…»; Әбілқайыр ханның Жәнібек пен Керейді аң аулауға шақырғандағы екі топтың киім киісі, адамдар саны, олардың бет-бейнесін суреттеу арқылы ханның шын ниетін көрсетуі; Жағанның отауына келгенде әйелінің өз жүрісі арқылы ханға деген сүйіспеншілік сезімін білдіруі) жазушының шеберлігін көрсетеді.
Трилогияда нақты жылдарды көрсету, кейде құжаттардан үзінді келтіру секілді деректілік көп кездеседі, бұл жазушының осыншама ұзақ уақытты бір кеңістікке сыйғызу үшін жасаған әрекеті секілді. Себебі трилогияда уақыт бір орында тұрмайды, оқушы ХV ғасырда отырып, кейіпкерлердің монологы немесе диалогы арқылы одан бірнеше ғасыр бұрынғы кеңістікке түсіп кетеді, немесе жазушы нақты тарихи тұлғаларды бейнелегендіктен, абыздардың түс жору әдісі (Бұқардың Абылайдың түсін жоруы, Кенесарының түсі) арқылы болашақтағы, кейіннен тарихта нақты орын алған оқиғаларға көшеді, яғни трилогияда кеше – бүгін – болашақ уақытының тізбегі қолданылған. Жазушы уақыт көшінің үздіксіздігін де, бір сәттілігін де сипаттаған.
Жазушы трилогияға бес ғасырлық оқиғаны сыйғызу үшін фольклорлық, эпикалық уақыт пен кеңістікті пайдаланады. Фольклорлық уақыт – көркем шығарманың уақыты, фольклорлық қиял тарихи шындық болғандықтан, ол көркем шығарманың шеті мен шегін сақтайды. Эпикалық уақытта баяндау сарыны басым, жазушы оны әрқилы жаңа формаларға енгізіп, шеберлік көрігінен өткізіп баяндайды. Фольклордың прозалық түрінің көркем шығармаға кірігуі, жазушы қаламының күшімен көркемдікке ұласуы – оның шығармашылық жетістігі.
Қаламгер макрокеңістік пен микрокеңістікті қатар бейнелеу тәсілін шебер қолданады. І.Есенберлин кейіпкерлерінің көпшілігі тарихи тұлғалар, немесе солардың прототиптері болғандықтан, тарихи оқиғаларды бейнелеу арқылы жазушы әр кейіпкердің микроәлеміне үңіле кетуді жөн санайды. Кейіпкер образын толық ашу үшін қажетті детальдарға мән береді, мысалы оның ата-бабасын, қоғамдағы алатын орнын, атақ-дәрежесін, тұрмыс-тіршілігін, киім киісін немесе сөз саптауын шығарманың қажетті жеріне арқау етеді. Бұл ретте автордың ата дәстүрі мен салттарын суреттеуде шеберлік танытатынын баса айтуымыз қажет.
«Көшпенділер» трилогиясы уақыт пен кеңістік тұрғысынан қарастырғанда күрделі туынды, мұнда хронотоптың көптеген түрлері кездеседі. І.Есенберлин трилогияда тарихи оқиғаларды суреттеуде уақытты және кеңістікті шектемей, өткен заманның оқиғаларын жылжымалылығы, ауытқуы тұрғысынан эпикалық кеңістік пен эпикалық уақытта шебер бейнелейді. Яғни шығармада қилы-қилы шегіністер, ретроспективті монологтар, баяндаулар осы эпикалық баянды жүзеге асыру үшін қолданылған.
Көрнекті жазушы Ә.Нұршайықов: «Қаһар» шықпаса, «Көшпенділер» трилогиясы тумас еді. «Алтын Орда» трилогиясы да жазылмас еді. Онда қазақ әдебиеті гректердің «Иллиадасы» мен «Одиссеясы» сияқты екі мәңгілік кітаптан мақұрым қалар еді», деп бір ауыз сөзбен әділ бағалаған тағылымды туындылардың әрқайсысы – төл тарихымыздың көркем беттері, сондықтан қаламгердің бұл арнадағы еңбектері ұрпақ тәрбиесіне қосылған елеулі үлес. Оны осы тұрғыдан келгенде ұлтын сүйетін ұлт жанашыры және ұлт жазушысы деуге болады.
Заманының заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин қазақ тарихи әдебиетінде қозғалмаған тақырыпта қалам тартып, тыңнан түрен салды. Тоталитарлық жүйе мен кеңестік идеологияның құрсаулы цензурасынан тайсалмай, ұлтшылдық жаласына ілігуден қорықпай қазақ тарихындағы ел билеушілердің, билер мен ақын-жыраулардың, халық батырларының тұлғасын сомдауды өзінің Азаматтық міндеті деп санады. Қазақ халқының ұлағатты салт-дәстүрі, терең мағыналы ғұрыптары, атадан балаға жалғасып келе жатқан этнографиялық биік мәдениеті Азамат жазушы қаламымен сәнді, нақышты, өрнекті тұскиіздей өрілді. Дана халқының бай фольклорлық мұрасы мен ауыз әдебиеті үлгілерін, шұрайлы тілін дәріптеу арқылы талайлы тарихын бедерлеу жазушының азаматтық парызының биігі саналады.
Мира Балтымова,
филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті
Ақтөбе